Қазақстаннан көшкендер сапалы білім мен жақсы өмір іздеп кетеді

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
9 айда елден 34 мыңнан аса адам көшіп кеткен

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, шетелге көшкендер тарихи отанына сапалы білім мен жақсы өмір іздеп кетіп жатыр. 

«Сыртқы көші-қонға келер болсақ, соңғы 5 жылда өкінішке қарай, теріс сальдо қалыптасып отыр. Орта есеппен алғанда, 20 мың адам. 2018 жылы көшіп келгендер мен көшіп кеткендер арасындағы айырмашылық 29 мың болған еді. Қазақстан азаматтары негізінен ТМД елдеріне көшіп жатыр. Соның ішінде, 80,9 пайызы Ресейге кеткен. Олардың кетуіне не себеп? Негізінен, олар тарихи отанына қайтып жатыр. Кейбірі сапалы білім мен жақсы өмір, біреулер жалақысы жоғары жұмыс іздеп барады. Кейінгілері, негізінен АҚШ-қа көшкендер», – деді министр. 

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында республикадан 34,2 мың адам, оның ішінде, ТМД елдеріне – 28,7 мың адам кетсе, Қазақстанға басқа елдерден 8 мың адам, оның ішінде, ТМД елдерінен  6,3 мың адам көшіп келген. 

Бұл ретте, министр Үкіметтің елімізден жастар мен білікті мамандардың жаппай көшіп жатқанына алаңдап отырғанын айтып өтті. 

«Бұл мәселе тек Еңбекминін ғана емес, бүкіл үкіметті, мемлекетті алаңдатып отыр. Кәсіби білікті мамандар Қазақстанда қалуы тиіс, сондықтан білім беру жүйесі түбегейлі қайта қаралып жатыр. Сапалы білім берумен қатар, бұл білім өзге елдермен салыстырғанда, арзандау болуы шарт. Білім және ғылым министрлігі осы бағытта жұмыс істеп жатыр»,– деді Нұрымбетов. 

Министр, сонымен қатар, Қазақстандағы босқындар санын да айтып өтті. 

«2011 жылы босқындар туралы заң қабылданған, қазіргі кезде босқындар мәселесімен Ішкі істер министрлігі айналысады. Жалпы статистиканы айта аламын, қазіргі кезде елімізде 523 босқын бар. Олардың 508-ы Ауғанстаннан келгендер. Қалғандары өзге елдерден келген азаматтар»,– деді ол. 
 

Халықаралық конвенцияларға сәйкес, Қазақстанға келген босқындар мәселесін тиісті комиссия қаратырып, босқын куәлігін береді.

«Қазақстанда босқындарға мемлекеттер арасында жүруге мүмкіндік беретін құжат беріледі. Қазіргі кезде босқындардың өзге елдерде де жүруіне мүмкіндік беретін, биометрикалық деректер енгізілген электронды құжат беру мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді министр. 

Сондай-ақ оқыңыз