Қазақстанда 15 агрологистикалық орталық құрылады

Жарияланды
Онда ауыл шаруашылық тауарлары жиналып, сақталып, алғашқы өңдеуден өткізіледі

Бүгін үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ауыл шаруашылық өнімдеріне арналған логистикалық жүйе құрылатынын айтып өтті. 

«Тауар өткізу инфрақұрылымын құру аясында 15 агрологистикалық  орталық құру жоспарланған. Бұл орталықтар өндіріс орындарының қасында салынып, онда ауыл шаруашылық өнімдері жиналып, сақталып, алғашқы өңдеуден өтетін болады. Сонымен қатар, көтерме-тарату  жүйесі де құрылады. Мұндай көпфункционалды орталықтар өндіруші мен тұтынушының кездесетін жеріне айналады», – деді ол. 

Сұлтановтың айтуынша, ол тауар жеткізу жүйесін оңтайландыру мен заманауи көтерме базар жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. 

«Тауар жеткізу жүйесі нысандарын салатын орын мен нақты мерзімін анықтадық. Әкімдерге инвесторлармен осы бағытта туындайтын барлық мәселелерді пысықтап, әкімшілік кедергілерді жойып отыруды тапсыруды сұраймыз», – деді ол.  

Жоба Азия даму банкімен бірлесе жүзеге асырылады. Биыл 15-қаңтарда ҚР премьер-министрі жанынан жаңа жобалық кеңсе құрылып, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен Азия Даму Банкі кірген. 

«Қазір біз жан-жақты талдау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысты ақпан айынның соңына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Содан кейін, Азия Даму банкінен алынатын қарыз көлемі нақтыланады», – деп түйіндеді министр. 

 

Сондай-ақ оқыңыз