«Қазақмыс» корпорациясының бас директорына ота жасалды

Жарияланды
Пышақ сілтеген адам өзіне өзі қол салған

Жан сақтау бөліміне түскен «Қазақмыс» ЖШС кен-байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловқа ота жасалынды, қазір оның жағдайы қалыпты деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі. 

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, кеуде тұсынан жарақат алған Мініғұлов корпорация қарамағындағы медициналық орталыққа жеткізілген. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап,  қазір ол жан сақтау бөлімінде жатыр, пациенттің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.

Ауруханаға бас директормен бірге оның әріптесі жеткізілген. Ол жеңіл-желпі жарақат алған, пышақ жүзі терісін тіліп өткен. Оның да жағдайы қалыпты. 

Бұған дейін ақпарат құралдарында «Қазақмыс» ЖШС кен-байыту кешенінің бас директоры Амагелді Мініғұловқа шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған еді.

А.Мініғұлов пен кәсіпорынның дамыту жөніндегі директоры С.Тембаевқа «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының басшысы Тоғызбай Тәжбеновтың пышақ сілтегені хабарланған болатын. 

Бас директормен сөзге келіп қалған кәсіподақ басшысы 5 минуттан соң, қарумен қайта оралып, оқ атқан. Атқан оғы тимеген соң, пышақ ала жүгірген. Тоғызбай Тәжбенов сол жерде өзіне өзі қол салған. 

Қарағанды облыстық полициясы бұл деректі растап, қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС –  Қазақстандағы ірі мыс өндіруші кәсіпорын. Компания мыс пен басқа да пайдалы қазбаларды іздеу, барлау, өндіру, байыту, қайта өңдеу және экспорттаумен айналысалды. Катодты мыс өндірісінен басқа, компания алтын және күміс құйма, күкірт қышқылы, селен және мыс теллуриді, қорғасын шаңын шығарады.

Шоғырландырылған аудиторлық есепке сүйенсек, 2018 жылы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның сатып алушылармен жасаған шарттары бойынша түсім – 690,2 млрд теңгені, сатылған өнімнің өзіндік құны – 385,8 млрд теңгені, жалпы кірісі – 304,4 млрд теңгені, табысы 81 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, компания табысының басым бөлігі катодты мыстан түседі, ол 502,5 млрд.теңгені құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз