Тағы үш министрлікте орынбасарлар саны ұлғаяды

Опубликовано
Қазіргі таңда 10 млн-нан астам қазақстандықтар электрондық үкіметтің қызметін пайдаланады

Жақын уақытта индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика және ішкі істер министрліктерінде «цифрлық» үш вице-министрді тағайындау жоспарланып отыр. Бұл турасында үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Асқар Жұмағалиев хабарлады.

Жалпы, оның айтуынша, электрондық үкіметті енгізу 2018 жылы 218 млрд теңгені, ал 2019 жылғы 9 айда 305 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берген. 

«Мемқызметтерді оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия қызмет көрсетушілермен бірлесып, 723 мемқызметті сарапқа салған. Нәтижесінде, комиссияның ұсынысы бойынша 556 жол картасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Жол карталарын жүзеге асыру қазірдің өзінде қағаз түріндегі құжатайналымын 70 миллион құжатқа қысқартып, 8 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді. Жылдың соңына дейін электрондық қызметтерді санын 80%-ға жеткізу жөніндегі жұмыстар аяқталмақшы. 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90% автоматтандыру жұмыстары аяқталады», — деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 10 млн-нан астам қазақстандықтар электрондық үкіметтің қызметін пайдаланады.

Естеріңізге салсақ, 2018 жылы жаңа технологияларды тиімді пайдалануды енгізу үшін бес министрлікте (денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік-еңбек сласы, цифрлық даму және салық-кеден қызметі) «цифрлық» вице-министрлер  тағайындалған, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда цифрландыру офистері қалыптастырылған болатын.

Читайте также