Қазақстан мен Түркия әскери әріптестік туралы келісті

Жарияланды
Келісім аясындағы шаралар екі ел арасындағы әскери сала мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған

Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы үкіметі мен Түрік Республикасы үкіметі арасындағы әскери әріптестік туралы келісімді бекітті. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. 

Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев атап өткендей, осы уақытқа дейін екі ел арасындағы әскери саладағы әріптестік 1993 жылғы 8-тамызда қол қойылған әскери білім беру саласындағы әріптестік туралы, сондай-ақ 1994 жылғы 23-ақпанда қол қойылған әскери ғылым, техника және білім туралы келісімдердің негізінде жүзеге асырылып келіпті. Жоғарыда аталған келісімдердегі кейбір ережелердің екі елдің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес келмеуіне және оларда атқарылатын шараларды қаржымен қамтамасыз ету нормаларының болмауына байланысты, әскери әріптестік саласында жаңа келісімге отыру туралы шешім қабылданды. 

Құжатқа 2018 жылғы 13-қыркүйекте Анкарада қол қойылған. Оның негізгі мақсаты Қазақстан мен Түркия арасындағы ұзақмерзімдік әскери әріптестікті теңқұқықтық және өзара тиімділік принциптері негізінде одан ары дамыту болып табылады. 

Ұсынылған құжат аясындағы екі ел арасындағы өзара әрекеттесу әскери әріптестіктің әскери дайындық және оқу, бірлескен жаттығуларды өткізу, қорғаныс өнеркәсібі, бітімгерлік операциялары, әскери, ғылыми және техникалық сияқты салаларын қамтиды. Сонымен қатар, оның құрамына бірлескен жаттығуларды, картографияны, гидрографияны, топогеодезиялық қамтамасыз етуді, әскери мүліктің әуе кеңістігі арқылы транзитін, медициналық көмек көрсетуді және басқа да бұрын қамтылмаған бір қатар бағыттары кіреді.

Дандыбаев келісімді жүзеге асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етіп, екі ел арасындағы әскери әріптестікті дамытуға жағымды әсер ететініне сенімді.
 
 

Сондай-ақ оқыңыз