Кәсіп ашқысы келген семейлік тұрғын қалайша қомақты қарызы бар борышкерге айналды?

Жарияланды
Әсия Аралованың оқиғасы

Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданының тұрғыны шағын кәсіп ашамын деп, несиесін өтемей жүрген облыстағы ең ірі борышкерлердің қатарынан қалай шықты? Бұл несие оқиғасының егжей-тегжейін «Курсив» анықтап көрді. 

«Курсив» газетінің редакциясына семейлік Әсия Аралова көмек сұрап келген еді (бұрынғы фамилиясы – Батырхан). Ол 2016 жылдан бері «Жол картасы–2020» бағдарламасымен берілген 3 миллион теңге несиенің жеке басына еш қатысы жоқ екенін дәлелдей алмай келеді. 

Бәрі неден басталды?

Әсия Аралованың айтуынша, 2014 жылдың жазында оған туысқан әпкесі хабарласып, несие алуды ұсынған. Бұл әпкесінің жолдасы Көкпекті ауданындағы «Талды-Несие»  несие серіктестігі басшысы қызметін атқарған. 

«Туысқандарым маған үстемақысыжылдық 7 пайыз болатын 500 мың теңге көлемінде несие алуды ұсынды. Мен келістім. Ол үшін маған «Самарское» ауылында тіркеуге тұрып, есепшот ашып, қажетті құжаттарды беруім керек еді. Кейіннен есепшотымнан 3 миллион теңгені шешіп алуымды өтінді. Бірақ мен несие келісім-шартына қол қойған жоқпын», – дейді Аралова. 

Оның айтуынша, осы 3 миллионның 400 мың теңгесін оған Самарскоеда киім-кешек сататын шағын кәсіп ашуына беріпті. Алайда біраз уақыт өткен соң Әсия Семейге қайтып келіп, тауар мен ақшаны туысқандарына несиені жабу үшін қалдырып кеткен. 

Бірақ 2017 жылы кәсіпкерге сот орындаушылары хабарласып, оның мойнында 129 634 314 теңге қарыз тұрғандықтан, барлық дүние-мүлкіне тыйым салынатынын мәлімдеген. 

«Талды-Несие» несие серіктесінің 50-ге жуық қосалқы қарыз алушыларымен бірге мені де «Ертіс» ӘКК-ге борышкерлер қатарында жауапқа тартқан сот отырысы өткен. Мен бұндай соттың өткені туралы білген де жоқпын», – дейді ол. 

Мәселенің мәні 

Бұл ретте Көкпекті ауданының полициясы 3 миллион және 500 мың теңге несие берілгені және «Талды-Несие» несие серіктестігі мүшелерінің ортақ жауапкершілігі туралы келісім-шарттың көшірмесін берді. Алайда келісім-шартта борышкердің өз қолы жоқ, ал кепілдемеге үшінші тарап қол қойған. Бұл арнайы өткізілген жазу сараптамасымен де дәлелденген. Осы орайда Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімі 2017 жылы алаяқтық пен жалған қол қою бойынша қылмыстық іс қозғапты. 

Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Ертіс» ӘКК «Талды-Несие» НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен келісім-шартқа отырғанын айтады. Содан кейін бұл компания 110 кәсіпкерге жеңілдетілген шартпен несие беру туралы келісім жасаған. 

Қазіргі кезде бұл ұйымдар арасындағы келісім-шарт үзілген, 50 шақты борышкерден жалпы сомасы 129 634 314 көлеміндегі қарыз өндірілуі керек.  

«Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Эльдар Тумашиновтың «Курсивке» берген ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың қаңтарында Көкпекті ауданының №2 сотында несие серіктесі қосалқы қарыз алушыларының ортақ жауапкершілігі жөнінде қойылған 9 қолды жалған деп тану туралы сот отырысы өткен. Бұл адамдар жалпы қарызды өтеуден босатылған.
 
Алайда олардың арасында Әсия Аралова жоқ. Өйткені ол сотқа кепілдемеде қойылған қолын жалған деп тану туралы шағым түсірмепті. Дегенмен, қолтаңбаның өзінікі емес екені туралы сараптама қорытындысын ұсына отырып, сотқа шағым түсірсе, жағдайды өзгертуге мүмкіндігі бар. 

Заңгер кеңесі

Максим Мостович, заңгер:

Қазақстан сотында борышкерлердің ортақ жауапкершілігі туралы істі қарау тәжірибесі кең таралған. Менің заңгерлік тәжірибемде осыған ұқсас, қосалқы қарыз алушылар өзге борышкерлердің несиесіне кепілгер болғаны үшін жаупкершілікке тартылған істер болды. Ал жалпы қарызды дәл қазіргі кезеңде төлем қабілеті бар борышкерлерден ғана өндіріп алуы мүмкін. Ал Әсия Аралованың жағдайына келер болсақ, оған кепілдік міндеттемесіне еш қатысы жоқ екенін дәлелдеу үшін сотқа жүгініп, шағым түсіруіне тура келеді.

Сондай-ақ оқыңыз