Солтүстік Қазақстаннан мамандар неге көшіп жатыр?

Жарияланды
Оған кім кінәлі

Кәсіби мамандардың жетіспеуі Солтүстік Қазақстан облысында, әсіресе ауылдық жерлерде қатты білініп келеді. Оның басты себебі – халықтың жаппай көшуі. Әлеуметтік тұрғыда орнықпағандықтан, адамдар тұрғылықты жерінен көшіп жатыр. Ал жергілікті билік бұнда ауылдың дамуына қаржы салмай отырған бірқатар шаруа қожалықтарының да кінәсі бар деп тұжырымдайды.

Жақсы өмір үшін…

ҚР Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан шетелге 2,7 мың адам көшіп кеткен. Бұл еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар. Ал осы аймаққа көшіп келгендердің қатары –1,5 мың. Бірнеше жылдан бері көші-қон сальдосы теріс көрсеткіш көрсетіп тұр. Дегенмен, жергілікті билік өкілдерінің пайымдауынша, аймақтағы жағдай біршама жақсарып келеді. СҚО әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынында 2017 жылмен салыстырғанда, облыстан көшкендердің саны 15 пайызға азайғаны айтылды. 

Халық көбінесе ауылдан көшіп жатыр. Шағын ауыл ғана емес, бірнеше мыңдаған тұрғыны бар аудан орталықтарынан да кетуде. Жергілікті кәсіпкер Галина Воробьеваның айтуынша, СҚО, Тимирязев ауданында тура осындай жағдай қалыптасып отыр. Облыс басшылығымен кездесу барысында кәсіпкер осы мәселені көтерді. Көштің басты себебі – әлеуметтік түйткілдердің шешілмеуі. 

«Менің жеке басыма ештеңе керек емес, өз ісімді дөңгелетіп отырмын. Бірақ ауданға жаным ашиды. Адамдар жаппай көшіп жатыр. Жолы ойқы-шойқы, орталықтандырылған су жүйесі жоқ, тіпті аудандағы аурухана жабылудың алдында тұр», – дейді кәсіпкер.

Бизнес тыс қалмауы тиіс

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл мәселелер ақырындап шешіліп келеді. Қазіргі кезде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту бағдарламасы қолға алынған, аталмыш бағдарлама аясында 100-ге жуық ауылға ауыз су келіп, 600 шақырым жол жөнделіп, ауылдық мектептерді жөндеуге 5 млрд теңге бөлінбек. 

Дегенмен, жергілікті биліктің пікірінше, ауылдың жағдайын жақсартуға мемлекет қана емес, бизнес те мүдделі болуы шарт. Алайда өздері еңбек етіп жүрген жерді көркейтуге құлшыныс танытатын кәсіпкерлердің қатары сирек. Ондай мысалдар саусақпен санарлық. Айталық, Новоникольское ауылында Зенченко отбасы көп жылдан бері егін және мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ауыл жолына асфальт төселген, өзінің спорт сарайы, мәдениет үйі мен өзге де әлеуметтік нысандары бар. Жұмысшыларға үй де беріледі. Ауылдың әлеуметтік дамуына «Зенченко и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 10 миллиондаған теңге құяды. 

Аймақтағы тағы бір ірі шаруа қожалығы – «Мәмбетов и К» ЖШС Мыңкесер ауылында орналасқан. Шаруашылықтың бас директоры Еркебұлан Мәмбетов облыс басшылығының пікірімен келіседі. Алайда жағдайды  тізе қоса отырып жақсартуға болады деп тұжырымдайды. Бизнесті ынталандыру тәсілінің бірі ретінде ол егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға салынатын жер салығын бірдей етуді ұсынады. Өйткені жерді пайдаланғаны үшін салынатын салық көлемі әрқалай. Оның үстіне фермерлер жыл бойы жұмыс істейді. Ал маусымдық кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер қазынаға салықты аз төлейді.  Бұл ретте ауылдың жағдайын жақсартуға олар аса мүдделі емес. Шаруашылықпен жыл бойы айналысуға да ынтасы жоқ. 

«Жер пайдаланушылардың бір бөлігі мал ұстамайды, ауылдың дамуына қаржы салмайды, жаңа жұмыс орнын ашуға құлықсыз. Біздің шығынымыз көп, жұмысшыларымыз да жыл бойы еңбек етеді. Ал бұндай кәсіпкерлер егіс науқанында жұмысшыларды жалдап, гектарына 1-2 мың теңге төлейді де, егін орағы біткен соң, тайып тұрады. Ал бізге адамдар күнде керек»– дейді шаруа қожалығының басшысы. 

Кәсіпкер бұндай тұжырымды өз тәжібесіне сүйене айтып отыр. Оның ойынша, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға салынатын салық өте жоғары. 

 «Әкім болған кезімде, біз бір гектар жерге салынатын салыққа талдау жасадық. Оның нәтижесінде егін егумен бірге, мал ұстайтын шаруаларға салынатын салық жоғары екені анықталды. Ал маусымдық кәсіппен айналысатын шаруалар төлейтін сома мүлдем басқа», – дейді Еркебұлан Мәмбетов. 

Айта кету керек, дәнді және майлы дақыл өсірумен айналысатын фермерлер де мал шаруашылығымен айналысуға қарсы емес. Мәселен, ресейлік инвестор – Avgust компаниясымен әріптестік орнатқан «Ақ Жер 2010» ЖШС әзірге өсімдік шаруашылығын дамытып отыр. Бұл өз кезегінде Баян ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Серіктестік директоры Александр Хитровтың айтуынша, алдағы уақытта қора-қопсы салып, асыл тұқымды мал өсірумен айналыспақ. 

«Әзірге ақылдасып жатырмыз. Алдымен егін шаруашылығын дамытып алсақ дейміз. Содан кейін асыл тұқымды ірі қара өсіруді қолға аламыз, бірақ оның қашан жүзеге асатынын айта аламаймын»,–дейді Хитров мырза. 

Жер пайдаланушыларға бірдей салық салу бастамасы ұсыныс күйінде қалып тұр. Ал жергілікті әкімдік сол арада бөлінген жерді мақсатты пайдаланбаған шаруашылықтармен басқаша сөйлесе бастады. Олардың жер телімін сот арқылы алып, басқа инвесторларға беріп жатыр.  Алдымен кәсіпкер ісін жолға қойып, әлеуметтік мәселелерді шешуі үшін біраз уақыт беріледі. 

Соңғы рет бұндай әңгіме жергілікті әкімдік пен  Айыртау ауданы, Светлое ауылының кәсіпкерлері арасында өрбіді. Кезінде ауруханасы, перзентханасы, бірнеше дүкені, тіпті қонақ үйі болған ауылда қазірге кезде күрделі жөндеуді қажет ететін мектеп қана қалған. Шаруашылық жұмысшылары жарты жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Жергілікті жұрт бұған кінәлі инвестор – «Жарқын-СК» ЖШС дейді. Компанияның қызметкерлер алдындағы қарызы 6 миллонға жеткен. 

Жұмысшылардың жалақысы аймақтағы ең төменгі жалақы – 66 мың. Ал салық бойынша 50 млн теңге қарыз жиналыпты. 

Облыс басшылығымен өткен жиында ауылдың байырғы тұрғыны Мәуеш Қалиев «Ауыл қирап барады, жастар жан-жаққа тарап кетті. Осы фирма біздің ауылға келгелі, жолымыздың да шұрқ-тесігін шығарды. Егінді себеді де, тайып тұрады», – деп күйінген еді. 

Бұл ретте облыс әкімдігі «Жарқын-СК» компаниясына жыл соңына дейін уақыт берді. Осы уақыт аралығында кәсіпкер барлық қарызын жабуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, СҚО әкімінің айтуынша, жерінен айырылмақ. 

Бұған дейін де «Транс-Авто» және «Богви» компаниялары жұмыс істеген жер осылайша қайтарылған еді. Қазір бұл жерде жаңа инвесторлар жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз