Еңбек министрлігі қазақстандықтардың көпшілігінде зейнетақы жинақтарының неге аз екенін анықтады

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Оның басты себептері еңбекақының төмен болуы мен конвертпен берілетін төлемдер болып шықты

Жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысы 100 мың теңгеден аз көлемдегі еңбекақы алады, сондықтан олардың «БЖЗҚ» акционерлік қоғамына жасайтын төлемдері соған сай, мардымсыз, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік жағынан қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

«2043 жылдан бастап, бізде еңбек өтілі бойынша мемлекеттік зейнетақы тағайындалмайтын жаңа зейнеткерлер болмайды. Себептер (қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының төмен болуының), әлбетте, көп – ол халық табысының төмен болуы. Қазіргі таңда еліміз бойынша орташа еңбекақы – 182 мың теңге, олардың ішінде, өзім қарадым, жұмыс істейтіндердің 74% 181 мың теңгеден аз алады. Ал 50% 100 мың теңгеден аз алады. Сондықтан табыстың аз болуы салдарынан, олардың жинақтары да мардымсыз болады», – деді ол үкімет отырысында.

Зейнетақы жинақтарының төмен болуының екінші себебін Нұрымбетов Қазақстанда көлеңкелі экономика көріністерінің сақталуынан көріп отыр. 

«Еңбекақыны негізінен конвертпен алады. Әдетте, мұндай жағдай шағын және орта бизнесте, қызмет көрсету саласында орын алады. Шын мәнінде, еңбеккер, ең алдымен, өзінің зардап шегетінін түсіну керек, өйткені оның зейнетақымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі құқықтары бұзылып отыр», – деді министр.

Үшінші себеп, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалу және оларды аудару жөніндегі жауапкершілігі.

«Мен бұдан бұрын сіздерге айтқанмын, қазіргі таңда жұмыс берушілердің 3 млрд теңгеден астам сомадағы бершегі (еңбеккерлердің зейнетақы жарналары бойынша) бар, сондықтан бұл жерде жұмыс берушілердің жауапкершілік мәселесі бар», – деді Нұрымбетов.

Сонымен қатар, министр қазақстандықтардың өз зейнетақы жинақтарын білім алу ақысын төлеуге және тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстарды үстіміздегі жылғы желтоқсанның ортасына дейін мемлекет басшысына ұсыну жоспарланып отырғанын хабарлады.

Қазақстанда 5,3 млн салымшылардың зейнетақы жинақтары тек 500 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды (жалпы санның 54%), 1,6 млн адамда –500 мыңнан бір млн теңгеге дейін соманы құрайды (белсенді салымшылардың жалпы санының 16%). Премьер-министр Асқар Маминнің депутат сауалына қайтарған жауабында осындай ақпарат болған. 

Үкімет басшысы азаматтардың зейнетақы жинақтарының орташа өлшемі 1 040 800 теңгені құрағанын айтты, оның ішінде, ер адамдардікі – 1 164 700 теңге, әйелдердікі – 900 400 теңге.

Сондай-ақ оқыңыз