Серік Ахметов апелляциялық шағым түсірді

Жарияланды
Ол Қарағандының аудандық соты шығарған шешіммен келіспей отыр

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов бостандықты шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығарумен алмастыруды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салатын қосымша жазаны алып тастауды талап етуде, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.

«Серік Ахметовтың апелляциялық шағымы әлі Қазыбек би аудандық сотында. Олар оны талапқа сәйкес дайындап, бізге жіберулері керек. Тек содан кейін ғана ол өндіріске қабылданады және алқаның қарауына беріледі», – деп хабарлады Қарағанды облысының баспасөз қызметіндегілер.

Бұдан бұрын Серік Ахметов пен оның адвокаты Николай Лесник тиісті өтінішпен Қазыбек би аудандық сотына жүгінген болатын. Сот Манат Жұмақаева адвокат пен прокурордың уәждері мен дәлелдерін зерттеп, экс-премьердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан еді. Айтпақшы, сот мәжілісінде прокурор Серік Ахметовты мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруға қарсы шыққан болатын.

Естеріңізге салсақ, еліміздің бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін дүние-мүлігі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған болатын. Сот мәжілісі жүріп жатқан кезде сотталушының туыстары 2,2 млрд теңгені мемлекетке қайтарып берді. Осы фактіні ескерген апелляциялық алқа экс-шенеуніктің үкімін жұмсартып, бас бостандықтан айыру мерзімін 8 жылға дейін қысқартты.
 
2017 жылғы қаңтарда Серік Ахметов Рақымшылық туралы заңға сүйеніп, жазалау мерзімін қысқарту бойынша өтініш түсірді. Бұл жолы оның өтініші қанағаттандырылып, жаза мерзімі 1 жыл жеті ай және 11 күнге қысқартылды. Бірнеше айдан кейін ол сотқа жазаның өтелмеген бөлігін бостандықты шектеуге алмастыру туралы өтініш беріп, 2017 жылғы қыркүйекте колониядан шыққан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз