Қазақстанда VPN-ге тыйым салынуы мүмкін бе?

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы «Қазақстанда VPN-ге тыйым салынса, оны қоғам ауыр қабылдайды» деп атап өтті

«VPN-каналдар мен анонимайзерлерге тыйым салынса, оны қоғам ауыр  қабылдайды, сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесін шешудің басқа жолын қарастыру қажет» деп мәлімдеді Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Руслан Әбдіхалықов. 
   
«Қазіргі кезде Қазақстанда VPN қызметін қолдануға тыйым салынбаған. Бұл мәселені қоғам ауыр қабылдайды деп ойлаймын. VPN-каналдарды жабу біз таңдайтын жол емес»,–деді ол SOC Day 2019 форумында.

Оның айтуынша, ғаламторда біреуге көрініп, біреуге көрінбей тұрған ақпаратты жасыру мүмкін емес.
 
«Бізде тыйым салынған ақпаратты ашуға мүмкіндік беретін кейбір прокси-серверлердің қызметін тоқтату туралы бірнеше сот шешімі бар. Дегенмен насихатқа қарсы бұндай шаралар да керек. Үнемі бір нәрседен қорғана берген сайын, оған деген қызығушылық та арта түседі», – деп атап өтті комитет төрағасы.

Ол түрлі шектеуге қарамастан, интернет пайдаланушылар тыйым салынған серверлерге кірудің жолын тауып отырған  Қытайды мысалға келтірді.

«Тіпті қытайлық файерволдың өзінде VPN-ді пайдаланып, ресми шектеу қойылған Google сервистеріне кіруге болады. Яғни бұл біздің жол емес, сондықтан бұндай қадамға бармаймыз деген ойдамын», – деді Р.Әбдіхалықов.

Сондай-ақ оқыңыз