«Мені неге жұмысқа алмайды?»: Қазақстан жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесі

Жарияланды
Сайт шығарылымының редакторы
Жастарға жұмыс табу неліктен қиын екенін Kursiv Research анықтап көрді

«Жастар – елдің болашағы, бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы» екені анық, бірақ жұмыссыз жастар болашақта үлкен мәселеге айналуы ықтимал.  ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, 2018 жылдың II тоқсанындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9%  құраған, ал  Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес (NEET индексі), осы кезеңде бұл көрсеткіш 7,7 пайызға жетіп тұр. Көрсеткіштердегі бұндай елеулі айырмашылықтың себебі неде екенін  Kursiv Research анықтап көрді. 

Ақпарат агенттіктерінің ҰЭМ Статистика комитетіне сілтеме жасай отырып жариялаған ақпараттарында Қазақстанда 2016-2018 жылдардағы жұмыссыздық деңгейі 4-5 пайыз аралығында тербеліп тұрғаны айтылады. 

Аталмыш кезеңде жастар (15-28 жас аралығы) арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды құраған. 

Ал Халықаралық Еңбек Ұйымының әдістемесі бойынша, жастардың арасында жұмыссыздық деңгейі 7,7% жетіп тұр. 

ҚР ҰЭМ Статистика Комитеті «Көрсеткіштер арасындағы айырмашылық NEET индексін есептеуде күндізгі бөлімде оқитындарды қоспағанда, жұмыс күшіне кірмейтіндердің барлығын қосудың есебінен пайда болып отыр»,– деп түсіндірді. Яғни, 3,9 пайыздық көрсеткіштегі деңгей экономикалық белсенді емес халықты ескермей есептеліп шығарылып отыр.  

Аймақтардағы жағдай қалай? 

Аймақтардағы жұмыссыздық деңгейінде айырмашылық үлкен. Статистика агенттігінің дерегі бойынша, 2018 жылдың ІІ тоқсанында Алматы, Астана, Қарағанды және Түркістан облыстарында жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ал NEET индексіне сүйенсек,  кері тізімде ірі мегаполистер жоқ, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі Қарағанды, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жоғары. 

Ал жұмыссыздық төмен аймақтар қатарына Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары кіріпті. Алайда NEET индексінің есебі бойынша, бұл – Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстары. 

Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, оңтүстік астанада жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуына ЖОО түлектерінің көптігі себеп. Өйткені оқу бітірген соң, студенттердің үштен екі бөлігі Алматыда қалады, ал кеткен студенттердің басым бөлігі бір жыл өтпей-ақ қайта айналып келеді екен. Бұл жағдай еңбек нарығына үлкен әсер етеді. 

Парламент депутаты Гүлмира Есімбаева Түркістан облысы жастары арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуын аймақта халық тығыз орнласқанымен, өңірде өндіріс орындарының аздығымен байланыстырады.   

Айта кету керек, халықтың табысы жоғары өңірлерде жұмыссыздық деңгейі де төмен. Мәселен, Атырау облысында 2018 жылдың ІІ тоқсаны бойынша орташа айлық жалақы 291,3 мың теңгені құраса, Маңғыстау облысында 267,9 мың теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтар болсақ,  Қазақстандағы орташа жалақы осы кезеңде 162,8 мың теңге болған. 

Жастар қайда жұмыс істейді? 

Жастар арасында экономикалық қызмет түрлерінің ішінде «Қаржы және сақтандыру қызметі» сұранысқа ие, бұл салада қызмет ететіндердің 33,3 пайызының жасы 28-ден аспайды (2018ж. ІІ тоқсанында бұл салада 182,2 адам жұмыс істесе, соның 60,7 мыңы –жастар). Екінші орынды «Ақпарат және байланыс» мамандығы иеленді – 31,5 пайыз (166,4 мыңнан 52,4 мыңы). Ал үшінші орында «Басқа қызметтерді ұсыну» тұр, бұл салада жастардың үлесі – 29,6%. Төртінші және бесінші орындарда «Мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру» және «Жылжымайтын мүлік операциялары» бағыттары жайғасты, бұл салаларда жастардың үлесі сәйкесінше –27,7% және 27,3%. 

Сонымен қатар, төменде келтірілген салаларда  жастардың қатары аз:  «Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу» – 17,6 пайыз (274,7 мың адамның 48,3 мыңы), «Сумен жабдықтау; кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылау» саласында  – 19,3% (73,1 мыңның 14,1 мыңы) және «Өнеркәсіп» – 20,4 пайыз (1084,2 мың адамның 221,7мыңы). 

Диплом қаншалықты маңызды? 

Жастарды жұмыспен қамту мен жұмыссыздықты төмендетуде білім деңгейі маңызды рөл ойнайды.  Тәжірибеге сүйенсек, жоғары білім салыстырмалы түрде жоғары табысты, жақсы жұмыс табуға мүмкіндік береді. 

Осы орайда, 2017 жылдың соңындағы дерек бойынша, Қазақстандағы жұмыс істеп жүрген 2,1 миллион жастың жоғары білімі бар, яғни, ел жастарының 60 пайызы оқу бітірген.  Жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар жастардың арасында жұмыссыздық деңгейі – 3,3%, орта және кәсіптік (арнайы) білімге ие жастарда – 4,2%, ал негізгі, орта, жалпы, бастауыш білімге ие жастардың арасында жұмыссыздық –4,8 пайызды құрайды. Дегенмен жоғары білімі бар жас қазақстандықтардың өздері жұмысқа орналасарда бірталай мәселелермен бетпе-бет келіп жатады. Саяси ғылым кандидаты Гүлден Жоламанованың пайымдауынша, жоғары білімді жастардың жұмыс таба алмауының басты себебі – білім беру жүйесінің нарықпен тығыз байланысының болмауы. 

«ЖОО-лардағы оқытушы-профессорлық құрам жылдар бойы өзгермейді, сәйкесінше оқытушылар беретін ақпарат пен білім беру бағыты бұрынғысынша қалады да, заман ағымына ілесе алмай, ескіріп жатады. Алған білімнің заман сұранысына сай болмауы, бітіушілердің еңбек тәжірибесінің жоқтығы – осының бәрі жұмыс берушінің көңілінен шықпайды, – дейді саясаттанушы. 

Форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынқанның айтуынша, университет мен колледждердің басым көпшілігінде «жұмысқа орналастыру кеңсесі» жұмыс істемейді. Спикердің пікірінше, Қазақстандағы білім беру – жоғары маржалы, жақсы қаржыландырылатын және беретін білімінің тиімділігі мен түлектерінің жұмысқа орналасуы үшін ешбір жауапкершілікті мойнына алмайтын бизнеске айналып кеткен. 

Жастардың өзі не дейді? 

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Курсивъпен» өз әлеуметтік зерттеуінің нәтижесімен бөліскен еді. Аталмыш зерттеуге сүйенсек, орталықтың сауалнамасына жауап берген жастардың басым көпшілігі (61,1%) жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын атаған. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан жастардың үштен бір бөлігі ЖОО мен кәсіптік оқу орнында алған мамандық бойынша орналасудың қиын екенін айтады. 

Жоғарыда айтылған себептерден бөлек, сарапшылар тағы да бірқатар мәселелерді атап өтті: жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, таныстықтың жоқтығы, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы. 

Осы орайда Kursiv Research Қазақстандағы беделді ЖОО-ның дипломын иеленген бірқатар жастармен сөйлесіп көрген еді. KIMEP түлегі Алма Өтеғалиеваның айтуынша, аталмыш оқу ордасында білім алу оған қомақты сомаға түскен. Университет бітірген соң, жұмысты ұзақ іздемей-ақ, бірден экономист болып орналасқан. Алайда айлық жалақысы бар-жоғы 60 мың теңгені құрады, бұл оның оқуға жұмсаған қаржысымен салыстырғанда, әлдеқайда аз еді. 

Тағы бір мәселе, мектеп бітіруші түлектер болашақ кәсібі туралы ештеңе білмесе де, өз ата-анасы таңдап берген мамандыққа түсе береді. Мәселен, ҚазҰУ-дың түлегі Ұлжалғас Шымырбаева 2012 жылы  «Бухгалтериялық есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуын бітірген соң, ірі компанияға 150 мың жалақымен аудитор болып орналасады. Алайда 1 ай өткен соң өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтінін, оны шығармашылық пен маркетинг қызықтыратынын түсінген. 

Жұмыссыздар қауіп төндіре ме? 

Жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаевтың айтуынша, жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімдік секілді мәселелер туындайды. 

Ал саясаттанушы Гүлден Жоламанова «жұмыссыз жастардың экстремистік және террористік топтарға еруі – негізгі қауіп» деп санайды. Бүгінде халықтың осал топтарын, әсіресе жұмыссыз жастарды деструктивті құрылымдарға әлеуметтік желі  немесе қолма-қол қаржылай көмек көрсету арқылы тартудың түрлі тәсілдері бар. 

Ал Айман Тұрсынқанның пікіріне сүйенсек, жұмыссыздық халықтың  табыс деңгейінің төмендеуі мен өмір сүру сапасының нашарлауымен тығыз байланысты, ол өз кезегінде қылмыстың өсуі және жасаруына әкеп  соғады. Жастардың өз орнын таба алмауының салдары олардың қылмыс әлеміне ұрындырып, құқық бұзушылардың қатары жасарып жатыр. Сарапшының айтуынша, Алматыда 2017 жылы сотталғандардың жартысы 15-28 жастағы жастар екен. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы Азимжан Хитахунов жұмыссыздық әлеуметтік және экономикалық тұрғыда да қауіп-қатер туындататынын атап өтті. Ғалымның айтуынша, егер біріншісі қылмыстың көбеюімен байланысты болса, екіншісі еңбек ресурстарын тиімді пайдаланбай жатқанын көрсетеді. Оның макроэкономикалық жағымсыз салдары болады. 

Жастар жұмыссыздығы мәселесін қалай шешуге болады? 

«Жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру»,– деп тұжырымдайды Айман Тұрсынқан. Сарапшының пікірінше, жастардың еңбек нарығына біртұтас интеграциялануы үшін білім беру жүйесінде әрбір кәсіби деңгей үшін бәсекелестік негіз жасалуы керек. 

«7-8 сыныптан үш тілділікті емес, бағдарламалауды енгізу қажет. Айталық, Ресей мысалын негізге ала отырып, өнеркәсіп орындарының сұранысына орай, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бағытында көп шаруа атқаруға болады. Жоғары оқу орындарында стартаптарды венчурлік қаржыландыру жүйесі дамытылып, ал білім беру жүйесінің барлық сатысы білім саласына оқушылар салатын инвестицияның өзін-өзі өтеуіне негізделуі керек», – деп пайымдайды сарапшы. 

Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары бұл мәселені  шешудің бірнеше жолын ұсынады, соның ішінде жастардың арасында еңбек құндылықтарын қалыптастыру және көтеру, жұмысшы кәсіптерді танымал етуге бағытталған ақпараттық жұмыстарды кеңінен жүргізу бар. Сарапшылардың пікірінше, жастар арасында кәсіпкерлік дағдыны қалыптастыру, университет бағдарламасы шеңберінде кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, кәсіптік білім беру сапасын арттыру, үздіксіз білім беру принциптеріне негізделген мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың баламалы тәсілдерін қолдану сынды шаралар қалыптасқан ахуалды жақсартуы мүмкін. 

Айта кету керек, жастарды жұмыспен қамту – нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік дамыту бағдарламасының басым бағыты. Осы бағдарлама аясында жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында, алғашқы жұмыс орнына орналасуы үшін, жастар тәжірибесі енгізілген, бұл уақытта еңбекақыны мемлекет төлейді, жалақысы аз болса да, маманның тәжірибе жинақтап, ары қарай жұмысқа орналасып кетуіне ықпал етеді. Ал жұмыс беруші компаниялар жалақыға шығындалмай-ақ, өздеріне лайықты кандидатты таңдай алады. 

2018 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, аталмыш бағдарлама аясындағы мемлекеттік қолдауды 56 мың жас пайдаланыпты. Жастар тәжірибесіне негізінен орта және жоғары оқу орындарында оқымаған, жоғары білімі жоқ жастар тартылған. Олар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының базасында кәсіпті тегін игеру мүмкіндігіне ие.  Қазіргі кезде қысқа мерзімді курстарға жастар арасынан 6 мыңнан аса адам жіберілді. 2018 жылы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, өңірлік даму бағдарламалары және жеке бастамалар арқылы жұмыспен қамтуға мемлекеттік қолдау көрсету аясында еңбекке араласқандардың саны  171 мыңды құрайды. Бұл жалпы қамтылуы қажет жастардың 30 пайызына тең. 

Анықтама 

Халықаралық еңбек ұйымының NEET индексі –  жастардың жұмыс істемейтін, оқуға түспеген немесе кәсіптік білім алмайтын, білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту саласынан тыс қалған (15-тен 28 жасқа дейінгі)  бөлігі және бұл жастар еңбек нарығының әлеуетті көзі болып табылады. 

Безработица-01 (6).jpg

Сондай-ақ оқыңыз