Маңғыстау облысы кедей отбасылардың саны бойынша көш бастап тұр

Жарияланды
«Курсив» мұнайлы аймақ тұрғындарының табысы отбасына жете ме, соны анықтап көрді

Атырау облысының тұрғындары жалақыcының 90%-ын азық-түлік пен киім-кешекке жұмсайды. Ал Маңғыстау облысы тұрғындары табысының тек 25 пайызы ішіп-жемнен артылса, БҚО мен Ақтөбеде айлығының тек 15 пайызы қалады екен. 

2019 жылдың сәуірінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі туралы бірнеше есеп жариялады, соның ішінде азаматтардың табысы мен шығысы туралы егжей-тегжей жазылған бюллетеньдер де бар. Аталмыш құжатқа сүйенсек, 2018 жылы Қазақстандағы бір отбасының орташа табысы 2,13 млн теңгені құраған. Сонымен қатар, Маңғыстау тұрғындарының табысы республикадағы орташа көрсеткіштен 47%-ға артық: 3,1 млн теңге, бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Атырау облысында тұратын бір отбасының табысы республикалық көрсеткіштен 14 пайызға жоғары  (2,4 млн. теңге) болса, Ақтөбе қаласы тұрғындарының кірісі 5,2% -ға (2,2 млн теңге) артық болған. 

Еліміздің батыс аймағындағы ең төменгі көрсеткіш БҚО-ға тиесілі, бұл облыста отбасының орташа табысы – 2,14 млн теңге, бұл республикалық көрсеткіштен 0,5% артық екен. 

Бір айлыққа қарап отыр

Осы статистика деректеріне сүйенсек, отбасылардың негізгі табыс көзі – түрлі кәсіпорын мен мекемеден алатын айлығы. Айталық, Маңғыстау облысы тұрғындарының 81 пайызы – жалдамалы жұмыскерлер, ал Атырау облысында бұл көрсеткіш – 75%, Ақтөбеде – 66,5 пайыз, ал БҚО-да – 63% құрайды.

Батыс Қазақстан облысының 9,9% тұрғыны кәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табысқа өмір сүреді, бұл көрсеткіш  Ақтөбе облысында 9% құрайды. Атырау облысы тұрғындарының тек 6,2 пайызы кәсіпкер болса, Маңғыстау облысында тұрғындардың 5 пайызы өз бизнесімен күн көріп жүр.  

Сонымен қатар, зейнетақы мен жәрдемақыға қарап отырған отбасылардың да қатары қалың. Айталық, БҚО-да олардың үлесі 22 пайызға жетсе, Ақтөбе облысында – 19%, Атырау облысы тұрғындарының 17% -ы және Маңғыстау облысында олардың саны 11% құраған. Алимент, степендия, жеке меншікті жалға беру есебінен Ақтөбе облысының 5,5% тұрғыны, Батыс Қазақстан облысындағы отбасылардың 5 пайызы, Маңғыстау облысында 3% және Атырау облысындағы отбасылардың 2% -ы өмір сүреді.
 
Статистикаға сүйенсек, аймақ  халқының табысы жоғары екеніне қарамастан, 2018 жылы тұрмысы төмен отбасылардың саны бойынша Маңғыстау облысы алдыңғы қатарға шыққан. Облыс тұрғындарының 4,9 пайызының (бұл 6,4 мың отбасы) табысы күнкөріс минимумынан да төмен. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында тұрмысы кедейлік шегінен де төмен 449 отбасы тұрады. Осы отбасылардың айлық табысы азық-түлік себетінің құнынан аспайды.

Сондай-ақ, БҚО-да халықтың 3,2 пайызы (3,8 мың отбасы) айлығын шайлығына жеткізе алмай жүр, ал Ақтөбе облысында олардың қатары 2,9 пайыз (былтыр бұл облыста 4,9 мың тұрмысы төмен отбасы тұрған) болса, ал Атырау облысында 2,5 пайызды құрайды. Бұған қоса, ҚР Статистика агенттігінің деректері бойынша, батыс аймақтағы тұрмысы төмен тұрғындардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. 

Сонымен қатар, статистика ең кедей және ең бай отбасылардың табысына да талдау жасаған. Жағдайы жақсы және тұрмысы төмен отбасылардың табысындағы ең үлкен айырмашылық Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Бұл аймақ тұрғындарының жылдық табысындағы айырмашылық 4,9 есе (1,4 миллион теңге /6,9 миллион теңге ) Ал Маңғыстау облысында кедей және бай отбасылардың табысында 4,8 есе айырмашылық болса  (жылына 1,7 млн теңге/ 5,6 млн) Ақтөбе облысында айырмашылық – 4,4 есе (жылына1,85 млн/8,2 млн теңге), Атырау облысында 3,6 есеге (жылына 1,5 млн/5,6 млн теңге) жеткен. 
Бәрі тамаққа кетеді…

ҚР Статистика комитетінің бюллетеньдерінде халық тапқан ақшасын қалай жарататыны туралы да егжей-тегжей жазылған. Елімізде әр отбасы тапқан табысының 98 пайызын ең қажетті заттарға: азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз, дәрі-дәрмек, несие мен т.б. қажетті заттарға жұмсайды.  

Атырауда бұндай шығынға тапқан ақшаның 99 пайыз бірден кетеді, Ақтөбе тұрғындары тұрмыстық қажеттілікке жылдық табысының 86 пайызын жұмсаса, БҚО-да 84 пайызы кетеді екен. Ал Маңғыстау облысы тұрғындарының отбасылық табысы күнделікті қажеттілікке кететін шығыннан сәл де болса артылады екен. Олар жылдық отбасы табысының 74 пайызын күнделікті қажеттілікке (2,2 млн теңге) жұмсайды.

Статистикаға сүйенсек, шығынның басым бөлігі азық-түлікке кетеді. Ел бойынша алсақ, отбасы кірісінің орта есеппен 46,9 пайызы (1 млн теңге) тамаққа жұмсалады екен. Ал батыс аймақтағы облыстардың ішінде Атырау тұрғындарының азық-түлікке жұмсайтын шығыны үлкен. Олар жылына айлығының 54 пайызына (1,3 млн теңге) азық-түлік алады. Ал Ақтөбе облысында азық-түлік шығыны 43 пайызды (952 мың  теңге) құраса, БҚО-да отбасы табысының 42 пайызы (891,6 мың теңге) тамаққа кетеді. Ал Маңғыстау облысы тұрғындары отбасы табысының 38,7 пайызын (1,2 млн теңге) жұмсайды.

Қазақстандық бір отбасы азық-түлікке жатпайтын тауарларға жылына орта есеппен кірісінің 23% -ын (490,5 мың теңге)  жұмсайды. Еліміздің батыс өңірінің тұрғындары қажетті тауарларды сатып алуға жылына орта есеппен 360 мыңнан 459 мың теңгеге дейін жұмсайды. Атыраулықтардың негізгі тауарларды сатып алуға кететін қаржысы айлығының 21% пайызын құраса, Ақтөбе облысындағы отбасының бір жылдық бюджетінің 19% -ын, Батыс Қазақстан облысында 18% -ды құрайды. Маңғыстау облысында осы тауарларға отбасы кірісінің 17% кетеді.

Киім мен аяқ киімге ақша шашу жағынан Маңғыстау облысы көш бастап тұр, бұл аймақтың тұрғындары жылына орта есеппен 285 мың теңгені киім-кешекке жұмсайды екен. Ал Атырау облысындағы бір отбасы 239,7 мың теңге, Ақтөбе облысы тұрғындары 207,6 мың теңге, БҚО тұрғындары  161 мың теңге жұмсайды.

Ақылы қызмет статистикасына келер болсақ, бір отбасы табысының 20% -ын (437,500 теңге) репетиторлық қызметке, таксиге, ақылы медициналық тексеруге, кафе мен мейрамханаға жұмсайды. Батыс аймақтағы облыстардың ішінде Ақтөбе облысындағы отбасы ақылы қызметке ең көп шығындалады: кірісінің 18 пайызы (393,6 мың теңге) соған кетеді. БҚО-да бұл шығын отбасы табысының 17% -ын құрайды (367 мың теңге), Атырау облысында –15% (361,9 мың теңге), Маңғыстауда –14,8% (459,9 мың теңге) құрайды.

Сарапшы пікірі

Николай Осипов, әлеуметтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты:

«Осы статистиканы сараптай келе, бірнеше нақты тұжырым жасауға болады: халықтың негізгі бөлігі бір айлыққа өмір сүріп келеді. Оған қоса, бұл айлық көлемі соңғы 5 жылда өскен жоқ.  Нарықтық экономика жағдайында нақты табыс кіргізетін кәсіпкерлікпен аймақтарда халықтың 10 пайызы ғана айналысады. Жағдайы біршама жақсы дейтін мұнайлы аймақта да тұрмысы төмен отбасылардың бар екенін статистика жасыра алмайды. Олар қайдан шыққан? Бұл табыс көзі күнкөріс деңгейінен де төмен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – жұмысы жоқ ауыл тұрғындары. 

Ал біздің аймақта тақыр кедейдің жоқтығы – кедейліктің ауылдан шығып, екі қолға бір күрек табылатын қалаға көшуінің белгісі.

Енді адамдардың тек ішіп-жемге жылына миллион теңге жұмсауы – аса жақсы нәрсе емес. Дамыған елдерде отбасы табысының азық-түлікке жұмсайтын үлесі 25 пайыздан аспайды, ал бізде ол 50 пайыздан жоғары кеткен. Яғни халықтың басым бөлігі тек тұтыну тауарлары үшін жұмыс істейді деген сөз, олардың айлығы тамақ, киім-кешек, коммуналдық қызмет, балалардың үйірмесінен артылмайды. Бұндай жағдайда ешқандай орта тап туралы сөз қозғай алмаймыз. Адамдар айлықтан-айлыққа дейін әрең күн көріп жүр. Халықтың басым бөлігінде қор жинап, өзінің тұрмысын жақсартуға қаржылық мүмкіндігі жоқ. Тек Маңғыстау облысы кейбір тұрғындарының жағдайы жақсы шығар. Ал тұрмыстық заттарды алуға қажетті қаржының орнын несиемен жауып отыр».

Сондай-ақ оқыңыз