Қазақстанның 60-тан астам университеті жұмыссыздарды дайындайды

Жарияланды
Бұл ЖОО-ларды бітірген жастардың тең жартысы жұмыс таба алмай жүр

Қазақтанның 60-тан аса ЖОО-сы болашақ жұмыссыздарды дайындап жатыр деп мәлімдеді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев. 

«Талдау деректері бойынша, түлектердің мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 50%-дан төмен 61 оқу орны анықталды», –деді  Олжас Ордабаев білім беру бағдарламалары рейтингіне арналған баспасөз-жиынында. 

Оның айтуынша, бұл мәселе көптеген ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып дайындамайтындығынан туындап отыр. Түлектердің ЖОО қабырғасында алған нақты білімі, біліктілігі және кәсіби дағдылары жұмыс берушілерді 32 пайызға ғана қанағаттандырады екен. 

«Дәл осы тәсілді қолданатын жоғары оқу орындары рейтинг нәтижелері бойынша үздіктердің қатарында келеді», – деп атап өтті ҰКП өкілі. 

Осы ретте, спикер Рудный индустриалық институтының тәжірибесін мысалға келтірді. Аталмыш ЖОО-ның «жылу энергетикасы» мамандығын бітірген түлектер  100% жұмысқа орналасады. Өйткені аталмыш оқу орны ERG компаниясымен тығыз байланыс орнатқан және білім беру бағдарламасын жұмыс берушімен бірлесе отырып жасап, өз түлектерінің жұмысқа орналасуына кепілдік береді. 

Сонымен қатар, Қарағанды мемлекеттік индустриалық университеті де «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-мен әріптестік орнатудың арқасында, «Электр энергетикасы», «Көлік, көлік техникасы және технология», «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» сынды мамандықты бітірген түлектерін 100 пайыз жұмыспен қамтамасыз еткен. 

Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары рейтингі – «Атамекен» ҰКП, Білім және ғылым министрлігі және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы бірлесе отырып жасаған зерттеу. 

Рейтинг аясында жоғары оқу орындарының ұсынған материалдарын зерделеу нәтижесінде, 90 мамандық бойынша 2036 білім беру бағдарламасы бағаланып, Қазақстанның барлық өңірлерінен 700-ден аса сарапшы қатысқан.
 
 

Сондай-ақ оқыңыз