Қазақстанда ЖОО-лардың түлектеріне электронды диплом беріледі

Жарияланды
БҒМ министрі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісіне қатысты

Қазақстандық ЖОО түлектеріне блокчейн жүйесіндегі электронды диплом берілетін болады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісіне қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  айтып өтті. 

Аймағамбетов өз сөзінде жоғары білім туралы димломды сатып алу мәселесін көтерді. 

«Біз жоғары оқу орындарына қатысты талдау жүргіздік: оқуға 100 адам түсіп, 800 түлек диплом алады. Бұл студенттердің аспаннан түспейтіні анық. Мықты, сапалы білім беретін ЖОО-лар студенттерді оқудан шығарады, ал кейбірі солардың бәрін жинап алып, диплом бере салады», – деді министр. 

Бұл мәселені шешу үшін БМҒ бүкіл дипломдарды электронды форматқа өткізбек. Ондағы мәліметтердің бәрі деректер қорында сақталатын болады, оған өзгеріс енгізу мүмкін емес. 

«Қазір біз барлық дипломдарды цифрлық форматқа өткізіп жатырмыз. Біріншіден, дипломды блокчейн жүйесінде электронды түрде береміз. Екіншіден, барлық тарихи деректерді цифрлық форматқа өткіземіз. Біз 1970 жылдардағы деректерге дейін  жетуді жоспарлап отырмыз. Осы жұмыс барысында көптеген түйткіл шығып жатыр, былай қарасаң, диплом берілген, алайда, оған қатысты еш дерек жоқ. Сондықтан біз ЖОО-ларға 1970 жылға дейінгі дипломдарды цифрлауды тапсырдық»,– деді ол. 

Осы ретте, министр Шымкенттегі жоғары оқу орнының лицензиясынан айырылғанын еске түсіріп өтті. 

«Жақында ғана Шымкент қаласында орналасқан, елдегі ең үлкен ЖОО-ның бірінің лицензиясын тоқтаттық. Сот шешімі шықты, ол БМҒ-ның оқу орнын лицензиясынан айырғаны дұрыс шешім болғанын құптады. 30 мыңнан аса адам (осы ЖОО-да оқыған). Біз ол жақта расында заң бұзылғанын (…), дипломды оңды-солды таратқанын анықтадық. Бұл ретте біз ЖОО саны аз болсын деп отырған жоқпыз, саны көп болса да, сапа жағын естен шығармау керек. Сондықтан талапты күшейтіп жатырмыз», –  деп түйіндеді Аймағамбетов. 

 

Сондай-ақ оқыңыз