Шетелдіктерге Қазақстанда 30 күн тіркеусіз жүруге рұқсат беріледі

Жарияланды
Олардың келгені туралы көші-қң қызметін қабылдаушы тарап хабардар етеді

ҚР Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елге келген шетелдіктерді тіркеу тәртібін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «ІІМ елімізде 30 күнге дейін болатын шетелдік азаматтардың барлық санаты үшін уақытша тіркеуді алып тастайды. Тиісті заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. «Қылмыстық, қылмыстық-процесуальдық заңнамаларды жетілдіру және жеке тұлғалардың құқығын қорғауды күшейту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң БАҚ-та жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді», – деп атап өттіминистрліктегілер.

 Ведомство мәліметінше, қабылдаушы тарап көші-қон қызметін шетелдік қонақтың келгені жөнінде ол елге келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде хабардар етуі тиіс. Бүгінгі күні шетелдіктің Қазақстанда болуы туралы хабарлау рәсімі барынша жеңілдетілген және көші-қон қызметінің бөлімдеріне баруды талап етпейді. 

Қабылдаушы тарап визалық-көші-қон порталына (www.vmp.gov.kz) кіріп, шетелдік туралы және қажет болған жағдайда оның балалары туралы мәліметтерді толтыруы, толтырылған өтінім нысанына ЭЦҚ көмегімен қол қоюы, 15 минуттан кейін жеке кабинетте сақталатын дайын құжатты алуы қажет. 

«Бұл қызмет тегін көрсетіледі және оны Ішкі істер министрлігі 2014 жылдан бастап ұсынып келеді. Биыл бұл қызметті 250 қонақ үй пайдаланып, 110 000 шетелдіктің болғаны туралы мәлімет берді. Шетелдік азамат Қазақстан аумағында 30 тәуліктен артық болған кезде қабылдаушы тарап (қонақ үйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер, емдеу-алдын алу мекемелері және басқа да заңды және жеке тұлғалар) мейманға уақытша болуға рұқсат ресімдеуге міндетті», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ оқыңыз