Германиядан қайта оралған қазақстандық қалай кәсіп ашты?

Жарияланды
Вадим Годун қараусыз қалған ғимаратты қалпына келтіріп, ол жерде кафе ашқан

Павлодар облысы, Луганск ауылының тұрғыны аймақ жұрты келіп тамақтанып, демалысын өткізетін кафе ашқан. Германияда бір жыл өмір сүрген Вадим Годун 2017 жылы отбасылық жағдайына байланысты Қазақстанға қайта оралған. Одан кейін де шетелге кетуге мүмкіндік туындаған еді, бірақ Вадим елде қалып, өз арманын жүзеге асырып, жеке кәсіп ашуға бел буады. 

Жергілікті әкімдіктегі жұмысына қайта оралғысы келмеді. Кәсіп бастаудың түрлі жолдарын қарастырып жүргенде, 12 жылдан бері бос тұрған  асхана ғимаратына көзі түседі. 

«Оны басып кеткен қурай мен шөптің арасынан байқау қиын еді. Не істеуге болатынын ойластырып, кафе ашқан жөн деп шештім. Оның үстіне біздің ауылда да, оған жақын жатқан елдімекендерде де бұндай ештеңе жоқ», – дейді кәсіпкер. 

Несие алудың машақаты 

Ең алдымен бос жатқан ғимаратты 1,5 миллион теңгеге сатып алған. Былтырғы күз соны жөндеуге, қажетті құрал-жабдық сатып алуға кеткен. Жалпы шығын көлемі 12,5 млн теңге болса, соның 6,5 миллионы – өз қаражаты. Ақшаның қалған бөлігіне «Бастау Бизнес» бағларламасы бойынша оқып барып қол жеткізген. Кәсіпкердің айтуынша, бір айлық оқу барысында ол кәсіпкерлік негізін меңгеріп, өз жобасын қорғап, 5 пайызбен, 6 жылға несие алған. 

«Кепілге кафенің ғимараты мен жер үйді қойдық. Туған тәтем өз үйін кепілге қойып, көмек қолын созды», – дейді Вадим. 

Кәсіпкер несие бойынша жылына үш рет негізгі төлем жасайды: біріншісі –  150 мың теңге көлеміндегі пайыздық мөлшерлеме, екінші төлем 90 мың теңге болса, негізгі үшінші төлемнің көлемі – 700 мың теңге. Жеңілдетілген қарызға қол жеткізуге бір ай бойы жүгіруге тура келген. 

«Таңнан кешке дейін жүгіріп, түрлі құжат жинадым. Оңай болған жоқ. Несие алу деген машақаты көп жұмыс екен», – дейді ауылдық кәсіпкер. 

Бүгінде кафеде жұмыс істеп жатқан 5 қызметкер – жергілікті тұрғындар. Ал жақсы аспазды ұзақ іздеуге тура келген. Нәтижесінде көрші Богдановка ауылынан бір өзі аспаз және кондитер Анастасия Рудиді тапқан. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 80 мың теңге.
 
Егер коммуналдық шығындар туралы айтар болсақ, оның негізгі бөлігі электр энергиясына келеді, өйткені бұл жерде электр плитасы мен кондиционер жұмыс істейді. Жарыққа айына орта есеппен 20 мың теңге төлейді. Кафенің иесі ең алдымен келушілерге ыңғайлы болу керек деген ұстанымда.

Ең қажетті азық-түлік – етті Вадим Годун мал ұстайтын ата-анасынан алады. Осылай арзанға түседі, оның үстіне ақша да отбасында қалады.  Сүт пен жұмыртқаны ауыл тұрғындарынан сатып алады. Тек құс етін ғана облыс орталығынан тасуға тура келеді.

Келісімсіз іс жүрмейді

Келушілердің қатарын көбейту үшін кафе кез келген келісімге баруға әзір. Егер көп кісі бас қосатын жиын болса, онда тапсырыс берушіге өз еті мен арақ-шарабын алып келуіне рұқсат беріледі. 

Күнделікті және банкеттік екі меню әзірленген. Үлкен табақтағы ет тағамының бағасы – 7,5 мың теңге. Салыстыру үшін айтсақ, қаладағы кафелерде 12 мың тұрады. 

Адам басына орта есеппен 2500-3000 теңгеден шығады. Бұл ақшаға ыстық тамақ пен сусынға тапсырыс беруге болады. Ал бизнес-ланчтың бағасы 800-1200 теңге аралығында. 

«Қызмет көрсету саласындағы ең қиыны – клиенттердің тілін табу. Неше түрлі кісілер келеді. Тіпті киімге дейін ескеруге тура келеді. Десе де көпшілік бұны енді түсініп келеді», –дейді кәсіпкер. 

Бұл іске салған қаржысы кәсіпкер 2-3 жылда өтеледі деген ойда. Ол аз уақыт емес. Қазірдің өзінде адамдар кафеден WhatsApp мессенджері арқылы орын алып қояды, алдағы уақытта Instagram әлеуметтік желісінде парақшасы пайда болады.

«Әр клиенттің көңілінен шығуға тырысамыз. Егер тапсырыс беруші қаласа, балалар мерекесіне Павлодардан аниматор да шақыра аламыз», – дейді Вадим Годун.

Кәсіпкердің болашаққа құрған жоспарлары көп. Мәселен, келер жазда кафенің алдында жаздық террасса ашқысы келеді. Одан бөлек, мектеп әкімшілігі қызығушылық танытса, оқушыларға ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырғысы келеді. Оның үстіне мектеп оқушылары үзіліс кезінде асхана жиі бас сұғады екен. 

Вадимнің тек балалар емес, ересектер де келіп көңіл көтере алатын демалыс орнын құрсам деген арманы да бар. Мәселен, пейнтбол алаңын салса болады. Көптеген ауыл тұрғындары осы үшін қалаға барады. Істейтін тірлік көп екенін айтқан кәсіпкер, осы мақсатта жарты гектар жерді 9 жылға жалға алып та қойған.

Сондай-ақ оқыңыз