Байланыс операторлары тариф бойынша төлемді қайтадан толық 1 айға алады

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Тариф енді 28 күнде бітіп қалмайды

Жария талқылауға ұсынылған «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24-ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық жобасына сәйкес осындай өзгеріс енгізілмек. 

«Ұялы байланыс қызметтерін абонентке ұялы байланыс операторы осы Қағидаларға сәйкес, онымен шарт жасалған сәттен бастап, жиырма төрт сағаттан кешіктірмей ұсынады. Алдын ала төлемді көздейтін тарифтік жоспарлар бойынша ұялы байланыс қызметтерін көрсету, ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартта белгіленген тәртіппен және шарттарда төлем жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Алдын ала төлемді қарастыратын тарифтік жоспардың есептік кезеңі оған қосылған күннен бастап келесі айдың ұқсас күніне дейін басталады», – делінген аталмыш  құжатта. 

Құжат негіздемесінде атап өтілгендей, бұл норма Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың 2019 жылғы 22-қарашадағы 17-6/3448 тапсырмасын орындау үшін, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының 28 күнге тең тарифтік жоспарлардың есептік кезеңін белгілеуге қатысты абоненттерден келіп түскен шағымдардың алдын алу мақсатында енгізіледі. Осыған байланысты Тарифтік жоспар кезеңі нақтыланады.

Сонымен қатар, байланыс қызметін көрсету ережелерінің 43-тармағына да өзгеріс енгізу ұсынылған: «Есеп айырысудың аванстық тәртібінде абонент ұялы байланыс қызметтерін жеке шотына жеткілікті ұялы байланыс қызметтерін төлеуге арналған ақша түскеннен кейін пайдаланады. Ақша абонент таңдаған тарифтік жоспарға қосылған күні абоненттің жеке шотынан алынады. Ақшаны кейіннен есептен шығару келесі айдың сол күні жүзеге асырылады. Егер абонент тарифтік жоспарға айдың соңғы күні қосылған болса, абоненттің жеке шотынан келесі ақшаны есептен шығару күні келесі айдың соңғы күні болады».

Бұл тармаққа өзгеріс ереженің 25-тармағына сәйкес келтіру үшін, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының 28 күнге тең тарифтік жоспарлардың есептік кезеңін белгілеуге қатысты абоненттерден келіп түскен шағымдардың алдын алу мақсатында енгізіліп отыр.

Құжатты жария талқылау 19 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Айта кетейік, 20-қарашада Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Екатерина Никитинская Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға  депутаттық сауал жолдап, ұялы байланыс операторлары бағаны келісіп қояды деген күдігін жеткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз