Перейти к основному содержанию

kursiv_in_telegram.JPG


2148 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев командасын жасақтай бастады

Кейбір күтпеген тағайындаулар, ел басқарудағы жаңа үрдістен хабар бергендей

Фото: Аскар Ахметуллин

Қазақстан президенті ұлықтау рәсімі өте салысымен, жаңа үкіметті жасақтай бастады: мемлекет билігінде жаңа есімдер пайда болды. Мемлекет басшылығындағы кейбір күтпеген тағайындаулар, ел басқарудағы жаңа үрдістен хабар бергендей. 

Президент ең әуелі ҚР президенті әкімшілігі басшысын тағайындады. Бұл қызметке тәжірибелі саясаткер Бақытжан Сағынтаев келді. 2019 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімет жұмысына қатысты айтқан сынынан соң, ол премьер-министр қызметінен кетсе де, ел басшылығында қалды. Наурыздың 1-24 аралығында ҚР Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Сағынтаев, Тоқаевтың алғашқы жарлығының бірі негізінде Президент әкімшілігін басқаратын болды. ҚР президенті әкімшілігі басшысының әлеуметтік желілерде жеке аккаунты жоқ. 

Қазақстан саясатындағы салмақты саясаткерлердің бірі Кәрім Мәсімов ҰҚҚ төрағасы  ретінде өз орнында қалды. 
К.Мәсімовтың мемлекеттік лауазымды қызметте жүргеніне 19 жылға жуықтады. 2000 жылы Мәсімов 35 жасында көлік және коммуникация министрі болып тағайындалған еді. Кейіннен экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Тұңғыш президент әкімшілігінің жетекшісі болып, екі рет ел Үкіметін басқарған. Кәрім Мәсімов 2016 жылдың қыркүйегінен ҚР ҰҚҚ төрағасы қызметінде.  Facebook пен  Twitter әлеуметтік желілерінде жеке парақшалары болғанымен, ол жақта аса белсенді емес. 

Ал 15 маусым күні Кәрім Мәсімовтың өкілеттілігі кеңейді: президент жарлығымен ҰҚҚ-ға «Сырбар» сыртқы барлау қызметі қосылды. Ол бұрын тікелей Қазақстан президентіне бағынатын жеке құрылым еді. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік болып қайта құрылды. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро ел президентіне тікелей есеп беретін агенттік мәртебесін алды. 49 жастағы Анар Жайылғанова Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы қызметіне тағайындалды. Анар Жайылғанованы қоғамдық тұлға деп айту қиын. Бұл оның бұрынғы жұмысымен байланысты болуы мүмкін. Бұған дейін ол  Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында, 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет етсе, 2016 жылға дейін Конституциялық Кеңестің мүшесі болды. Осы күнге дейін «Нұр Отан» партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Әлеуметтік желілерде Анар Жайылғанованың жеке парақшасы байқалмайды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрағасы болып Алик Шпекбаев тағайындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 61 жастағы төрағасы – ішкі істер қызметінде бұрыннан келе жатқан, басқа салаға бет бұрмаған маман.

Шпекбаевтың аты жалпақ жұртқа 2003 жылы белгілі болды, ол кезде ҚР Ішкі істер вице-министрі болып тағайындалған еді. Елдегі сыбайлас жемқорлықпен 2014 жылдан күресіп келеді. 2017 жылдан бері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарып келді. Оның Facebook пен Twitter-де парақшалары бар, олар тұрақты түрде жаңарып тұрады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша, елімізде Білім және ғылым министрі ауысты. Қоғам назарындағы мемлекеттік құрылымды енді Асхат Аймағамбетов басқарады. 37 жастағы тарих пәнінің мұғалімі министр орынтағына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметінен ауысып келді. Аймағамбетов соңғы жұмыс орнына дейін, 2017 жылдың тамызы – 2019 жылдың қаңтары аралығында Білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарған. Білім саласына келген жаңа басшының Facebook әлеуметтік желісінде парақшасы бар, ол оны үнемі жаңартып отырады. 

55 жастағы Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды, ол 2016 жылдан бері вице-министр қызметін атқарған. Ақтоты Райымқұлованың қызметі туралы іскерлік және қоғамдық-саяси басылымдарда аз айтылғанымен, мәдениет және өнер саласындағы БАҚ-та Райымқұлованың шығармашылығы туралы 90-жылдардан бері жазылып келеді. Жаңа министрдің әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ. 

Сонымен қатар, Тоқаевтың командасында 40 жастағы Мағзұм Мырзағалиев кірді. Бұған дейін Мұнай және газ вице-министрі, Энергетика министрінің орынбасары қызметін атқарған шенеунік президент жарлығымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Мырзағалиевтің 3 жоғары білімі бар, соның бірі – «халықаралық экономист». 

«Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру» аясында Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайта құрылды. Жаңарған министрлік азаматтық сипат алып, ендігі жерде аталмыш мекеме Цифрлық даму, инновация және аэроғарыс өнеркәсібі деп аталады.  Осы себепті де болар, қайта құрылған министрлік басшысының есімі бірден аталған жоқ. Кейіннен 46 жасар Асқар Жұмағалиев өз орнын сақтап қалғаны белгілі болды. Бұл министрдің 4 жоғары білімі, соның ішінде әскери инженер деген атағы бар. Бұған дейін Жұмағалиев байланыс және ақпарат министрлігін, Көлік және коммуникация министрлігін басқарғаны белгілі. Одан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК тізгінін де ұстаған.  2017-2019 жылдар аралығында премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған. 

Қазақстан президентінің іс басқарушысы болып 49 жастағы Ерлан Баттақов тағайындалды. 2019 жылдың наурызынан қолға алған қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың маусымдағы жарлығымен ресми бекітілді. Ол 2017 жылдан бері ҚР Президенті іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарған. 

Баттақов Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің қаржы және талдау оталығы басшысы қызметіне 2007 жылы келген.  Әлеуметтік желілерде Ерлан Баттақовтың белсенділігі байқалмайды.

51 жастағы генерал-лейтенант Әнуар Садықұлов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жаңа басшысы болып тағайындалды. Соңғы бес жылда Садықұлов «Арыстан» арнайы қызметін басқарды, сонымен бірге ҚР ҰҚҚ төрағасының орынбасары қызметін қатар алып жүрді. Садықұлов Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік құрылымдарында 1992 жылдан бері қызмет ететіндіктен, оның әлеуметтік желілерде тіркелмегені түсінікті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше әкімді де ауыстырды. Жаңа президентті ұлықтау күнінде ел астанасына жаңа әкім тағайындалды. Сауда министрі болып тағайындалған Бақыт Сұлтановтың орнына 41 жастағы Алтай Көлгінов келді. Ол халықты Facebook, Twitter және Telegram сынды әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатуға шақырды.

Бұған дейін БҚО әкімінің орынбасары болған 49 жастағы Ғали Есқалиев облыс тізгінін өз қолына алды. Бұл – Есқалиевтің жоғары лауазымдағы алғашқы қызметі. Ол туған жері Батыс Қазақстанға оралмас бұрын, Жамбыл және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған. Әлеуметтік желілерде Ғали Есқалиевтің жеке парақшасы жоқ.
 
Маңғыстау облысына 56 жастағы Ералы Тұржановтың орнына 55-тегі Серікбай Тұрымов әкім болып келді. Басқа облыс әкімдерінен айырмашылығы, Тұрымов Маңғыстау облысынан өзге аймақтарда жұмыс істемеген, Өзінің мемлекеттік қызметін 2004 жылы Түпқараған ауданы әкімі лауазымынан бастады. Кейіннен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қалалық әкімдігінің басшысы болды. Кейінгі кезде облыстық мәслихаттың спикері қызметін атқарды, оның әлеуметтік желілерде аккаунты жоқ.


634 просмотра

Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін қанша қаржы керек?

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы бойынша есептеп көрдік

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау  жасайтынын 10 тамызда хабарлаған еді. Сол күні оның твиттерінде «2 қыркүйекке жоспарланған Халыққа Жолдауымда есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктеледі» деген ақпарат шықты. 

Бәрібір алдымен  саясат

Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы тікелей эфирде көрсетілмеді. Президент сайлауында негізгі қарсыласы болған саясаткер және журналист Әміржан Қосанов жолдаудың тікелей эфирде көрсетілгені орынды және әсерлі болар еді деген пікірде. «Бұл – Қ.Тоқаевтың халық алдына осындай форматта алғаш шығуы. Қоғамның да бұл жолдаудан күткен үміті үлкен. Тікелей эфир Жолдау мәтінін жағымды қабылдауға да ықпал етер еді. Оның үстіне   Жолдауда көтерілген өзекті мәселелер көп. Ақорда қоғамның сұранысына жылдам жауап қатқысы келетіні байқалып-ақ тұр. Әрине, бәріне бірдей емес. Дегенмен біздің жағдайда бұл да прогресс», – деп  атап өтті Ә.Қосанов. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әзірге ел заңнамасын батыстық үлгімен либералдандырмайтын бірден байқатты: «Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады», – деді президент.

Сонымен қатар осы негізгі принцип аясында мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етіп қана қоймай, парламент депутаттарына елдегі саясами жүйенің тұрақтылығы үшін өте маңызды мәселе – митинг туралы заңнаманы жетілдіруді тапсырды. «Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің бұл бастамасына қоғам  жақсы баға берді.  

Пилоттық жоба ретінде  жергілікті билік жұмысының тиімділігін тұрғындар тарапынан  бағалау жүйесін енгізу бастамасы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады», – деп атап өтті.

Миллиард анда, миллиард мында

Жолдау барысында мемлекет басшысының полиция мен ІІМ-нің өзге де құрылымдарының жұмысына көңілі толмайтыны байқалды. Осы орайда Қ.Тоқаев құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті, соның нәтижесінде полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгереді деп пайымдайды.

Президенттің пікірі бойынша, полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналуы тиіс. Сәйкесінше, Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жылда 173 миллиард теңге бөлінбек.

Бұл қаражаттың басым бөлігі еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев полицей қызметінің беделін арттыру қажеттігіне сенімді, ал реформаның бірінші кезеңін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастырудан бастамақ.  

Айта кету керек, Президент Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы жолдауы бойынша Ішкі істер министрлігін реформалауға бөлінетін қаражат аз емес. Армиядағы жалпы тәртіп пен оның қаржылық жағдайын нығайту  үшін мемлекеттің қорғаныс саласына бөлетін шығыны өседі. Мемлекет басшысының жоспары бойынша, инклюзивті болуы тиіс экономиканы дамыту аясында үкіметке шағын және микро бизнесті қолдау үшін 100 млрд теңге табу тапсырылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту  ең алдымен санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беруі тиіс. 

«Бизнестің жаңа жол картасына» қосымша 250 млрд теңге жұмсалуымен қатар,  Қасым-Жомарт Кемелұлын алаңдатып отырған рейдерлік басып алудан қорғау үшін,  заңнамалық шаралар да қолға алынады: «Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым  белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс». 

Түрлі әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаржы аз емес. Мәселен, 90 млрд теңге шағын елдімекендердің түйкілді мәселелерін шешуге бағытталған «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады. (бұдан бұрын 30 млрд теңге бөлінген).

Алдағы 4 жылда орта мектеп мұғалімдерінің айлығын 100 пайыз көбейту жоспарланған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау үшін алдағы 3 жылда мемлекет қазынасынан 58 млрд теңге бөлінбек. 

Мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі үшін - 2,8 трлн, ал тұтас денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 2,3 трлн теңге жұмсалады. Президент  алдағы үш жылда тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге 240 миллиард теңге бөлуді тапсырды, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына газ жүргізу үшін 56 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі заманауи көлік инфрақұрылымын салуға 1,2 трлн теңге, тұрғын үй қорын жөндеу мен жаңғырту үшін несие ретінде 30 млрд теңге, су тартуға және халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге 250 млрд теңге бөледі.

Ақшаны қайдан алады?

Егер бәрін қосып санасақ, Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін 7,06 трлн теңге қаржы керек, оны долларға айналдырса, $19 млрд теңге болады. Осы ретте Тоқаев бекіткен 2,19 жылғы бюджеттің кірісі 10,45 трлн теңгені құрағанымен, шығыны 11,46 трлн теңгеден асатындықтан, бұндай ірі қаржыны қайдан аламыз деген заңды сауал туындайды. Қоғам белсенділері Қ.Тоқаев жолдауындағы жоспарларды іске асыру үшін қосымша қаражат шенеуніктер қатарын 25 пайызға қысқартып, Президент айтқандай, 75 пайызы бейбәсеке жолымен өткен мемлекеттік сатып алу процесін жеңілдетіп, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қызметін қайта қарастыру арқылы табылады деген болжам жасап отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінен квазимемлекеттік салада қалыптасқан жағдай оның көңілінен шықпайтынын байқауға болады. «Біздің мемлекеттік компаниялар ірі конгломераттарға айналды. Бірақ олардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі күмән тудырады. Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. 

Телебейненің ерекшелігі

Десе де, Президент Тоқаевтың сөзі аяқталған соң үш сағаттан кейін елдің басты телеарналары мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын эфирден көрсетті. Сол кезде жолдау қосымша реңк ала бастады. ҚР парламентінің мәжіліс залына жиналған қос палата депутаттары, үкімет мүшелері, ұлттық компаниялардың басшылары және облыс әкімдері Қасым-Жомарт Тоқаевты үнсіз және ешқандай эмоциясыз тыңдағанын байқауға болады.

Жолдау кезінде олар президенттің бастамаларына екі рет ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсеткенін айтсақ та жетер.

Мемлекет басшысы үкіметке 2020 жылдан бастап орта және шағын бизнесті үш жыл табыс салығынан босатудың заңнамалық негіздерін әзірлеуді тапсырған кезде бірінші рет қол соғып, қолдау көрсетті. Қосымша 5 пайыз зейнетақы жарнасын енгізуді 2023 жылға дейін шегеру де жиналғандардың көңілінен шықты. Сондай-ақ, мемлекеттік элита Президент сөзін бастағанда және аяқтағанда қол шапалақтағанымен, ұзақ овация байқалмады.

Рейтинг прозрачности крупнейших компаний Казахстана

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

b2-uchet_kursiv.png

 

Цифра дня

1,6 млрд
тенге
задолжали казахстанские работодатели своим работникам

Цитата дня

Порой некоторые лозунги и призывы выглядят крайне привлекательными, но их авторы не несут ответственности перед страной. Реформы ради реформ - это верный путь к кризису и потери управляемости государством. Уверен, никто из нас этого не желает. Развитие должно быть последовательным, поступательным, без забегания вперед, но и без отставания.

Касым-Жомарт Токаев
президент Республики Казахстан

Спецпроекты

Рейтинг прозрачности крупнейших компаний Казахстана

Рейтинг прозрачности крупнейших компаний Казахстана

Биржевой навигатор от Freedom Finance

Биржевой навигатор от Freedom Finance


KAZATOMPROM - IPO уранового гиганта
Новый Курс - все о мире инвестиций

Банк Хоум Кредит

Home Credit Bank


Новый Курс - все о мире инвестиций
Новый Курс - все о мире инвестиций