Павлодарда екі үй карантинге жабылды

Жарияланды
Жалпы саны 201 тұрғын 14 күн карантинде отырады

Павлодар қаласында коронавирусқа қатысты екі жағдай тіркелген соң Академик Шөкин көшесі, 100  және Мәшһүр Жүсіп (1 Май) көшесі, 4 мекенжайларында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер 14 күндік карантинге жабылды. 

Мәжһүр Жүсіп көшесі, 4 мекенжайындағы тұрғын үй толығымен оқшауланды. Мұндағы 32 адам, Академик Шөкин көшесі, 100 мекенжайында 169 тұрғын карантинге алынды. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева аталмыш көпқабатты баспаналарда блок-бекеттер қойылып, тәулік бойы полиция қызметкерлері күзететінін айтты. Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты лауазымдық нұсқаулықтарға өзгерістер енгізіліп, күзет ісіне мемлекеттік қызметшілер өз еркімен жұмылдырылды. Әр бекетте үш мемлекеттік қызметші 8 сағаттық ауысыммен тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне жауап береді. 

«Тұрғындардың барлығымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. WhatsApp мессенджерінде арнайы топтар ашылды. Азаматтар сұрақтарын сол арқылы жолдай алады. Бүгінде көпшілік тарапынан еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ ашу, азық-түлік, дәрі-дәрмек, оқу құралдарын жеткізуге қатысты сұрақтар келіп түсті. Олардың барлығын тез арада қарастырып, шешеміз», – дейді Светлана Гладышева. 

Аталмыш мекенжайлардың тұрғындарына қажеттіліктерді туған-туыстары әкеліп, блок бекеттер арқылы бере алады. Сонымен қатар, тұрғындардың өздері онлайн режимде тағамдар мен дәрілерге тапсырыс беріп, банк картасы арқылы төлеу мүмкіндігі бар.  

«Азық-түлік және дәрілерді жеткізуге қатысты «Гринвич» гипермаркетімен және дәріханалар желісімен келісім жасалды. Соған сәйкес, тұрғындарға қажеттіліктерді жеткізу қызметі тегін көрсетіледі. Банк карталары жоқ адамдарға «Kaspi» банкі телефон арқылы шоттар ашып жатыр», – деді қала әкімінің орынбасары. 

Онлайн тапсырыс беру қызметін білмейтін қарттарға тамақты туыстары әкеле алады. Ал қажеттіліктерді сатып алуға қаржысы жоқтарға жергілікті әкімдік көмектесетін болады.
 Қазіргі уақытта тұрғындардың барлығының жағдайы қалыпты, вирус белгілері анықталған жоқ. Егер денсаулықтары нашарласа, жедел жәрдеммен инфекциялық госпитальге жеткізіледі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз