Қарағандыда арбаға таңылған мүгедек ондаған миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталып жатыр

Опубликовано
Қылмыстық іс сотта қарастырылуда

«Лайықты өмір» Мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Ивкин бірнеше дүркін аса ірі көлемде алаяқтық және құжаттарды қолдан жасады деген айыппен сотқа тартылуда.Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол алдамшы жолмен бюджеттен 160 млн теңгені жымқырған, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.

Қылмыстық іс Қазыбек би ауданының соты Арғына Құтышевтың өндірісіне түскен. Іс бойынша алдын ала тыңдаулар болыпты, оның барысында айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша айып тағылып отырғаны белгілі болды. 

Тергеу органдарының нұсқасы бойынша, бірінші топтағы мүгедек, қоғам белсендісі Александр Ивкин өз орталығы арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеке көмекші қызметін көрсеткен. Бұл қызметтер ақысы бюджеттен жетекшілік етуші мемлекеттік орган – Қарағандының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы төленіп отырған. Атап айтарлығы, көрсетілген қызметтер саны мен жеке көмекшілердің жүктемесін Ивкиннің өзі көрсетіп отырған. 

Тергеу Ивкиннің заңсыз баю мақсатында жеке көмекшінің бір сағат жұмысының құнын 279,54 теңгеден 257,19 теңгеге дейін төмендеткенін дәлелдеді. Бұдан бөлек, ол атқарылған жұмыс сағатының санын көбейтіп, құжаттарға жалған ақпарат енгізген. Сонымен қатар, ол жеке көмекшілерге тиісті ақысын толық төлмеген. Осындай айлакерлік амалдардың арқасында, сотталушы 2017 жылы 95 млн теңгені, ал 2018 жылы тағы  65,5 млн теңгені жымқырған.
 
Тергеу органдары орталықтың бүкіл бухгалтерлік құжаттарын, тіпті, Ивкиннің карточкасындағы ақшалай қаражаттардың қозғалысын мұқият тексерген. Олардың мәліметтері бойынша, аудит сотталушының кінәсін толық дәлелдеген. Ол аз болса, Ивкин жүзеге асырған опреациялардың заңсыз екенін, оны осы соманы бюджетке құюға мәжбүрлейтін, Қарағанды облысының ауданаралық экономикалық сотының шешімі де дәлелдейді.Алайда сотталушы өзін кінәлі санамайды. Соттың істі қарауы жалғасып жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Александр Ивкин Қарағанды облысы ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мемлекет бюджетіне 160 млн теңгеден астам қаржыны қайтаруға міндеттелген болатын.

Читайте также