Кандидатқа қажет нұсқаулық

Жарияланды
Қазақстандық сайлаудың ерекшеліктері қандай?

Қазақстанда президенттікке кімдер үміткер ретінде ұсынылатыны  қызу талқыланып жатыр. Ықтимал үміткерлердің қатары әр күн сайын жаңа есіммен толығуда.

Қалай кезектен тыс президент сайлауы өтетіні белгілі болды, содан бері әр күн сайын әлеуметтік желілерде бірқатар азаматтардың сайлауға түсіп, елдегі ең биік қызметті иелену жолында жарысып көрмек ниеті байқалып қалады. Үміткерлердің арасында кәсіпкерлер де, заңгерлер де, журналистер мен жазушылар да бар. 

Ұсыну 

Жалпы, кез-келген адам Қазақстан президенттігіне үміткер бола алады. Ешқандай шектеу жоқ. Алайда бір ғана ниет аздық етеді. Тіпті әлеуметтік желідегі мыңдаған виртуалды досың қанша жерден көпшік қойып жатса да, ресми түрде бұндай үміткерді ешкім тіркемейді. Мемлекет басшылығынан үмітің болса, елдегі «Сайлау туралы» заңды қатаң сақтауың керек. Үміткерді ұсыну құқығына тек ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркелген республиқалық қоғамдық ұйымдар ие, өзін-өзі ұсынушылар үміткер бола алмайды. 

Саяси додаға саяси партиялардың атынан түскен ыңғайлы, қазіргі кезде Қазақстанда тіркелген партиялардың саны – жетеу. Соның ішінде тек алтауы жұмыс істеп жүр. Ал жетінші партия – «Азаттың» қызметі туралы 2013 жылдан бері ештеңе естілмейді. 

Партиялардан бөлек, республикалық деңгейдегі қоғамдық бірлестіктер де өз үміткерлерін ұсына алады. Елде бұндай РҚБ-лардың қатары қалың, тек түрлі одақтардың саны 20-ға жетеді. Енді тек солардың басшылығымен келісіп, РҚБ съезін өкізу ғана қалады. 

Бұдан басқа да маңызды шарттарды естен шығармаған жөн. РҚБ ұсынып отырған үміткердің соңғы 15 жылда ҚР аумағында тұруы, жоғары білімді болуы, мемлекеттік тілді меңгеруі және мемлекеттік қызметте 5 жылдық қызмет өтілі болуы керек. 

Үміткер өзінің саяси додаға түсетіні туралы 28 сәуірге дейін нақты жариялауы тиіс. 

Қол қою  парақтары 

Үміткер Орталық сайлау комиссиясы РҚБ-ның кандидатты ұсыну туралы хаттамасына сай, кандидаттың сайлау түсуге келiсiм беру туралы өтiнiшiн және сайлау жарнасын төлегенін куәландыратын құжатын растағаннан кейін, 2 күн ішінде берілетін қол қою парақтарын толтыруы керек. Бұл парақтарды  11 мамыр күні сағат 18:00 дейін тапсыру қажет. Бұдан бөлек, өзіндік шарттары да бар.
 
Біріншіден, үміткер өз жақтастарының 118 140 түпнұсқа қолын жинауы тиіс. Сонымен қатар, аталмыш үміткерді қолдайтын әр адам жеке куәлігінің нөмірі мен сериясын ғана емес, сондай-ақ уақытша немесе тұрақты тұратын мекен-жайын да көрсетуі қажет. Басқа үміткерді жақтап тағы да қол қоюға болмайды. Екіншіден, жиналған қолтаңбалар өңірлердің кем дегенде үштен екі бөлігін, сондай-ақ Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтанның сайлаушыларын тең дәрежеде қамтуы тиіс.

Мемлекеттік тіл 

Президент лауазымына апарар ұзақ жолдағы бұл кезеңге үміткерді Орталық сайлау комиссиясы қол қою парақтарын толық тексергеннен кейін жібереді. Ол қандай да бір қаржылық шығынды қажет етпейді. Дегенмен, бұл – үміткерлердің жүйкесіне салмақ салатын кезең. Ең алдымен тәжірибелі лингвисттер үміткердің мемлекеттік тілде қаншалықты еркін сөйлей алатынын тексереді. Ешкім ешкімнің басынан сипамайды. Әрбір үміткер комиссия берген тақырыпта көлемі 2 беттік шығарма жазып, 3 беттік мәтінді дауыстап оқып, көпшілік алдында 15 минуттық баяндама жасауы тиіс. Бұл кезеңнен өту оңай емес, алдыңғы сайлауларға түскен көптеген үміткерлер тура осы кезеңнен сүрініп жатты. 
 
Үміткерлерді лингвистерден кейін дәрігерлер тексереді, бұл – қазақстандық сайлау үрдісіне кейіннен кірген жаңалық. Ол сайлау заңнамасына 2017-2018 жылғы өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде енгізілген. 2019 жылдың сәуірінде жаңартылған және нақтыланған ереже бойынша, президенттікке үміткерлер Альцгеймер, Пик, Крейцфельд-Якоб, Гентингтон және Паркинсон сынды аурулармен ауырмауы керек. Ал ішкілікке салынған, нашақор, галлюциноз, шизофрениямен ауыратын жандарды тіптен қарастырмайды, яғни  үміткер жалпы саны 107 ауру түрімен ауырмауы қажет. 

Жарна 

Осы кезеңге жеткен үміткер толыққанды президенттікке кандидат атанып, оған сәйкес куәлік беріледі. Кандидат ресми тіркелмес бұрын, өз табысы туралы декларация өткізуі тиіс. Бұл оның заңдық жағын да қамтиды. Оған қоса, Орталық сайлау комиссиясына төленетін жарна туралы да естен шығармаймыз, ол  ең төменгі жалақының  50 еселенген көлеміне – 2 125 000 теңгеге тең болуы керек. Егер кандидат сайлауда жеңіліп, бірақ сайлаушылардың 5 пайыз дауысын жинаса, ол бұл ақшасын қайтарып ала алады. Ал 5 пайызға жетпесе, оның жарнасы мемлекет қазынасын толықтырады. 

Қаржыландыру 

Үміткер куәлігін алғаннан соң, ең бір жауапкершілігі мол және қауырт кезең басталады. Үміткер 11 мамыр мен 7 маусым аралығында бүкіл Қазақстанды аралап, сайлаушылармен кездесуі қажет. Электоратпен кездесуден бөлек, билборд орналастырып, ақпараттық парақшаларды шығарып, т.б. ақпараттық-насихат жұмысын бастайды. Орталық сайлау комиссиясы әрбір үміткердің ақпараттық-насихат компаниясына ел қазынасынан 7,5 миллион теңге бөледі. Ақпарат үшін айта кетейік, Алматы қаласында 1 билбордты бір айға жалға алу құны 200 мың теңгеден басталады, ал Нұр-Сұлтанда – 150 мың болса, Таразда 60 мың теңге сұрайды. 

Осы бағаларды ескерсек, кандидаттарға қосымша қаржы қажет болатын сыңайлы. Үміткерді ұсынып отырған қоғамдық ұйым (510 миллион теңгеге дейін) мен ел азаматтары, өзге де ұйымдар оған демеуші болып, қаржылық қолдау көрсете алады. Олар ерікті түрде тағы да 673,5 миллион теңгеге дейін қосымша қолдау көрсете алады. 

Бақылаушылар 

ҚР президенттігіне үміткер оған қоса, дауыс беруді бақылаушылардың еңбекақысын беруі керек. Сайлау күні де үміткер үшін оңайға соқпасы анық: сол күні таңғы сегізден дауыс беру үшін келген электорат санын санап тұруы қажет. Оған қоса, дауыс санау кезінде де өзі болуы талап етіледі. Дауыс санағы түн жарымға дейін созылуы мүмкін. 

Әлі де кеш емес

Дегенмен, 28 сәуірге дейін әлеуметтік желілер мен ақпарат агенттіктері Қазақстанның президенті болғысы келген тағы бірнеше кісінің аты-жөнін жариялауы мүмкін. Олардың кейбірі үміткер куәлігіне ие болу үшін «Сайлау туралы» заң талап ететін 40 жасқа да толмауы да ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз