Tyson Foods және Valmont Industries компаниялары Қазақстанға инвестиция салады

Жарияланды
Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапары барысында бірқатар келісімдерге қол қойылды

Қазақстан Премьер-Министрінің АҚШ-қа жұмыс сапары аясында американдық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

«Tyson Foods» – Қазақстанға ет өңдеуді дамытуға және фермерлік шаруашылықтардың мал басын арттыруға серпін беруі үшін қажетті тәжірибесі бар әлемдік деңгейдегі компания. Кәсіпорынды ашу ет индустриясының ғана емес, АӨК-тің басқа да шектес салаларын – ветеринарияны, аграрлық машина жасауды, мал азығы дақылдарын өсіруді, мал бордақылау алаңдарын ашуды т.б. дамуын ынталандыратын болады. Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығында ондаған мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Асқар Мамин.
 

Қол қойылған құжат бірінші кезеңде ҚР-да қуаттылығы тәулігіне 2 мыңға жуық мал басын құрайтын заманауи ет өңдеу кешенін салуды қарастырады. Кәсіпорын қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, өнімді шетел нарықтарына экспорттауға мүмкіндік береді, осылайша, елдегі жылдық ауыл шаруашылығы кірісін $1 млрд-тан астамға қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді.

«Tyson Foods» қазақстандық «Kusto Group» компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асырады. Өндірістік циклде қазақстандық фермерлерге «Экстеншн» американдық қызметінің үлгісі бойынша ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету қолдауы бар, онда кеңес беру, жергілікті жерлерде кадрлардың біліктілігін арттыру және кәсіптік-техникалық оқыту қарастырылған. 

Үкімет басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл қаласына және Небраска штатындағы Дакота-Сити қаласына барып, «Tyson Foods» компаниясының өндірістік қуаттылықтарымен, технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты.  
Омаха қаласында Премьер-Министр Небраска штатының губернаторы Д.П. Рикеттспен және суару жүйелері нарығындағы көшбасшы «Valmont Industries» компаниясының президенті С. Каниевскимен кездесті.  

Тараптар механикаландырылған суару, телекоммуникациялар, жаңартылатын энергетика, инфрақұрылымдық құрылыс, сондай-ақ аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. 
Келіссөз қорытындысы бойынша А. Маминнің және П. Рикеттстің қатысуымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kusto Group» қазақстандық компаниясы және «Valmont Industries» арасында Қазақстан Республикасында тиімді суару және ауыл шаруашылығындағы өнімділікті жақсарту қағидаттары туралы Келісімге қол қойылды. 

«Valmont Industries» озық технологияларын пайдалану өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы үшін жем-шөп базасын құруда мультипликативті әсер береді», – деді А. Мамин.

Премьер-Министр Қазақстанның 2022 жылға қарай суармалы жерлер көлемін 1,4 млн га-дан 2 млн га-ға дейін, ал 2030 жылға қарай – 3 млн га-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын атап өтті. 

«Valmont Industries» бас кеңсесін аралау кезінде Үкімет басшысы кәсіпорынның өндірістік қуаттылықтарымен және технологиялық процесімен танысты. 

Сондай-ақ оқыңыз