Базалық мөлшерлеме қалай өзгеруі мүмкін?

Жарияланды
Базалық мөлшерлемеге әсер ететін фактор көп. Фото: Асқар Ахметуллин

Қазіргі кезде сақталып отырған инфляциялық тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді, деп мәлімдеді ҰБ төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов. Қазақстанда айлық инфляция динамикасы 2022 жылғы наурыз айындағы ең жоғары мәнге (3,7%) жеткеннен бері, аздап төмендеп келеді.

Оның айтуынша, логистиканың өзгеруі, жоғары инфляциялық болжам, сұранысты фискалдық қолдау және кредит берудің артуына байланысты, инфляция өсуін жалғастырып келеді. Осы сақталып тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді.

Биыл қаңтарда айлық инфляция біртіндеп 1,1%-ға дейін төмендеді. Соған қарамастан, ол орташа жылдық мәннен едәуір асатын деңгейде қалып отыр.

«Жылдық мәнде 25,7%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне көптеп үлес қосып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорт тауарларының қымбаттауы мен оларға сұраныстың сақталуына байланысты 20,2%-ға дейін жеделдеді. Ақылы қызметтердің инфляциясы 14,2%-ға жетті», деді Шолпақұлов.

Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов депутаттық сауалға берген жауабында қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын жұмсарту дұрыс қадам емес деп мәлімдеген болатын.

«Базалық мөлшерлеме деңгейін белгілеу арқылы Ұлттық банк бағаның өсуіне белгілі бір уақыттан кейін (1-2 жыл) ғана әсер етеді. Тиісінше, жақын болашақта инфляцияны бәсеңдету және жоспарлы түрде төмендету үшін базалық мөлшерлеме ағымдағы деңгейде сақталатын болады», дейді Пірматов.

Қаңтар айында жылдық мәндегі инфляция деңгейі 20,7%-ға жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз