Қазақстанда жыл сайын мыңға жуық азамат ата-ана құқығынан айырылады

Жарияланды
Олар – ішкілікке салынған және балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар

ҚР ІІМ ӘПК ювеналды полиция басқармасының бастығы Әсет Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың алдын алу мәселелеріне тоқталып өтті

«Ішкі істер органдарының  ұсынымхаты бойынша, жыл сайын мыңға жуық ата-ана өз құқығынан айырылады. Бұл екіұшты мәселе. Бір жағынан, кәмелетке толмаған баланы қорғау мақсатында біз оны отбасынан, ата-анасынан айырып, балалар үйіне орналастырамыз. Ал ата-анасы өзінің жат қылығын жалғастыра береді. Ал екінші қырынан алып қарасақ, мұндай отбасында бала зорлық-зомбылық көруі мүмкін, тіпті, өлімге әкеліп соққан жағдайлар да орын алған»,–деді Оспанов. 

Ата-ана құқығынан айыруға, негізінен, әке-шешесінің ішкілікке салынуы, тұрмыс жағдайының төмендігі, баланың қараусыз қалуы себеп. Бұндай отбасыларға дер кезінде көмек қолын созса, тығырықтан шығарып алуға болады. Алайда Оспановтың айтуынша, мұндай мәселелерді шешу ішкі істер органдарының құзіретіне кірмейді:

«Осыған байланысты біздің бастамамыз бойынша медико-әлеуметтік есеп жүргізу қолға алынды. Полицияның бақылауындағы азаматтар туралы деректер жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Бұл – жергілікті әкімдіктер осы отбасылардың қиын жағдайдан шығуына барынша көмек беруі үшін істеліп жатқан шаруа». 

Сонымен қатар, спикер, ата-ана құқығынан айырмас бұрын, алдын алу шаралары жүргізілетінін айтып өтті. Содан кейін ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қойылады. Бұл шаралардың бәрі нәтиже бермеген жағдайда ғана кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын комиссияға жолданады. Ата-ана бала тәрбиесімен еш айналыспайтынына көз жеткізгеннен кейін ғана, сот оларды ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарады. 

Сондай-ақ оқыңыз