Павлодарлық етікші әкімге қарсы сотта қалай жеңді?

Жарияланды
Бағдат Байманқұловтың оқиғасы

Жеке кәсіпкер алақандай жер мен кәсібі үшін 2 сот сатысынан өтуге мәжбүр болған.

Кәсіпке арналған шаршымерт

Павлодар сотында  жергілікті етікші мен қалалық әкімдік арасындағы даулы мәселені қараған сот отырысы аяқталды. Жеке кәсіпкер Бағдат Байманқұлов аяқ киім жөндейтін кәсіп ашу үшін 2015 жылдың желтоқсанында аукцион арқылы бірнеше шаршыметр жерді жалға алады. Сауда орталығының қасында, адам аяғы қалың жерде орналасқан етікшінің ісі алға басып, оның қызметі сұранысқа ие болды. Шеберге тұрақты келетін клиенттері де көбейді. 

Ал 2018 жылдың тамыз айында жеке кәсіпкер дүңгіршегі тұрған жерді жалға алу мерзімін тағы 10 жылға ұзарту туралы Павлодар әкіміне арыз жазғанымен, әкімдік жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартады. Жер комиссиясы дүңгіршек тұрған жерді қарап, ол жаяу жүргінші жолын жауып тұр деген қорытынды шығарыпты. Жалға алу уақытын ұзарту арызы ««жалпы қолданысқа  кедергі келтіруіне байланысты» деген сылтаумен, кері қайтарылған. Ал былтыр жетоқсан айында әкімдік Жер қодексіндегі бірнеше бапты негізге ала отырып, арнайы қаулы шығарыпты. Алайда дүңгіршектің жалпы қолданысқа қандай кедергі келтіретіні құжатта нақты айтылмаған. 

Бағдат Байманқұлов кәсібі енді аяғынан тұрып келе жатқанда, іс бұлай насырға шабады деп еш ойламапты. Өйткені ол бәрін тек заң жүзінде жасауға тырысқан. 

«Бәрімізге бала-шағаны асырау керек. Мені бір жерден екінші жерге қуа бермес үшін, бәрі заңды болғанын қаладым. Сондықтан бәрін заң жүзінде жасағым келген. Қарызданып жүріп жерге 500 мың теңге салдым», – дейді кәсіпкер. 
Оның айтуынша, жерді жалдаған 3 жылдың алғашқы екеуі тек қарызды қайтаруға кеткен. 

«Тек үшінші жыл дегенде оң айналымға шыға бастаған едім, ары қарай жұмыс істеуге рұқсат бермей тұр», – дейді әңгімелеуші. – Әрине, егер қаланың бас жоспары өзгеріп, осы жер телімінде жол мен өзге нысан құрылысы басталса, онда «киоксты» алып тастаймыз деп ескерткен еді. Бірақ жан-жақтағы жолды жөндеп бітті, оған қоса ешқандай ғаламдық өзгеріс байқалмайды». 

Айта кету керек, қаланың абаттандыру жүйесіне кірігуі үшін, дүңгіршек тұрған жерге кәсіпкер өз есебінен жаяужол тақташаларын да төсеген. 

Шындық іздеп сотқа жүгінген 

Осы себепті кәсіпкер Павлодар облысының ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсірген. Оның айтуынша, дүңгіршегі жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына еш кедергі келтіріп тұрған жоқ. Талап-арыз бойынша жауапкер  – Павлодар әкімі Әнуар Күмпекеев пен «Павлодар қалалық жер қатынастары басқармасы». 

Істі қарау барысында кімдікі дұрыс екенін анықтау үшін, сот көшпелі отырыс өткізген. Оның қорытындысы жайлы іс материалдарында егжей-тегжей жазылған: «Шағымданушы сұрап отырған жер телімінде ешқандай өткел жоқ, дүңгіршек тротуарда тұрған жоқ, дүңгіршек тұрған жер телімі жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмейді, өйткені дүңгіршектер арасында өтетін жол бар».

Осының негізінде сот әкімдік әрекетін негізсіз деп таныды. Сот қалалық әкімдіктің аяқ киім жөндеу дүңгіршегі орналасқан жерді жалға беруден бас тарту туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы шешім шығарады.
 
«Павлодар қаласының әкіміне шағымданушының бұзылған құқығы мен заңдық мүддесін сот шешімі өз күшіне енген соң  1 ай ішінде қалпына келтіру міндеттелсін», – делінген бірінші инстациялы сот шешімінде.  

Жауап берушілердің сот шешіміне түсірген аппеляциялық шағымы да жағдайды өзгертпеді. Шешім сол күйінде қалды. Енді кәсіпкерге әкімдік қаулысының күшін жойып, жалдық мерзімді ұзартуын күткеннен басқа амал жоқ. Алайда бұның барлығы сот белгілеген уақытта шешіле қоятынына Бағдат Байманқұловтың күмәні бар: Бұндай мәселелерден хабары бар адамдар жерді жалдау мерзімін ұзартуға рұқсат алу үшін әлі талай жүгіруге тура келетінін айтады. Бірақ мен алған бетімнен қайтпақ емеспін, өйткені бұл нан тауып отырған кәсібім»,– дейді кәсіпкер. 

Ал әкімдік Жоғары сотқа жүгіне ме, жоқ па – ол жағы әзірге белгісіз. 

Ең қажеті – жер 

Аймақта жер мәселесі өткір тұрғаны күнделікті өмірде жақсы байқалады. Бұл мәселені бизнес өкілдері «Кәсіпкер сағаты» аясында қала әкімі Әнуар Күмпекеевпен тұрақты кездесу барысында бірнеше рет көтерген.
Айталық, 20 жылдан бері бір орында жұмыс істеп келе жатқан сағат шебері Юрий Кораблев көшені кеңейтуге байланысты, жерді жалға алу мерзімін ұзарта алмай, дал болып отыр. Есесіне қала әкімі Әнуар Күмпекеев оған басқа жер телімін таңдауды ұсынған. 
 
Ал «Мед Прииртишья» ӘПК басшысы Сергей Трофимов экотуризм үшін жер теліміне қол жеткізе алмай жүр. Оған жер телімі тіпті қаладан емес, иесіз қалған саяжайлардан керек. Алайда бұл арманды жергілікті әкімдіктің көмегінсіз жүзе асыру мүмкін емес, өйткені қазір бүкіл жерді есепке алып, түгендеп жатыр. Омарташы заң бойынша комиссия құрылып, олар жерді есепке алып, бүкіл құжаттарды сотқа ұсынуы керектігін айтады.
 
«Содан соң сот жер өз мақсатында пайдаланылмағаны жайлы шешім шығарып, оларды тендерге шығарады»,– дейді Сергей Трофимов. 

Әзірге кәсіпкерлерді еститін шенеунік болмай тұр.

Сондай-ақ оқыңыз