Қызылордада жекеменшік мектеп ашудың жолы қандай?

Жарияланды
София Әбдіразақованың кейсі

Кәсіпкер София Әбдіразақова жекеменшік мектеп ең таза және адал кәсіп екеніне сенімді. «Сен тек бизнеспен айналысып қоймай, балаларға, қоғамға, еліңе пайдалы іс тындырасың»,–  деп пайымдайды кәсіпкер.

Үш баланың анасы, мамандығы бойынша мұғалім, бизнес-тренер, қалалық және облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі София Әбдіразақова былтыр күзде Қызылорда қаласындағы жекеменшік үш мектептің бірін ашқан еді.

«Бәрі 2017 жылы ашылған консалтинг компаниясынан басталды, мамандығы педагог үш әйел агроөнеркәсіптен бастап, ІТ-технологияларға дейін, түрлі жобалармен айналыстық. Жекеменшік мектеп біз үшін жаңа жоба еді. Алғашқы кезде балабақша ғимаратында  0-1-2 сыныптағы 40 шақты баланы оқыттық. Осы күнімізге қанағат етіп жүргенбіз. Кейін баласын біздің мектепке бергісі келетіндердің қатары көп екенін байқадық та, көктемде жаңа ғимаратқа көшіп келдік. Енді 0-4 сыныптарға 320 баланы қабылдай аламыз»,– дейді кәсіпкер. 

Оның айтуынша, жоба құрылтайшыларының арасында депутаттар да, ірі бизнесмендер де жоқ, тек қарапайым мұғалімдер. 
9 миллион теңге көлеміндегі бастапқы капиталды өз қалталарынан шығарған. Олар бұл ақшаға қажетті ғимаратты жалға алып, жиһаз, арнайы құрал-жабдықтар сатып алды. Балалар өздерін жайлы сезінуі үшін, құрылтайшылар кейбір заттарды үйлерінен алып келген. Бизнес жаңа ғимаратқа көшкен соң, 6 миллион теңге көлемінде несие алған. 

Шенеуніктер мен әріптестер 

Бизнес-ледидің айтуынша, олар бастапқы кезде жекеменшік мектеп ашуға қатысты сенімді және нақты ақпараттың жоқтығымен бетпе-бет келген. 

«Мәселен, лицензия алу үшін қандай құжат қажет, оны қайда тапсыру керектігін білмедік. Мемлекеттік органдарға құжаттарымызды тапсырамыз, олар ескертпелерін жазып, қайтарып жібереді. Қатесін түзетіп, қағаздарды қайта өткіземіз. Бұның бәрі көп уақыт алады. Әкімдікте, болмаса кәсіпкерлер палатасында қандай құжаттар, оны қайда тапсыру қажетінің жай-жапсарын жақсы білетін, кәсіпкерлерге нақты түсіндіріп беретін маман жетіспеді. Оның үстіне бюрократия да  айналып өтпеді. Десе де біз жекеменшік мектеп ашуға рұқсат алып, лицензияға қол жеткіздік», – деп еске алады кәсіпкер.

Жаңа жекеменшік мектептің ашылуын елдің бәрі қолдай қойған жоқ. Тіпті бір мектептің директоры «енді жекеменшік мектептер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптайды» деп ренжіген көрінеді. Ал кейбірі бұндай  іспен тәжірибелі мамандар айналысқаны дұрыс деп тұжырымдайды. 

София Әбдіразақованың айтуынша, ол бұл пікірлермен келісетінде еді, алайда қазіргі білім беру үрдісінің кеңестік білім беруден айырмашылығы үлкен.

«Маған қазақ-түрік лицейлеріндегі білім беру жүйесі қатты ұнайды. Оларда ортақ мүдде, ортақ байланыс бар. Бұл мектептің оқушылары  сапалы білім ғана емес, жақсы тәрбие алып шығады, өмірлік ұстанымдары да мықты, бұның бәрінің негізі лицей қабырғасында қаланады. Біздің мектеп дәл сондай болғанын қалаймыз», – дейді спикер. 

Сондай-ақ ол мектеп бағдарламасының толықтай ҚР БжҒМ білім стандарттарына сай екенін атап өтті. 

Тиімділік пен оқу құны

Бұл кәсіптің тиімділігін арттыруға 2019 жылдың басынан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына бөлінетін мемлекеттік тапсырыс ықпал етуі тиіс еді. Бірақ мұнда  әлі бәрі анық емес.

«Мәселе мынада, 1-4 бастауыш сынып оқушылары үшін субсидия алуға өтінішті біз де бергенбіз, алайда ата-аналар арасында мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын 0-сыныпқа сұраныс жоғары», –деп түсіндірді кәсіпкер. 
Десе де, білім саласындағы бизнеспен айналысқан тиімді екеніне сенімді. 

«Нақты соған қол жекізгенде, пайда кіргізетін белгілі бір көрсеткіштеріміз бар. Алдымызға мектепті 1000 оқушымен толтыру міндетін қоймаймыз. Бір қызығы, Қызылордада кәсіп бастаудың ерекшелігі сол, біреу жекеменшік мектеп ашса, келесі біреу тура сондай мектеп ашқысы келеді. Жекеменшік балабақшалармен тура осындай жағдай қалыптасып, олардың саны 200-ден асып жығылып еді. Тойхана, дәріханалармен де тура сол. Бұл «бумнан» кейін кім қалады, мәселе сонда»,– дейді кәсіпкер. 

София ханымның айтуынша, елімізде жекеменшік мектептер нарығы өте салмақты. Олардағы бір айлық оқу құны оқушы басына 50 мың теңгеден басталады. Алайда Қызылордада бұл нарық енді-енді қалыптасып келеді жатқандықтан, көпшілік одан пайда көзін көріп тұрған жоқ. 

«2013 жылы 500 теңгелік кофе сататын кофехана ашқан едім. Сол кезде көпшілігі базарда 35 теңге тұратын кофені қалайша 500 теңгеге сатуға болады деп ренжитін еді. Сонда бұл бағаға не кіретінін түсіндіріп әуре болатынмын. Дәл сол уақытта Алматы мен астанамызда бұл сусынды 500-ден де қымбатқа сататын кофеханалар желісі кеңінен жұмыс істеп тұрды, елдің бәрі  ештеңе демей-ақ, кофесін сатып алатын. Қазір Қызылордадағы жекеменшік мектептермен тура осындай жағдай қалыптасып тұр», – деген құрылтайшының алдағы уақытта білім беру кластерін құру жоспары бар. Яғни 5-9 сынып аралығында білім беруге лицензия алу, жеке балабақша ашу және колледж жұмысын ұйымдастыру. 

Қызылорда облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, облыста 293 мектеп болса, оның үшеуі  – жекеменшік. Былтыр жекеменшік мектептерде барлығы 400-ден астам бала оқыған. 

Білім бөлімінің басшысы Майра Меделбекованың айтуынша, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде 1450 орындық тағы үш жаңа жеке мектеп ашу жоспарланған. Жалпы, биыл облыста 164 мың бала мектепке барады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7 мыңға артық.

Қызылорда облысының мектептерінде 4 мыңға жуық орын жетіспеушілігі байқалғанымен, оқушысы сыймай жатқан да, бала толмай жатқан да мектептер бар. Бұл мәселені шешу үшін, оқушысы аз кейбір мектептерді IT-мектепке айналдырған. Ал мектеп тапшылығы түйкілін жеке бизнесті тарту арқылы шешуге үміт артып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз