Балалар туризмінің дамуына не кедергі?

Жарияланды
Қазақстан заңнамасында салықтық және өзге де жеңілдіктер қарастырылмаған

Балалар мен жасөспірімдер туризмі Республикалық ұйымының төрағасы Қайрат Сұлтанов мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің алғашқы инвестициялық форумы барысында туризм саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын айтып өтті.

«Салық Кодексінің 590- және 592-баптары – бүгінде балалар туризмі ғана емес, барлық курорт пен демалыс аймақтарының үлкен соры. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан соң, бізге келген әр бала үшін 263 теңгеден төлейміз. Мәселен, «Балдәурен» былтыр 52 миллион теңге төлеген. Осындай жағдайда балалар туризмін дамыту туралы қалай айта аламыз?» – деп сауал тастады республикалық ұйым төрағасы.

Спикер заңнамалық кедергілерден бөлек, инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базадағы түйткілдерді, сондай-ақ БСО ұйымдарындағы маман тапшылығын айтып өтті.

«Қазір «қарапайым заттар экономикасы» деген жақсы бір бағдарлама қолға алынып жатыр. Өкінішке қарай, балалар туризмі оған енбей қалған», – дейді Қайрат Сұлтанов

Сонымен қатар, маман балаларды сауықтыру орталықтарын қаржыландырудың кемшіліктерін де айтып өтті. 

«Балаларды сауықтыру орталықтарының 70 пайызы – мемлекеттің меншігінде. Әр балаға бюджеттен, шашамен, 4 мың теңгедей бөлінеді. Алайда барлық қызмет мемлекеттік тендер арқылы өтетіндіктен, баға деген 1300 теңгеге дейін түсіп кетеді. Ал 1300 теңгеге баланы бес мезгіл қалай тамақтандырасың?» – деп таң қалды спикер. 

Осы мәселені шешу үшін Қайрат Сұлтанов Білім және ғылым министрлігіне балаларды сауықтыру орталықтары саласында мемлекеттік тендерді алып тастап, бюджетті конкурстық негізде бөлуді ұсынды.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, «Туризм қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының балалар, жасөспірімдер, жастар, мүгедектер және аз қамтылған топтар арасында туристік және экскурсиялық жұмыстарды ұйымдастыруға жеңілдетілген жағдайларды енгізу туралы 9-бабы да өз деңгейінде жүзеге асып жатқан жоқ. 

«Біздегі музейлердің ішінде тек Президент музейіне ғана тегін кіруге болады. Ең құрығанда, каникул кезінде музейлерді тегін қылуға болар еді. Балалардың бәрі океанариумға барғысы келеді, бірақ ол жақта балалар билетінің бағасы ересектердікіне жетеғабыл, 2500 теңге тұрады».

Сөз соңында Қайрат Сұлтанов өкілетті органдардан «Туристік қызмет туралы» ҚР Заңының 9-бабын толықтырып, оған бюджеттен қаржы қарастырыруды сұрады. 

Сондай-ақ оқыңыз