Неліктен шаруа қожалықтары cүтті мал өсіруға қызықпайды?

Жарияланды
Бұл қадамға барғандар ферма құрылысына қажетті қаржыға қол жеткізе алмай жүр

Ғалымдардың айтуынша, Батыс Қазақстан облысының сүт шаруашылығы ескі жүйемен дамып келеді. Ірі шаруа қожалықтары сүтті мал ұстауға құлықты емес, өйткені бұл – шығыны мен машақаты көп тірлік. 

Ниет бар, қаржы жоқ

Ірі қара өсіретін шаруа қожалығының  (бұндағы ірі қара 850 бас, ал жаздыгүні 1300-ге дейін жетеді) басшысы Киікбай Айдарәлиев 1200 бас ірі қараға арналған сүт фермасын салуға ниетті. Бұл ниетін аймақтық инвестиция тарту жөніндегі кеңесте қаңтар айында мәлімдеген-тұғын. Оның айтуынша, Ringo milk жобасының құны 3,9 млрд теңгені құраса, соның 60 пайызын (шамамен 2 млрд теңге) Аграрлық несие корпорациясы арқылы несиеге алмақ. Жоба бойынша, сүт фермасы жылына 7 мың тонна сүт беруі тиіс. Шаруашылық өкілдері жыл басында-ақ осы сүтті өткізетін жер тауып, оралдық сүт зауыттары – «Береке» АҚ мен «Жастық» ЖШС сатып алуға келіскен еді.
 
Дегенмен, Киікбай Айдарәлиев сүт фермасының құрылысы бойынша әзірге еш жаңалық жоқ екенін айтады. «Біз әлі күнге несие ала алмай отырмыз. Аграрлық несие корпорациясы болса, олардың ережелерінде несие өтінімін қарастыру уақыты ұзаққа созылады деп жазылған дегенінен танбайды. Уақыт өтіп жатыр, ал сүт фермасының құрылысы белгісіз мерзімге кейінге шегеріліп тұр», – деп кеийді Айдарәлиев мырза. Қазір ол қажетті жем-шөп дайындав үшін суармалы шабындықты өз қаржысына қалпына келтіріп жатыр. Бизнесменнің сүт кешенін салу ниеті әлі де болғанымен, шыдамы таусылуға шақ қалған. 

Барлық сиыр ауыл тұрғындарының қорасында

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов аймақтағы 15 шаруа қожалығы сүтті ірі қара өсірумен айналысатынын айтады (өткен жылы олардың саны 13 болған). Ал 2020-2021 жылдары облыстың Теректі және Бөрілі аудандарында әрқайсысы 600 басқа арналған сүт фермасын ашу жоспарланған. Әзірге Өмірзақов мырза айтып өткендей, сүтті ірі қара малының көпшілігі ауыл тұрғындарының қорасында тұр.
 
Айталық, БҚО статистика департаментінің мәліметтері бойынша, қазіргі кезде облыста 146 мың бас сүтті ірі қара бар. Оның ішінде 22,8 мың мал шаруа қожалықтарының иелігінде болса, ал қарапайым ауыл тұрғындарының қолындағы малдын саны  – 6 есе көп, яғни, 123,2 мың бас. 

Жыл басынан бері фермерлер мен ауыл тұрғындары шамамен 76,9 мың тонна сүт сауған, оның 21,8 мың тоннасы шаруа қожалықтарына тиесілі болса, ауыл тұрғындарының қолындағы сиырлар 55,1 мың тонна сүт берген. Сүтке қатысты бұл жағдай бірнеше жылдан бері өзгермей келеді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бүкіл сүттің үштен екі бөлігін ірі шаруа қожалықтары емес, қарапайым ауыл тұрғындары өндіретінін айтады. 

Сатқан Өмірзақовтың айтуынша,  2019 жылы БҚО-дағы 7 сүт фермасына сүт өндірудің өзіндік құнын төмендету үшін, мемлекеттік қолдау ретінде 23,2 млн теңге субсидия бөлінген. (2018 жылы бұл сома екі есе аз, 45 млн теңге болса, 2017 жылы 52 млн теңгені құрапты). Сүтті ірі қара өсіруді биыл ғана қолға алған 2 ауыл шаруашылық кооперативіне осы мақсатта 2,8 млн теңге бөлініпті. Олар қаржының 1,46 млн теңгесін игерген. Мемлекет сүт фермаларының асыл тұқымды мал алуы үшін биыл 21,3 млн теңге бөлсе, оның 14,1 млн теңгесін шаруа қожалықтары игеріп үлгерген. 

Сонымен қатар айта кетсек, 2019 жылы шаруаларды мемлекеттік қолдау шараларының арасынан «асыл тұқымды аналық мал басын арттыруға» кететін шығынды жабу тоқтатылған, ал  2018 жылы фермерлерге осы мақсатта бюджеттен 19,9 млн, ал 2017 жылы 23,5 млн теңге бөлінген екен. 

Ғылыми негіз керек

Биотехнология, мал шаруашылығы және балық шаруашылығы кафедрасының доценті, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Серімбек Әбуғалиев БҚО-да бір сиыр орта есеппен жылына 1,5-1,8 мың кг сүт беретінін айтады. Ал Қазақстан бойынша бұл орташа көрсеткіш 2,3 мың келіге тең, ал асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықта 4,5 мың келіге жетіп қалады. Маманның айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы төмен көрсеткіш – Алматы, Павлодар немесе Қостанай облыстарындағыдай құнарлы, шұрайлы жайылымдардың жоқтығынан. Сондықтан сүт өндірісіндегі жоғары көрсеткішке белгілі бір шарттарды қатаң сақтағанда ғана қол жеткізуге болады деп тұжырымдайды. 

Сарапшының айтуынша, әлі ешкім  «сиырдың сүті – тілінде» деген қарапайым ақиқатты жоққа шығарған жоқ.

«Сүтті сиыр жыл бойы мал қорада құнарлы жем-шөп жеп тұруы тиіс», – деп пайымдайды Әбуғалиев мырза. 

Ал расында жағдай қалай? Ерте көктемнен күзге дейін жайылымда жүрген мал көк шөпті жеп, күніне шамамен 20-25 литр сүт береді. Ал күз бен қыста оларды құрғақ жеп-шөпке көшіріп, сауылатын сүт көлемі 10 литрге дейін төмендеп кетеді.

Серімбек Әбуғалиевтің айтуынша, өткен ғасырдың 70-жылдары итальялық ғалым Луиджи Альбертини сиыр малы жылдың төрт мезгілінде де сүтті молынан беруі үшін, арнайы технология ойлап тапқан. Ол өз фермасындағы сиырларды байлауда ұстап, оларды үнемі кепкен пішенмен азықтандырып отырған. 

Алайда біздің жағдайда шөпті кептіру қымбатқа түседі, сондықтан ғалымдар сүт фермалары үшін мал азығының басқа түрін: шөп, пішен және сүрлемді қолдануды ұсынады. Әбуғалиев мырза сүрлем алу үшін облыстағы жүгері мен жоңышқа өсетін суармалы жерлерді құнарландыру қажет деп тұжырымдайды. Сонымен қатар, облыс фермерлерін құнарлы жеммен қамтамасыз етіп отыратын құрама жем зауыты салынуы тиіс.

Қаржы салынбаса, сүт те жоқ

Ғалым сүт фермалары тек асыл тұқымды мал ұстауы қажет деген пікірді ұстанады. Сонымен қатар, сиыр қысыр қалмас үшін, міндетті түрде қолдан ұрықтандырып отыруы қажет. Сарапшы осы шарттардың бәрі сақталса, әрбір сиыр жылына 5 мың келі сүт беретініне сенімді. Бұндай тәсіл 200-дей мал басын ұстайтын, аса ірі емес шаруашылықтарда да тиімді болмақ.

«Алайда Батыс Қазақстан облысының фермерлері асыл тұқымды мал алып, өндіріске ақша салып, өз шаруашылығының көрсеткішін жоғарылату үшін ғалымдармен әріптестік орнатқысы келмейді. Олар әлі күнге ескі жүйе бойынша жұмыс істейді, сондықтан да сиырлары да сүтті аз береді. Сол себепті бұл істің болашағы ірі шаруашылықтарының қолында», – деп түйіндейді Серімбек Әбуғалиев.
 
Ғалымның айтуынша, мемлекеттің сүт өндірісін қолдауға бөлетін субсидиясы фермерлерді ынталандырмай, керісінше, тоқырауға ұшыратып жатыр. Маманның сөзіне сүйенсек, қазірге кезде субсидия мал басына төленеді, яғни, мал басы көп болған сайын, мемлекеттік қолдаудың да көлемі артады.  Алайда ғалым  бұл қаржы мал басына емес, өндіріске жаңа технология енгізгені, асыл тұқымды, сүтті сиыр ұстағаны, оларды құнарлы жеммен қамтамасыз еткені үшін төленсе, сол тиімді болатынын айтады. 
 
«Фермерлер үшін тағы бір түйкіл – сауылған сүтті өткізу.  Қазір облыстағы бірнеше ірі сүт қабылдау пункттері өз бағасы мен шарттарын қойып отыр. Сүт өндірушіге осы тұрғыда қолдау көрсетіліп, олардың өніміне сүттің майлылығына байланысты нақты бір баға белгіленуі керек», – деп түйіндейді Серімбек Әбуғалиев.

Сондай-ақ оқыңыз