Шымкентте асханалар желісін қалай ашуға болады?

Жарияланды
Адхам Умаровтың бизнес-кейсі

«Каравай» асханалар желісінің иесі Адхам Умаров, қазіргі кезде миллиондаған кіріс кіргізетін кәсібін бастау үшін, жалғыз көлігін кепілге қоюға тура келді дейді.

Ең маңызды екі жыл

Кәсіпкердің айтуынша, кез келген кәсіп қайталаудан басталады. Ол кезде Шымкентте кондитерлік желілер аса танымал еді, сондықтан жолдасы екеуі кәсіпті дәл осы істен бастағанды жөн көреді. Әйелі жұмыс істейтін мектептің қарсысында 30 шаршы метрлік орын жалға берілетін. 

«Осы жерді 2 жылға жалға алуға келіскенімізбен, қалтамызда көк тиын жоқ еді. Туған-туыс пен банктер қарыз беруден бас тартты. Жақында ғана несиеге алған Газельді кепілге қоюға тура келді. Қайта кепілге қойылған көлік үшін банк 2 мың доллар берді. Осы ақшаға аз-маз жөндеу жұмысын жүргізіп, қажетті құрал-жабдық пен ыдыс-аяқ алдық. Біз тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендіктен, екі жыл бойы тексерушілердің төбесі көрінсе, қорқып жүрдік», –дейді Адхам Умаров.

Шағын кондитерге күніне 100-150 адам бас сұғатын еді. Орташа чек 300 теңгені құрайтын. Екі жылдан кейін сол жердің иесі жалдық ақыны екі есе қымбаттатып жіберіп, Умаровтар отбасы басқа ғимарат іздеуге мәжбүр болады. Осы  екі жылда олар салған қаражатын ақтай алмады. Есесіне мол тәжірибе жинақтады.
 
«Екі жылымыз қалай ақша табу керек, оны тауып қана қоймай, қалай дұрыс жұмсау қажеттігін түсінуге кетті. Оған қоса адамдармен қалай тіл табысып, жалдаған жұмысшыларды жұмыс істету керектігін білдік», – деп еске алады кәсіпкер. 

№2 талпыныс

Кәсіпкерлер көшкен орын қаланың орталығына таяу, адам аяғы қалың жерде орналасады. Ол кәсіпкердің алдындағы қарызын жауып, тағы да  он мың доллар несие алып, екінші нүкте ашуына мүмкіндік береді.
 
«Алдағы екі жылда ақша таба бастағанымыз сол еді, бойымызға батылдық бітті. Жыл сайын жаңа нүкте аша бастадық. Ал олардың саны 6-ға жеткен кезде, түрлі қиындық туындай бастады. Қанатын кеңге жайған бизнесті дұрыстап басқару керек еді. Бірақ оған біздің біліміміз жетпеді. Қол астымыздағы қызметкерлердің саны 200-ге жеткен, оларды дұрыстап басқара алмағандықтан, бизнес бақылаудан шығып кетті. Бұл азарт бізге қымбатқа түсіп, 1 млн долларымыздан айырылып қалдық. Сондықтан мен 3 жыл бұрын білімімді жетілдіруге шешім қабылдадым», – деп еске алады Адхам Умаров.

Қазіргі кезде бизнесмен командамен жұмыс істеу қажеттігіне сенімді. Табыс кіре бастағаннан-ақ, жоспар құрып, өсіп, алдыға жылжу керек. Алайда таныссыз, коммуникация мен идеясыз, өзгелермен мықты қарым-қатынас орнатпай, жақсы бизнес құру емес деп тұжырымдайды кәсіпкер. 

«Идея көп болғанымен, оны жүзеге асыратын, жұмыс істейтін ешкім жоқ. Сондықтан біз 2 жыл бұрын алғашқы франшизамызды шығардық. Бізде бөлшек сауда жоқ, сондықтан серіктестерімізге табыстың бір бөлігін бердік. Кәсіпкер болам дейтін кез келген адам бізге келе алады. Оған біз асхана ашуға көмектесеміз, жұмысын қалай жүргізу керектігін үйретеміз. Иә, бірден көп ақша таппасcыз, дегенмен екінші сатыға көтерілу үшін бастапқы капитал жинай аласыз», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі кезде Шымкетте бір атаумен 12 асхана жұмыс істейді. Тіпті 1 адам ғана жұмыс істейтіндері де бар. Бұндай асхана күніне 300-400 адамға қызмет көрсетіп, орташа чегі 500 теңгені құрайды. Тарату бөлімі жұмыс істейтін асханалар да бар. Бірақ оларды басқару қиын, оның үстіне шығыны да көп. Сондықтан олардан ақырындап бас тартуда. 

«Бұрын бір нүктені ашуға шамамен $200–300 мың доллар кететін. Бұл қаржы 4-5 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайды. 

Қазіргі кезде бір асхана ашу үшін 3-5 млн теңге қаржы қажет. Қалада 12 нүктеміз жұмыс істейді, алайда олардың бәрін мен емес, кәсіп бастаушылар ашқан. Қазақстан бойынша айына 1-2 нүкте ашылып жатыр. Алдағы 2 жыл ішінде асханалар желісін Қазақстан бойынша 500-ге жеткізгіміз келеді, сондай-ақ франшизамызды шетелге сатсақ деген жоспарымыз бар», – деп өз пікірімен бөлісті кәсіпкер. 

Оның айтуынша, 3 млн теңге ғимаратты жөндеу мен құрал-жабдық сатып алуға кетеді. Әрбір нүктеден ай сайын ең азы  – 3 млн, ең көбі – 15 млн теңге кіріс кіреді. Орташа чек 500-700 теңгені құрайды. Әзірге жас кәсіпкерлерге ұсынылатын тегін франшиза Қазақстанда жоқ, алайда 2020 жылдан бастап кәсіпкер франшиза сатуды қолға алуды жоспарлап отыр. Ол шамамен 500 мың теңге тұрады. 

«12 асхана жылына 500 млн теңгеге сауда жасайды және олардың саны қарқынды өсіп келеді. Менің міндетім  – барлық жеткізушілер мен сатушыларды бірегей жүйеге біріктіру. Мен ортақ хаб ретінде жұмыс істеймін», –деп күледі Адхам Умаров.

Кәсіпкер өзіңізге ұнайтын кәсіппен айналыссаңыз, онда бәрі ойдағыдай болатынына сенімді. Умаров мырзаның ойынша, кез келген кәсіпкер үшін ең басты шарт – өз кәсібіңді жақсы көру.

Сандар сөйлесін…

Кәсіпкер болғысы келетіндердің тек 10% мақсатына жетеді. 100 кәсіпорынның бес жылдан кейін 99-ы жабылып, тек 1%-ы аяғынан тұрып кетеді екен. Табысты бизнесмендер де банкротқа ұшырайды. 100 әрекеттің үшеуі сәтсіз болады.

Сондай-ақ оқыңыз