Шымкенттік келіншек отандық 34 кәсіпкерді желіде тақырға отырғызып кеткен

Опубликовано
Ал құқық қорғаушылар интернеттегі алаяққа шара қолданбай отыр

Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал және Павлодар қалаларындағы кәсіпкерлер алаяққа алданып, микроқаржы ұйымдарына қарыз болып қалса да, құқық қорғау органдары күдіктіні ұстамақ түгілі, жәбірленушілердің арыздарын сотқа дейінгі тергеу жүргізудің бірыңғай тізіліміне де енгізбепті. 

Желіден түскен тапсырыс сан соқтырды 

Павлодар қаласындағы екі ірі сауда орнында бас киімдер сататын кәсіпкер Ирина Капустина шымкенттік Людмила Беркинаның арбауына түсіп қалғанын алға тартады. 

«Біз тауарларды Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы да жарнамалаймыз. 14-қарашада желідегі парақшада көрсетілген номеріме Людмила есімді келіншектен хабарлама келді. Ол Шымкент қаласына жеткізудің бар-жоғын сұрады. Кейін бас киімнің үлгісін, түсін, өлшемін таңдап, тапсырыс берді. Бас киімнің бағасы – 55 мың теңге. Шымкент қаласына курьерлік қызмет арқылы жеткізу құны – 1400 теңге. Ол, барлығы, 56 400 теңгені төлеуге келісті», — дейді кәсіпкер. 

Сөйтіп, тапсырыс беруші ақша аударымын жасау үшін Ирина Капустинаның жеке куәлігі мен банктағы есепшотының 20 таңбалы номерлерін сұрапты. Ақшалай аударымға, шын мәнінде, осындай мәліметтер керек болғандықтан, кәсіпкер еш күмәнсіз құжаттар көшірмесін жіберген. 

«Алдымен, 50 мың теңге, кейін 35 мың және 90 мың теңге түсті. «Құрбым да сізден құндыздан тігілген үшкіл орамал алайын деп еді, сондықтан артық сома аудардым» деді тапсырыс беруші келіншек. Ал екінші күні «құрбымның күйеуі жол апатынан қайтыс болды, ақшасын қайтарып беріңізші» деп жазды. Қайғысына ортақ екенімді білдіріп, 118 600 теңгені қайтарып бердім», — дейді Ирина Капустина. 

20-желтоқсанда микроқаржы ұйымдарының өкілдері кәсіпкерге хабарласып, 1 айдан астам уақыт бұрын алған қарызды тез арада қайтаруын талап етеді. Белгілі болғандай,

Шымкент қаласынан тапсырыс берген келіншек Ирина Капустинаның атына «Авентус» онлайн қарыз беру ұйымы арқылы 90 мың теңге, «Смарт Кредит» арқылы 50 мың теңге және «Zing» арқылы 35 мың теңге ресімдепті. 

Шығын миллионнан асады

Павлодарлық тағы бір кәсіпкер – Валентина Бионосова да тауарынан айырылып, қарызға белшесінен батты. 

«Мен әйелдерге арналған киімдер мен әшекей бұйымдар сатамын. Людмила Беркина әлеуметтік желі арқылы, жалпы, сомасы 200 мың теңге болатын тауарға тапсырыс жасады. Кейін бұл сома менің банк картама түсті. Тіпті, «Қазпошта» арқылы аударым жасағаны туралы түбіртектің суретін жіберді. Ал екінші күні «Анам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болды. 100 мың теңгенің тауарын аламын, ал қалған 100 мың теңгені шұғыл түрде өзіме қайта салып жіберіңіз» деп хабарлама жазды. Айтқанын орындадым. Араға бір ай салып, микроқаржы ұйымдары қарызды төлеуді талап еткенде алаяққа алданғанымды түсіндім», — дейді Валентина Бионосова. 

Бүгінгі күні 4 павлодарлық кәсіпкердің, осылайша, арбауға түскені анықталды.

Жәбірленушілер санының бұдан да көп болуы ғажап емес. Қазіргі таңда алаяқтың павлодарлықтарға келтірген шығынының жалпы сомасы 1 млн теңгеден асып жығылады.

Ал Людмила Беркинаның өзі жәбірленушілерге «мен картаны құрбыма бергенмін, ақша аударымы туралы хабарым жоқ» деп қысқа қайырыпты. 

Құқық қорғаушылар қол қусырып отыр

Алаяққа алданғандар құқық қорғау органдарына бір айдан астам уақыт бұрын шағым түсіргенімен, әлі күнге дейін өтініштің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілмегеніне қапалы.

Айтуларынша, Павлодардағы полиция бөліміне жазған өтініш екінші күні-ақ күдіктінің тұрғылықты мекенжайы – Шымкент қаласына жіберілген.

Бұл шаһардағы тергеушілер істі бір-біріне итеріп, ақыры, 21-қаңтарда Павлодарға кері қайтарыпты.

Өтінішті екі қала арасында тасып жүрген тұста кәсіпкерлердің қарыздарының өсімпұлдары өсіп жатыр. 

«Үш бірдей микроқаржы ұйымы өсімпұл қоспас үшін, өтініштің сотқа дейінгі тергеу жүргізудің бірыңғай тізіліміне енген номерін беруімді талап етіп отыр. Ал құқық қорғаушылардың бейқамдығы салдарынан, бұл іс әлі тіркелген жоқ. Сәйкесінше, қарыз күн сайын өсуде. Айталық, алаяқ қарашада «Авентус» онлайн қарыз беру ұйымы арқылы ресімдеген 90 мың теңге желтоқсан айында 160 мың теңгеге жетті. Ал қазір берешектің қанша болғанын білудің өзінен қорқамын», — дейді Ирина Капустина. 

Павлодарлық кәсіпкерлер алаяқ жауапкершіліктен құтылып кете ме деп қауіптенеді. Себебі, күні кеше Шымкент қаласында дәл осындай алаяқтық іске қатысы бар күдіктілер ақталып, сот залынан босап шығыпты. 

Кәсіпкерлер палатасы қорғамақ

Енді бұл іске Өңірлік кәсіпкерлер палатасы араласпақ. Палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Сейфолла Қасымханов прокуратурамен бірге мәселені шешетінін айтты. 

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура арасында жол картасы жасалған. Сонымен қатар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған. Осылардың негізінде құқық қорғаушылардың қызметін саралайтын боламыз. Бұл ретте, адамның жеке куәлігінің номері арқылы ғана несие берумен айналысатын микроқаржы ұйымдарының жұмысын да назарға алған дұрыс болар», — деді Сейфолла Қасымханов. 

Кәсіпкерлер палатасы, прокуратура, полиция қызметкерлері істі қолға алғанға дейін алаяқтың әрекеттерінен зардап шеккендердің қарызы одан әрі өсіп, несие тарихы бұзылатын түрі бар. 
 

Читайте также