Алғашқы виртуалды байланыс операторын Қазақстан нарығында не күтіп тұр?

Жарияланды
Толыққанды жұмыс істеу үшін оған банкпен бірлесу қажет

Бұл байланыс операторын 2019 жылдың 19 маусымында Beeline сауда белгісінің иесі «Кар-Тел» ЖШС іске қосты. Қазіргі кезде қазақстандық алғашқы MVNO-оператор бета-тестілеу режимінде жұмыс істеп тұр.
 
Виртуалды ұялы байланыс операторы немесе MVNO-оператор (mobil evirtual network operator) – өзге оператордың дайын инфрақұрылымын қолдана отырып, өз брендімен қызмет ұсынатын ұялы байланыс операторы. 

Жеке сайтында: «izi – классикалық операторлардан бүкіл қызметін онлайн режимде ұсынуымен ерекшеленетін мобильді цифрлық оператор. Біз қызмет кеңселерінің орнына мобильді қосымшаны, сall-орталықтардың орнына чат-қолдауды пайдаланамыз. Қосылу, қызметті басқару және өзге де сервис «izi» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады» деп жазылған. 

Сондай-ақ, оператор сайтында SМS, қоңырау шалу және интернет трафигі бар қызмет пакетінің бағасы жарияланған. 

Құрамында 30 Гб трафик, 300 минут пен 50 SМS бар пакет құны айын 4 мың теңгеге шығады екен. Роуминг қызметі пакетінің құны туралы ақпарат сайттан табылмады. Мәселен, Испаниямен байланыс құны аса қолжетімді емес: 1 мегабайт құны 50 теңге болса, Қазақстанға кіріс-шығыс қоңырауы үшін 300 теңге төлеуге тура келеді, үшінші елге қоңырау шалу құны –1050 теңге. Есесіне роумингте izi қосымшасын тегін пайдалануға болады. 

Деседе, іzi-дің бәсекелестері Қазақстан нарығында виртуалды оператор пайда болатыны туралы жаңалыққа күмәнмен қарайды. 

«izi» ең қымбат маркетинг арналардың бірі – тікелей сатылымға шықты,– дейді «Фридом Финанс» АҚ директорлар кеңесінің директоры, «Кселл» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Турлов. – Бұл нарық қазірдің өзінде бағаның ең төменгі шегін ұстап тұр: байланыс арзан, ұялы байланыс операторларының маржасы төмен, ал баға бәсекесі тіптен құлдырап кетті».

Нарық өкілдері izi-дің баға саралымы түсініксіз екенін айтады, брендтің аты әлі шықпағанын ескерсек, клиент тартуға кететін қаржы Beeline-нің өзінен де жоғары болайын деп тұр. Ендеше аты танымал, бренд ретінде қалыптасқан байланыс операторларының өздеріне инфрақұрылымнан ақша табу қиын боп тұрғанда,  izi қалайша табысты болмақ деп таң қалады. Нарық өкілдерінің бұл пессимизмі бүкіл нарыққа әсер етті.  

Нарық статистикасы қандай?

Телекоммуникация нарығы өсімінің қайнар көзі – интернет байланысы қызметі. 2017 жылдың басынан 2019 жылдың мамырына дейін ол 24 пайызға өскен (мамыр айының қорытындысы бойынша, интернет қызметі 23 млрд теңгені құраған, ол нарықтың 36 пайызына тең). Ал ұялы байланыс нарығы 2019 жылдың соңғы 5 айында 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 0,3 пайыз ғана өсім көрсетіпті.  

Жалпы телекоммуникалық қызметті алып қарағанда, 2019 жылдың мамырындағы жағдай бойынша, мобильді байланыстың үлесі 28 пайызды құрайды. Бұл нарықта салмағы бойынша екінші тұрған сегмент. Үшіншісі – түрлі телекоммуникациялық қызметтер. Алайда ол өте тұрақсыз, сондықтан оған талдау жасау мүмкін емес. Оның телекоммуникация нарығындағы үлесі 18 пайызды құрайды. Осы үш ірі сегмент бүкіл нарықтың 82 пайызын иеленеді. 

«Қазақстанның телеком нарығынан ешкім рекорд күтіп отырған жоқ. Қазақстанның өзіне тән даму үлгісі де жоқ. Біз әлемдік тренд жолымен келеміз», – деген iKS-Consulting өкілдігінің директоры Светлана Черненконың ойынша, байланыс оперторлары пакеттік ұсыныстар мен тарифтік жоспарлардан пайда табуға тырысады. Айталық, ұсынылатын пакетке кіретін қызмет түрін көбейте отырып, оның құнын да арттыра түспек.

Виртуалды оператордың болашағы бар ма?

Қазіргі кезде Қазақстанда  MVNO-операторлардың жаппай пайда болуына ықпал ететін алғышарттар қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Біршама уақыт бұрын осы мәселеге қатысты пікірталас өткен еді. Оған қатысушылардың пікірі көңіл көншітерлік болмады: ол тек технологиялық парадигма өзгергенде, мәселен, 5G қосылғанда немесе реттеуші базаға үлкен өзгеріс енгізгенде ғана жүзеге асуы мүмкін. 

Оның үстіне витуралды операторлар бәсекеге қабілетті белгілі бір аудиторияға бағытталып, тұтынушыға өте ерекше бірегей ұсыныс ұсына алуы керек. Мәселен, Virgin Mobile-дың өзі тек iPhone қолданушылармен жұмыс істейді. Бұдан басқа ерекше мысалдар да бар, айталық,  Австриядағы Ventocom операторы «Рапид» футбол клубымен бірлесе отырып жоба жасаған. Нәтижесінде 900 мың жанкүйерге қызмет көрсетуге бағытталған виртуалды оператор іске қосылған. Бұндай нишалық тәсілдің тағы бір мысалы – Igreja Sara Nossa Terra евангелие шіркеуі, ол өз келушілеріне арнап Mais Parceiros de Deus атты виртуалды байланыс операторын жасап шығарады. 

Банк пен оператор

Екінші жағынан, виртуалды операторлар қаржы ұйымдары үшін клиент туралы қосымша дереккөзіне айналуы мүмкін. Бұндай бірігудің жарқын мысалы – банк пен байланыс операторы. «Қазіргі кезде клиенттердің 90 пайызының жолы қаржы ұйымдары инфрақұрылымы емес, мобильді қосымша мен интернет арқылы өтеді,– дейді Prime Source СЕО Евгений Щербинин.

 – Бұл банктерді маркетплейлист, әлеуметтік желі, агрегаторлар мен түрлі қызмет ұсынушылармен әріптестік орнату жолдарын іздеуге итермелейді. Клиент туралы толыққанды ақпаратты байланыс операторы арқылы ала алады. Ол қайда тұрасыз, қайда жұмыс істейсіз, қайда жүргеніңіз, кіммен кездестіңіз, кіммен сөйлестіңіз, қандай интернет-ресурсқа кіресіз – барлығын біледі». 

Осы орайда Евгений Щербинин көрші елдегі банк пен оператордың бірігуін мысалға келтіреді. 

«Ресейдің Tinkoff Bank-і бірнеше жыл бұрын өзінің виртуалды ұялы байланыс операторын іске қосты. Телеком операторлары мен банктің бизнес-үрдісінің бірігуі зор әлеуетке ие, өйткені нақты уақыттағы ұсыныстардың тиімділігі 50 пайызға жеткен, ал банк жіберетін СМС-терге клиенттердің үн қатуы 1 пайыздан да аспайды», – деп пайымдайды Щербин.  –Мәселен, қазір қатты дамып жатқан геймификацияны пайдалану үшін байланыс операторымен нақты уақытта бірлесе алса, банктің клиент үшін бәсекеде бәсі жоғары болумен қатар, оның  өз қызметіне деген сұранысын дамыта алады. Телеком операторлары үшін дер кезінде, оқиғалық маркетинг желісімен жасалған ортақ жобалар бизнеске ұялы байланыс қызметі кеңінен қолданылған кездегідей мол табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беруі ықтимал».

Сондай-ақ оқыңыз