Азаматтықты ауыстыру қанша тұрады?

Жарияланды
Дүние жүзінде капиталы 30 миллион доллардан асатын байлардың үштен бірінде екінші азаматтық бар, тағы үштен бірі оны алдағы уақытта алуды жоспарлап отыр.

Жақында Қазақстанда инвестициялық резиденттіктің бағдарламасын енгізу ұсынылды: констутициялық заңға «АХҚО» туралы өзгерістер енгізілетін болса, шетелдіктерге Қазақстанда өмір сүру үшін  құны 150 мың доллар тұратын ыхтиярхат алуға мүмкіндік беріледі. Резиденттік немесе азаматтыққа инвестиция салу – әлемде кеңінен таралған тәжірибе. Оның құны қанша және қайда инвестиция салуға болатынын «Курсивъ» анықтап көрді.  

Knight Frank  мәліметтеріне сүйенсек, 30 млн доллардан жоғары капиталға ие байлардың үштен бірінің екінші паспорты болса, тағы үштен бір бөлігі алдағы уақытта оны алуды жоспарлап отыр. Азаматтықты инвестиция арқылы алу шығыны көп бағдарлама болғанымен, шетел азаматтығына қол жеткізудің ең жылдам жолы болып тұр. «Инвестиция арқылы азаматтыққа қол жеткізу  посткеңестік елдер азаматтарының арасында  үлкен маңызға ие болып, кеңінен таралып келеді», –деп атап өтті «Иммигрант Инвест» компаниясының даму жөніндегі директоры Елена Рудая.  

Қазіргі кезде ЕуроОдаққа мүше екі мемлекет – Мальта мен Кипр инвестициялық төлемдер үшін толық азаматтықты беріп отыр. Кариб аймағы да «инвестиция арқылы азаматтық алудың» түрлі бағдарламасын ұсынады. Гренада, Сент-Китс пен Невис, Сент-Люсия, Доминикан, Антигуа мен Барбуданың бағдарламалары солардың қатарында. Сондай-ақ, тұруға ықтиярхат беретін де бағдарламалар бар. Жақында Молдава мен Черногорияда осындай бағдарлама іске қосылды.  

Ал Қазақстан заңнамасы бойынша қос азаматтыққа тыйым салынған, оның үстіне ешкім де қазақстандық паспорттан айырылайын деп отырған жоқ. Дегенмен, Елена Рудая Қазақстан азаматтары арасында биыл пайда болған жаңа үрдіске назарымызды аударды:  «Біздің көптеген тұтынушыларымыз бұл мәселені былай шешті: ҚР азаматтығынан бас тартып, шетел азаматтығын ала тұрып, Қазақстанда ыхтиярхатпен шетел азаматы ретінде тұрып жатыр. Бұл ең алдымен валюталық реттеу мәселесімен байланысты»,– дейді сарапшы.   

Оның айтуынша, қазақстандықтардың арасында Мальтада тұрақты тұру құқығын алу бағдарламасы сұранысқа ие. Бұл мәртебе инвестор мен оның жанұясына өмір бойы ЕуроОдақ бойынша еркін саяхаттап, өз отбасы үшін «қосалқы қону аймағын» иелену құқығын береді.   

The Guardian мәліметі бойынша, 2017 жылы Кипр 1013 паспорт берген, олардың басым бөлігін ресейліктер иеленіпті. Traniо компаниясының сарапшылары Кипр бағдарламасына қызығушылық артып отырғанын атап өтті: биылғы ІІІ тоқсанда жабық келісімдердің саны екі есе артқан. Бұл Кипр билігінің жақындағы мәлімдемесімен байланысты болуы мүмкін: олар тапсырылатын құжаттарды тексеруді күшейтіп, жылына берілетін паспорттардың санын 700-ге дейін қысқартатыны туралы мәлімдеді.    

Кипрда жылжымайтын мүлікке инвестиция салу әрқашан ең тиімді, ұтымды саналатын. Алайда VD&A сарапшысы Александр Добринов атап өткендей, елдегі банк жүйесінің күйреуінен соң, Кипрдің инвестициялық азаматтық бағдарламасына қызығушылық төмендеген. Сонымен қатар, салыстырмалы түрде алғанда, жақында ғана іске қосылған Болгария азаматтығына инвестиция салу бағдарламасына сұраныс артып келеді.  Сарапшының айтуынша, Мальта азаматтығын алудың қымбаттығына қарамастан, ТМД байларының оған деген қызығушылығы төмендеген емес.   

Traniо компаниясының жыл сайынғы сауалнамасы нәтижесіне сүйенсек, соңғы екі жылда тұруға ықтиярхат алу үшін (ВНЖ) жылжымайтын мүлік сатып алатын орыстілді инвесторлардың қатары артқан. Бұл деректі респонденттердің басым бөлігі растаған. Tranio редакторы Анна Данишектің айтуынша, Португалия, Черногория және Испаниядағы тұрғын үйлерге сұраныс елеулі артқан. Оған қоса, сауалнама нәтижесі бойынша, Кипр, Греция және Италияда тұруға мүмкіндік беретін ыхтиярхат алғысы келетін орыстілді сатып алушылардың саны артқан деп тұжырым жасауға  болады. Ал Франция мен Латвияға қызығушылардың қатары сиреген. Айта кету керек, аталмыш елдерде тұру құқығына ие болу – азаматтық алуды қамтамасыз ететін негізгі шарт.   

Қандай нұсқа бар? 

Әлем елдерінде азаматтық алу қанша тұрады? «Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, бір мәселені нақтылап алу қажет.  

Александр Добриновтың айтуынша, БАҚ-дың көбісі, оның ішінде беделділері де азаматтықты алудың «құны» мен қандай да бір бағдарламалар бойынша қажетті инвестициялар ақысының айырмашылығын көрмейді. Ақиқатында, «құн» – мемлекеттік  салық, заңгерлік және кеңескерлік сынды қайтарымсыз шығындар – оны азаматтыққа үміткер азаматтық алу барысында төлеуі тиіс. Ал «инвестиция» – бұл үміткер таңдаған елге салуы тиіс сома, бірақ бұл салым үміткердің иелігінде қалып, оны басқара алады (оның шарттары таңдалған ел мен бағдарламасына байланысты)  Мәселен,  тұлға Мальтаның азаматтығына ие болу үшін мемлекеттік алым, баж салығы, заңгерлік қызмет құны (қайтарымсыз шығындар) ретінде 900 мың еуро төлеумен қатар, елдің жылжымайтын мүлігіне 350 мың еуро салуы тиіс. Ал Кипр азаматтығына үміткер жылжымайтын мүлікке ең кемі 2 млн еуро инвестициялап (ҚҚС қоспағанда), тағы да 80 мың еуро көлемінде құжат рәсімдеу жұмыстарына төлеуі керек. Осылайша көптеген адамдар Мальта азаматтығын алу 1,25 млн еуро тұрса, Кипрда 2,08 млн еуроны құрайды деп ойлайды. (жылжымайтын мүлік салығын қоспағанда). Сарапшының пайымдауынша, бұл есеп қате, өйткені Кипрдағы жылжымайтын мүлік үміткердің өзінде қалады да, оны біраз уақыт өткен соң, сатып жіберуіне болады.  

Tranio сарапшылары инвестиция арқылы азаматтық алудың ең танымал бағдарламаларының үздік ондығын құраған.     

Австрия шетелдіктерге азаматтығын айрықша жағдайларда ғана ұсынады. Бұл елдің төлқұжатын қысқа мерзімде алу үшін инвестиция салып қана қоймай, сонымен қатар, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосу қажет: мысалы, инновациялық технологияларды енгізу немесе көптеген жұмыс орындарын құру. Орташа инвестиция көлемі – 2 миллион еуро. Десе де, елдің инвестициялық бағдарламасы сұранысқа ие. Австрияның төлқұжаты инвесторға Австрияда ғана емес, сонымен қатар Швейцарияда немесе кез-келген ЕО елінде өмір сүруге мүмкіндік береді. 

Антигуа мен Барбуда төлқұжатын алуға мүмкіндік беретін бірнеше инвестициялық бағдарлама бар, соның ішінде ең арзаны және танымалы –Ұлттық даму қорына қаржы салу. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікке (400 мың доллар) және билік мақұлдаған  бизнес-жобаларға (1,5 миллион доллар) инвестиция салуға болады. Төрт адамнан тұратын отбасындағы бір өтініш берушіні тіркеу жарнасы 50 мың АҚШ долларын құрайды, одан бөлек, әрбір отбасы мүшесі үшін тағы 15 мың доллар төлеуге тура келеді. Ең төменгі инвестиция сомасы 150 мың АҚШ долларын құрайды. 

Гренада азаматтығын  шетел азаматтары екі инвестициялық бағдарламаның біреуі арқылы ала алады. Инвестиция салудың бірінші бағдарламасы – Гренада экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға демеушілік ететін National Transformation Fund ұлттық түрлендіру қорына қаржы салу болса (200 мың доллар), екінші нұсқа – билік бекіткен даму жобаларына инвестиция құю. Азаматтығын сақтап қалу үшін өтініш беруші жылжымайтын мүлікті кемі 3 жыл өз иелігінде ұстауы тиіс. (350 мың АҚШ доллары + 50 мың АҚШ доллары)  Доминикада да осындай талаптар. Доминика азаматының төлқұжаты аралда өмір сүруге және жұмыс істеуге, сондай-ақ, Сингапур мен Гонконгты қосқанда, 120 елдің аумағында еркін жүруге мүмкіндік береді. 

Кипр шетелдіктерге өз азаматтығын түрлі активтерге: жылжымайтын мүлікке (жер алу және құрылыс жобалары), бизнеске, инвестициялық қорларға, Кипр ұйымдарының қаржылық активтеріне немесе бірнеше мемлекеттік құнды қағаздарға инвестиция салғаны үшін  ұсынады. Қай нұсқаны таңдаса да, инвестор Кипрда құны ең кемі 500 мың еуро тұратын жылжымайтын мүлікті сатып алуы тиіс.  Инвестицияның ең төменгі шегі – 2 млн еуро. 

Мальта елі төлқұжатты Individual Investor Programme яғни, Жеке инвесторлар бағдарламасы бойынша береді. Құжатты  алу үшін инвестор Мальтада кемі 350 мың еуроға бағаланатын жылжымайтын мүлік сатып алуы немесе құны жылына 16 мың еуроны құрайтын нысанды жалға алуға міндетті.  Жұбайы мен 18 жасқа дейінгі балаларына азаматтықты  рәсімдеу үшін қосымша 25 мың еуро, ал 18-26 жас аралығындағы балалары мен ерлі-зайыптылардың ата-аналары үшін 50 мың еуродан төлеуге тура келеді. Бұдан басқа, 800 мың еуро:  650 мыңын елдің ұлттық және әлеуметтік даму қорына, ал 150 мыңын мемлекеттік құнды қағаздарға аударуы қажет. 

Молдованың төлқұжаттық бағдарламасы 2018 жылдың жазында ғана басталды. Инвестицияның ең төменгі шегі белгіленбеген, ол өтініш берушілердің санына байланысты болмақ. Осылайша, Молдава үкіметі ел экономикасына алдағы 5 жыл ішінде 1,3 млрд еуро тартуды жоспарлап отыр.  

Сент-Китс пен Невистің бағдарламасы – ең ескі, бұл елдің үкіметі 20 жылдан бері инвестиция үшін төлқұжат беріп келеді.  Шетелдіктер азаматтықты екі бағдарламаның біреуі арқылы ала алады. Жылжымайтын мүлікке инвестиция салғандар қосымша жарна төлейді: басты өтініш берушіге 35 мың доллар, жұбайы үшін – 20 мың, қалған отбасы мүшелері үшін –10 мың доллардан. Салынған инвестиция қайтарымсыз. 

Кариб аймағында инвестиция үшін азаматтық беретін ең жас бағдарлама Сент-Люсияға тиесілі. Ол тек 2016 жылы басталды. Мұнда шетелдік азаматтар құятын қаржы көлемі ең азы 100 мың долларды құрайтын  4 инвестициялық бағдарламаның бірін таңдай алады.  

Черногорияның төлқұжаттық бағдарламасы 2018 жылдың қазанынан жүзеге асырыла бастады. Қатысушылардың саны шектеулі: үш жыл ішінде тек 2000 өтініш беруші азаматтық алады. Черногорияның паспорты әлемнің 123 мемлекетіне, соның ішінде Шенген аймағына да визасыз кіруге рұқсат береді. Черногория төлқұжаты үшін кемі 350 мың доллар салу қажет.  

Prian.ru Бас редакторы Филипп Березин 2018 жылдың қыркүйегінен Түркияда 250 мыңнан қымбат  жылжымайтын мүлік сатып алғандарға азаматтық ұсыныла бастағанын атап өтті. Бұған дейін бағдарлама 1 млн доллар салым салғандарға арналған еді, бірақ сұранысқа ие болмаған.  

Кипр мен аралдағы басқа да мемлекеттердің  азаматтығын алу рәсімі 6-12 айға созылады, Мальта мен Болгарияда 1-1,5 жыл кетсе, ал Кариб аймағында 3 айдан жарты жылға дейін уақыт керек. 

Азаматтық алудың қажеті қанша? 

Сарапшылардың пікірі бойынша, ТМД елдерінің тұрғындары екінші азаматтықты жеке басы мен отбасының еркіндікті сезіну және өз болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алады. 

«Негізгі мақсат екеу, – дейді Филипп Березин.– Бірінші – кез-келген уақытта өзге елге көшіп кету мүмкіндігі. Екінші – азаматтық алған адамдардың барлығы бірден көшіп кетпейді, оларға қосымша «қону аймағын» иелену маңызды. Екіншісі бизнеспен тығыз байланысты болуы мүмкін. Өзге елдің төлқұжатын иемдене отырып, активтерді қайта құрылымдау, мұрагерлік сынды т.б. мәселелерді қиындықсыз шешуге болады».  

Ал Елена Рудая инвестициялық азаматтықты сатып алудың тағы да бірнеше себебін атап өтті, олардың ішінде еркін көшіп-қону, салықты оңтайландыру, жұмыс пен білім алуға жаңа мүмкіндіктер, тұрғылықты жерді таңдау мүмкіндігі бар.   Александр Добриновтың айтуынша, ЕуроОдақ елдерінде тұрақты тұру құқығын алу мүмкін емес, мүмкін болған күннің өзінде ол өте қымбат. Ал инвестициялық азаматтық – осы мәселенің шешімі.  

Кейбір елдер шетелдіктердің өз территориясында жылжымайтын мүлік сатып алуына шектеу қойған, сондықтан азаматтық алу – бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы болуы мүкін. Анна Данишектің айтуынша, азаматтық алған инвестор сол елдің азаматтарына берілетін жеңілдіктерді пайдалана алады.  

«Шетелдік  төлқұжат ондаған елге визасыз кіруге мүмкіндік береді, сонымен қатар, кейбір елдерде Кипр төлқұжатын иеленген кісіге деген көзқарас ресейлік төлқұжаты бар адамға қарағанда әлдеқайда жақсы болуы мүмкін», – дейді сарапшы.  

Тұруға ықтиярхат, тұрақты тұрғылықты жер мен азаматтық 

Тұруға ықтиярхат, тұрақты тұрғылықты жер мен азаматтық беру ұғымдары көпшілік үшін толық түсінікті емес. Әрбір мәртебенің ерекшелігін жеке-жеке талдау қажет. Tranio компаниясының заңгері Екатерина Шабалинаның сөзіне сүйенсек, әр елдің қос азаматтық, тұруға ыхтиярхат, тұрақты тұрғылықты жер ұғымдарын анықтайтын өз ережелері бар.  

Елена Рудаяның түсіндіруінше,  Тұруға ықтиярхат дегеніміз (ВНЖ) – сіздің жеке басыңызды куәландырып, ел аумағында бегілі бір уақыт аралығында тұруға құқық беретін, уақыты біткен соң мерзімі ұзартылуы тиіс құжат. Визадан айырмашылығы, ол ұзақмерзімді және елге кіріп-шығу саны жөнінен шектеу қоймайды. Тұруға ыхтиярхатты бірнеше жолмен рәсімдеуге болады: жаңа жұмыс орындарын ашатын компанияны тіркеу, некеге тұру, жұмысқа орналасу, отбасын біріктіру, білім алу, ғылыми қызметпен айналысу немесе инвестиция салу.  

Жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы тұруға ыхтиярхатқа ие болу – қазіргі кезде кеңінен қолданылатын механизм. Henley & Partners жыл сайын инвестиция арқылы тұруға ыхтиярхат алу бағдарламаларының рейтингісін жасайды. Биылғы рейтингтің алдыңғы үштігінде Автрия, Португалия, Италия ұсынған бағдарламалар тұр. Бұл елдерде өмір сүру сапасы жоғары және елдің абыройы да жақсы.  

Тұрақты тұрғылықты жер (ПМЖ) мәртебесі – иесінің жеке басын куәландырып, мерзімі шектелмеген уақытта сол елде өмір сүруіне, жұмысқа орналасуына, бизнес жүргізуіне құқық беретін құжат. Тұруға ыхтиярхаттан айырмашылығы – бұл мәртебе иесінің азаматтығы бар азаматтар иеленетін құқықтарды пайдалануға құқығы бар. Оны 5 жылда бір рет создырып отыру қажет.  

Тұрақты тұру мәртебесі, әдетте, елде өмір бойы қалуға мүмкіндік береді және азаматтық алудағы кезекті қадам болып саналады. Бұдан басқа, тұрақты тұруға құқығы бар тұлғалар, негізінен, медициналық сақтандыру және әлеуметтік жәрдемақы алады, – дейді Филип Березин. Егер өтініш беруші бұған дейін бірнеше жыл тұруға ыхтиярхат бойынша тұрақты тұрып келсе, мәселен, Португалияда 5 жыл, Швейцарияда10 жыл, онда оған тұрақты резиденттің мәртебесі беріледі.  

Еуропада тек Кипр мен Мальта, кейбір жағдайларда Австрия ғана инвестиция арқылы тұрақты тұру мәртебесін рәсімдеуді ұсынады.  

Азаматтық – адам мен мемлекеттің өзара ортақ міндеттері  мен құқықтардың жиынтығынан қалыптасатын екі тарап арасындағы тұрақты заңды байланыс. Сол елдің тумасы болмаса да, басқа жолмен алынған азаматтық жергілікті тұрғындармен бірдей құқықтар мен еркіндіктерді пайдалануға мүмкіндік береді. Азаматтықтың тұру ыхтиярхаты мен тұрақты тұру мәртебесінен басты айырмашылығы – ол өмір бойына беріледі, оны жаңартып отырудың қажеті жоқ, бүкіл отбасына рәсімдеуге болады. Еуропада Кипр мен Мальтада тұру ыхтиярхаты мен тұрғылықты тұру мәртебесін алмай-ақ, бірден азаматтық рәсімдеуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, туған елінің азаматтығынан бас тартуды да талап етпейді, яғни, қос азаматтық алуға рұқсат. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстанда қос азматтыққа тыйым салынған.  

Шектеулі жауапкершілік 

Kursiv Research жоғарыда жазылған материал тек ақпараттық бағыт ұстанатынын еске салады, айтылған ұйымдардың активтері бойынша қандай да бір келісім жасауға шақырмайды, ұсыныс тастамайды. Жарнама емес. 

Гражданство за бабло_Монтажная область 1 (4).jpg

Сондай-ақ оқыңыз