Түркия мен Қазақстан әскери әріптестік туралы келісім жасады

Опубликовано
Келісімді жүзеге асыру екі ел арасындағы мүмкіндіктерді кеңейтуді қамтамасыз етеді

Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасы үкіметі мен Түрік Республикасы үкіметі арасындағы әскери әріптестік туралы келісімді бекітті. 
 
Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев атап өткендей, келісімге 2018 жылғы 13-қыркүйекте қол қойылған болатын. Келісімнің басты мақсаты теңдік және өзара тиімділік қағидалары негізінде Қазақстан мен Түркия арасындағы ұзақмерзімдік әскери әріптестікті дамыту болып табылады.

Вице-министрдің айтуынша, ұсынылған құжат аясында екі ел арасындағы қызметтестікке әскери әріптестіктің әскери дайындық және оқу, бірлескен жаттығуларды өткізу, қорғаныс өнеркәсібі, бітімгерлік операциялары, әскери, ғылыми және техникалық зерттеулер сияқты  салалары жатады.  Сондай-ақ ол бірлескен жаттығуларды, картографияны, гидрографияны, топогеодезиялық қамтамасыз етуді, әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік транзитін, медициналық көмек көрсетуді және басқа бірнеше бағыттарды қамтиды. 

Тараптар әріптестіктің жылдық жоспарларын дайындайтын болады. Келісімді жүзеге асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтеді және екі мемлекеттің әскери саладағы әріптестігіне жағымды әсер етеді.

«Түрік Республикасы Қазақстан Республикасының стратегиялық негізгі әріптестерінің бірі және біздің мемлекеттің сыртқы саясатында ерекше орынға ие. Осы уақытқа дейін, екі мемлекет арасындағы әскери саладағы әріптестік 1993 жылы жасалған әскери білім алу саласындағы әріптестік туралы, сондай-ақ 1994 жылы әскери ғылым, техника және білім беру туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылды. Жоғарыда аталған халықаралық келісімдердегі кейбір қағидалардың екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес келмеуіне және оларда қаржылай қамтамасыз ету жөнідгеі қағидалардың болмауына байланысты әскери әріптестік саласында жаңа келісімге отыру туралы шешім қабылданды», – деді Дандыбаев.

Читайте также