Қазақстанның дайын ас жеткізу нарығын үлкен өзгеріс күтіп тұр

Жарияланды
Отандық нарыққа бірден 3 халықаралық компания кірді

Foodtech – бүкіл әлемде жедел қарқынмен дамып келе жатқан және бизнестің әдеттегі иірімін ғана емес, адамдардың әдет-дағдысын да өзгерткен қызмет. Алда бізді клиенті жоқ мейрамханалар, бизнестегі big data және клиент үшін қызу бәсеке күтіп тұр. Өйткені отандық нарыққа Яндекс.Еда, Glovo, Wolt сынды жаһандық ойыншылар кіріп жатыр.

Әлемдік нарық көлемі – $96,2 млрд

McKinsey компаниясының сарапшылары әлемдік азық-түлік жеткізу және дайын тамақ нарығын 96,2 миллиард долларға бағалайды.

Қазіргі кезде мейрамханалар мен фаст-фуд желілерінде дайындалатын астың 4 пайызы және азық-түліктің 1 пайызы жеткізу қызметі арқылы сатылады екен. 

Егер орташа көрсеткіштерді есепке алмасақ, онда дайын тамақты тұтынушылар көшін АҚШ азаматтары бастап тұр, америкалықтардың жартысына жуығы ас-ауқатын жақын жердегі мейрамханадан ала салады немесе тамақты үйге әкелуге тапсырыс береді. Бұндай әдет еуропалықтар арасында кең таралмаған, десе де, Ұлыбританияда халықтың 7 пайызы тамаққа арнайы қосымша арқылы тапсырыс бергенді жөн көреді. Ең қызығы, Ресейдің ірі қалаларында аталмыш қызметті пайдаланушылар қатары 9 пайызға жеткен.
 
Ең танымал дайын ас – пицца мен суши. Бизнес-ланч, дәстүрлі тағамдар мен десеттерге сұраныс аздау. Кейінгі кезде тапсырысты жеткізу уақыты клиент таңдауындағы басты талапқа айналды. Алайда логистика  мейрамхана бизнесінің ең мықты буыны емес. Қашанда  клиенттің қасынан табылып, тапсырысты тез жеткізу – үнемі курьерлер санын арттыру мен өндірістік желіні кеңейту, барлық процестерді басқаратын IT жүйелерді енгізу деген сөз. 

Осы талмау тұсқа жылдам ақпарат алмасуда қалыптасқан технологиялары бар және оңтайландырылған жеткізу жүйесін иеленетін курьерлік компаниялар келіп кірді. 

Алайда бұл мейрамханалардың клиенттермен тікелей байланысып, оның талғамын бағамдап отырған дәстүрлі жүйесінің бұзылуына әкеп соқты. Әдетте сатып алушы мейрамханаға қоңырау шалады да, осы мекеменің курьері жеткізетін тағамға онлайн тапсырыс беретін. Осы әдіс мейрамхананың тұтынушымен тікелей байланыс ұстауына мүмкіндік беретін. Ал әмбебап қосымшалардың пайда болуымен осы қатынас үзіліп, енді клиент арадағы делдал – қосымша арқылы байланысқа шығады. Соның кесірінен мейрамхана тұтынушының талғамы өзгергенін өте кеш, сатылым түсіп кеткен кезде ғана байқайды.  

Осы тұрғыдан алғанда, ірі компаниялардың өзі осал екенін дәлелдейтін мысалдар көп. Айталық, пицца сататын ең ірі әлемдік Domino компаниясы дәстүрлі жүйені сақтап қалуға бар күшін салып, күресіп-ақ жатыр. Алайда курьерлік қосымшалардың басты мақсаты – инвестицияны молынан тарту арқылы  тағамды жеткізу құнын төмендетіп, нарықтағы өз үлесін жылдам арттыру болып тұр.
 
Domino олармен әріптестік орнатудан бас тартты, алайда компания мен жеткізу сервисі арасындағы текетірес компания акцияларының құнын 15 пайызға  арзандатып, сатылымның жылдық өсімін 7 пайыздан 3 пайызға төмендетіп жіберді.  
Ал тамақ жеткізумен айналысатын компаниялар өз кезегінде нарықтағы ықпалын арттыру үшін бас біріктіріп жатыр. Мәселен биыл жазда голландтық Takeaway.com N.V. мен  америкалық Just Eat PLC компаниялары қосылды. Біріккен компания жылына 355 млн клиентке қызмет көрсетіп, жалпы құны 8 млрд доллардың тапсырысын орындайды. 

Қашықтағы клиентті «қараңғы ас үй» тамақтандырады

M&A келісімдері азық-түлік пен дайын тамақ жеткізу нарығы әлі де өсетінін байқатады. Target Global-дың бағалауынша, foodtech нарығы жыл сайын 20-30 пайыз өсім көрсетуде, бұл оның инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Соның ішінде ең танымал бағыт – онлайн-қызмет, яғни, «қараңғы ас үй» –  тек онлайн-клиенттерден тапсырыс алатын мейрамханалар мен оларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін сервистер.

Аталмыш қызмет түрінің ТМД елдерінде танымалдығы артып келе жатқанының жарқын мысалы – «Яндекс.Еда» компаниясы. Жоба 2017 жылы Mail.ru тобының DeliveryClub компаниясы Ресей нарығында жалғыз өзі үстемдік құрып тұрған шақта пайда болды. 

Яндекс.Еда компаниясы өзі жұтқан Foodfox және  UberEATS компаниялары негізінде құрылған. Алғашқы жылы клиенттерінің қатары 100 мыңға жуық болса, бір жылдан соң олардың саны 1 миллионға жеткен. Ресейдің ірі-ірі 25 қаласына орныққан компания, сарапшылардың бағамдауынша, ресейлік нарықтың 20 пайызын жаулаған. Ал нарықтың 80 пайызы 97 қалада өкілдігі бар DeliveryClub-қа тиесілі.  

Жұрттың назары қазіргі кезде осы бәсекелестер арасындағы күрестің кезекті сатысына ауған: жақында Яндекс.Еда тегін жеткізу қызметін енгізгенін жариялағанымен, әзірге DeliveryClub олардың бұл қадамына еш жауап қатпады. Айта кетейік, бүгінде ресейлік дайын тамақ нарығы 132 млрд рубльді құрайды (шамамен 764,7 млрд теңге). Осы орайда біз көріп-білмеген деңгейдегі бәсекеде шыңдалған, бәсеке алаңын қыздыратын шетелдік ойыншылардың келуімен қазақстандық нарық қаншалықты өзгереді деген сауал туындайды. 

Қазақстан нарығына қандай әлемдік компаниялар келді?

Бүгінде Яндекс.Еда жобасы Қазақстан нарығына кірді деп тұжырымдасақ та болар. Өйткені компания өкілдері  жергілікті жоба жұмысын бастағанға дейін ресми түрде еш түсініктеме бермесе де, жеткізу сервисін такси қызметі негізінде сынақтан өткізіп жатқанын мойындады. Сонымен бірге компания Беларусь нарығына да бет алған. 

«Яндекс-Еда» компаниясынан бөлек, отандық нарыққа тағы бір ойыншы, фин стартапы – Wolt қосылмақ. Қазігі кезде компания негізгі қызметкерлерін жасақтап жатыр. Еупораның 14 елінде жұмыс істейтін бұл жобаның 1,5 миллионнан аса клиенті бар, негізгі қызметі – мейрамханалардан дайын ас жеткізу. 

Сонымен қатар, биыл жазда қазақстандық нарыққа Glovo компаниясы кірді. Ол тапсырушыға кез-келген өнімді, соның ішінде азық-түлік пен дайын тағамды да жеткізіп береді. Glovo әлемнің 22 елінде жұмыс істейді, 2015 жылдан бері компанияның курьерлері 40 миллионнан аса тапсырыс орындаған. Аталмыш компанияның әлемдік серіктестері қатарына McDonald’s, KFC және Starbucks бар.

Қазақстан нарығында осындай салмақты ойыншылардың пайда болуымен жеткізу қызметінің экспанциясын бастан өткерген елдердегі сценарий бізде де қайталануы мүмкін: тамақ өндірісіндегі компаниялар жеткізу қызметін басыбайлы соларға тапсырады немесе олармен бірігуге мәжбүр болады. Ал курьерлік компаниялардың қысым көрсетуде қолданатын тәсілдері жетіп артылады. Мәселен, үлкен  қаржылық қолдау мен алып бизнестің арқасында олар тамақ нарығында өз брендін қалыптастырып, тұтынушыларды арзан бағамен қызықтырып, осы нишаға тартып ала салады.

Қазақстандағы тамақ жеткізу нарығы қандай?

Chocofood компаниясының мәліметтері бойынша, Қазақстанда азық-түлік пен дайын тағамды жеткізу қызметінің жылдық айналымы 11,6 млрд теңгеге жеткен. Қаржы тұрғысынан алғанда, бұл қызмет жылына 20%-ға өседі. Бұл өсімді негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қарағанды қалалары көрсетіп тұр.

Chocofood-тың өзі азық-түлік жеткізу нарығының 24% және foodtech нарығының 82% бақылайды, ал мобильді қосымшалар арқылы берілетін тапсырыстың басым бөлігі  chocofood.kz арқылы жасалады. Азық-түлік жеткізу нарығындағы өзге ірі ойыншылар – Samurai Sushi, KFC/Hardee’s, Burger King, McDonald’s, Gippo сынды  өзінің жеткізу қызметі бар компаниялар. 

Нарықтағы болашақ текетіреске қатысты пікірінде компания бәсекелестіктің артуы – нарықтың өсіміне ықпал етеді деп атап өтті. Мәселен, жеткізу уақыты біршама қысқарып, big data технологиясының арқасында бизнес клиенттің қалауын болжай алады. Сондай-ақ, жергілікті компаниялар тұтынушы талғамын жақсы сезіп, оның өзіндік ерекшеліктерін білетініне сенімді. 

Естеріңізге сала кетейік, Chocofood 2014 жылдан бері  онлайн тапсырыс пен тамақ жеткізу саласындағы халықаралық Delivery Hero-ның еншілес компаниясы –  Foodpanda Kazakhstan-ның негізгі бәсекелесі еді.   Ал 2017 жылы Chocofood бәсекелесін жұтып, foodtech-қызметіндегі жалғыз көшбасшы атанды.

21 тамыз күні Chocofamily компаниясының бас директоры Рамиль Мухоряпов компанияға қосымша инвестиция тартқандарын мәлімдеді. Оған BI Group негізін қалаушы Айдын Рахымбаев 5 миллион доллар инвестиция салған. Мухоряпов қаржының негізгі бөлігі «Рахмет» және Chocofood қызметтерін дамытуға бағытталатынын атап өтті. Қазіргі кезде сhocofood.kz қызметі күніне 650 мейрамханадан 2,5 мың тапсырысты жеткізеді. Сhocofamily басшысының болжамы бойынша, алдағы бес жылда компания 18 есе өсіп, кірістің 70%-ы шетелдік жобалардан түсуі тиіс. Отандық нарықта шетелдік ойыншылармен бәсекелесу Chocofood қызметіне және Chocofamily холдингіне кем дегенде халықаралық деңгейде қолдануға болатын тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз