Депутаттар жұмыспен қамту бағдарламасын сынап тастады

Жарияланды
Олардың айтуынша, бюджеттен қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, еңбек нарығындағы жағдай өзгеретін емес

2011 жылдан бері жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 800 млрд теңге бөлінген. Бірақ жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан төмендемей тұр.

 «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина осы мәселеге назар аударды.

«Талқыланып жатқан заң жобасында мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына алдағы 3 жылда тағы да 186 млрд теңге бөлінбек. Яғни, осы мақсатқа мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржының көлемі 1 трлн теңгеге жетеді. Алайда еңбек нарығындағы жағдайдың жақсарар түрі жоқ. Жұмыссыздық еш төмендемей, 4,8% деңгейінде тұр. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатары күн санап артып келеді. Мұның барлығы, меніңше, жұмыспен қамту бағдарламасының тиімсіздігін дәлелдейді», – деген депутат аталмыш бағдарламаны уақытша тоқтатып, оның тиімділігін таразылау қажет деп санайды.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыспен қамту бағдарламасы халыққа қажет екеніне сенімді.

 «Әрине, кейбір құралдардың тиімділігі әртүрлі екенімен келісем. Мәселен, арзан шағын несиенің нәтижесінде, шынымен де жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Соңғы 3 жылда 31,5 мың шағын несие беріліп, адамдар кәсіп бастап, қосымша 26 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Олардың бәрі 20 миллион теңге салық төлеген. Ал енді оқыту бағытына келер болсақ, ол жағынан түйткіл бар. Мәселен, 60 мың адам кәсіп негіздерін оқыса, осы қысқа мерзімді курстардан өткен азаматтардың 55 пайызы ғана жұмысқа орналаса алған. Сондықтан келер жылдан бұл бағытқа өзгеріс енгізбекпіз», – деді министр.

Жалпы, министрлік мәліметіне сүйенсек, 2017 жылмен салыстырғанда, еңбек нарығындағы жағдай біршама жақсарған, 200 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайыздан 3,7%-ға азайған, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,8-ден 5,2 пайызға төмендеген.

Палата спикері Нұрлан Нығматулин бағдарлама операторын түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуге шақырды.

«Халыққа жұмыспен қамту бағдарламасы АӘК емес екенін түсіндіру қажет. Бұл кәсіптің негізін үйреніп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Экономикадағы инвестициялық бағдарламаларда қолданылатын қағида сақталуы тиіс.  Салынған әрбір теңгенің қайтарымы болуы керек. Тек дивидент түрінде емес, нақты жұмыс орындары ретінде. Ашығын айтқанда, жұмыспен қамту саласына қазынадан бөлінген қаржы  жыл сайын өсіп жатыр, ал нәтиже жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, 2011 жылдан бері осы мақсатқа 800 миллиард қаржы бөлініпті, ал жұмыссыздардың саны тек 479 мыңнан 443 мыңға азайған. Яғни, бар-жоғы 36 мың адам жұмысқа орналасыпты. Қазір үкімет атаулы әлеуметтік көмек мәселесін ретке келтіріп жатыр, содан кейін, осы бағытты да қолға алу керек», – деп түйіндеді спикер.

Сондай-ақ оқыңыз