Қазақстандық стартап шығарған Wi-Fi-роутер Amazon-да сатылмақ

Жарияланды
Басшы газет редакторы
Стартаптың краудфандингтен кейінгі ғұмыры қандай болды?

Nommi – Қазақстаннан шыққан алғашқы hardware-стартап, ол халықаралық Indiеgogo алаңында краудфандингті табысты ұйымдастырып, өз бекерлеріне  (краудфандинг алаңында тапсырыс беруші) құрылғыларын жеткізе бастады. Алайда өздері белгілеген мерзімнен 9 ай кешіккенін де айтып өткен жөн. Стартаптың краудфандингтен кейінгі өмірі жайлы «Курсивтің» материалында. 

Наурыздың соңында App Store мен  Play Market-те Nommi қосымшасы пайда болды. Ал бірнеше күн бұрын қазақстандық стартап өзінің алғашқы сатып алушыларына қосымшамен аттас құрылғыны жібере бастады. Nommi – бұл жеке Mi-Fi-роутер, ол виртуалды SIM-карта технологиясын қолданады, сондай-ақ пауэрбанк ретінде де пайдалануға болады. Бұл гаджет саяхатшылардың шетелде мегабайтқа байланып қалмай, бөтен шаһарда қалалық  Wi-Fi-ға қалай қосылуды іздеп жүрмеуі үшін жасалған.  Осы шағын гаджет арқылы саяхатшы әлемнің кез-келген еліндегі қолжетімді Wi-Fi желісіне автоматты түрде қосыла алады.  Бұл желілердің құпия кілттері құрылғыда сақталған.
 
Nommi жобасының негізін қалаушылар – қазақстандық Қайрат Ахметов пен Алена Ткаченко

Indiеgogo алаңына Nommi командасы 2017 жылдың желтоқсанында шығып, бүкіл краудфанд кезеңінде, басында айтылған 25 мың доллардың орнына 90мың доллар жинаған. Құрылғыны  бекерлерге жеткізу (жобаға сенім білдіріп, әлі жасалмаған өнім үшін ақша төлеген тапсырыс берушілер) 2018 жылдың маусымына жоспарланған еді. Бірақ іс жүзінде алғашқы сатып алушыларына Nommi тек 2019 жылдың наурызында жөнелтілді. 

Менің Nommi-ім қайда? 

Стартап туралы алғашқы жаңалықтар өте жағымды еді, команда өнімнің өндірістік үлгісін жасап жатты. Бірақ былтыр мамыр айында оның кешеуілдеп жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Девайс жасау алға жылжып жатқанын айта келе, стартапшылар  жоспардан тыс өзгерістердің кесірінен тестілеу мен жаппай өндіріске жіберуге біршама уақыт қажет деп ескертті. Бекерлерге өнімді жеткізу уақыты қыркүйекке шегерілгені жайлы ескертілді. Сол кезде қарша жауған жағымсыз пікірлердің арасында бірлі-жарым қолдау білдіргендер де болды. «Жақсы жұмыс істейтін өнім алу үшін мен күте тұруға дайынмын» деп жазды бекерлердің бірі. Күзге дейінгі біраз тыныштықтан соң, наразы пікірлер қайтадан естіле бастады: өйткені уәде етілген құрылғы әлі бекерлердің қолына тимеген еді. 

Nommi командасы өздерінің алғашқы клиенттерінен кешірім сұрай отырып, өндірісті кейінге шегере берді. «Кейбір сәттерде почта мен әлеуметтік желілерге кіруге де қорқатын болдым. Қазақстандағы клиенттеріміздің қатары 6 пайыздан аспайды, бірақ Алматы мен Астанада жүрген кезде, барлық клиенттер осы жақтан секілді көрінетін. Барлығының сұрайтыны бір: «Менің Nommi-ім қайда?» – деп еске алады Алена Ткаченко.

Компанияның барлық бекерлері өз Nommi-ін алған соң, «сендер алаяқсыңдар» деген айыптаулар жойылған кезде, құрылғының нарыққа шығуына не кедергі болғаны жайлы айта берсе болар. Ең қызығы, ол көбіне технологиялық емес, логистикалық қиындықтармен байланысты болған. 

Шэньчжэньнен шыққан ұзақ жол

Құрылғыларды әдетте Қытайдың Шэньчжэнь қаласында құрастырады, бұл – электронды құрылғы мен «темір» стартаптар өндірісі шоғырланған ірі мегаполис. Ол жақпен жұмыс істеудің екі жолы бар еді: стартап иелері 1-2 адамды Қытайға іссапармен жіберіп, мамандар өндіріс процесінің басы-қасында жүреді, не болмаса өндірушімен қашықтықтан байланысып, олар өнімді әр кезеңнен соң тексеріске жіберіп отырады. Қазақстандық стартап екінші жолды таңдады. Ал іс жүзінде қалай болды? Қытайлық серіктес үлгіні Қазақстанға жібереді, ол Шэньчжэннен Гонконгқа, одан Дюссельдорфқа барып, содан кейін ғана Алматыға жететін еді. 

«Алғашқы кезеңде үлгіні өзіміз қарап қана қоймай, бізге көмектескен украиндықтарға да жіберіп отыру керек еді. Оған тағы да 1 апта уақыт кететін. Нәтижесінде үлгіні ары-бері жөнелтіп жүріп-ақ, 1 ай жоғалтасың», – дейді А.Ткаченко. Тағы 3-4 күн үлгіні тексерістен өткізуге кетеді: жартылдай зарядталған кезде, ал заряды мүлдем азайғанда қалай жұмыс істейтінін анықтау қажет. Сосын өндіруші нені жөндеу қажеттігі жөнінде нұсқау алады, оны жөндеп қайта жібереді, үлгіні тағы да 2 апта күту керек – осылайша тұйық шеңбер орын алған. Қытайлық жұмыс стилі стартаптың тағы бір бас ауруына айналды. «Қытай өндірушілерімен жұмыс барысында, оларға  5 ескертпе жіберсең де, оны жөндеп, мінсіз өнім шығару деген оларға жүрмейтініне көзіміз жетті. Қытайлар міндетті түрде бір жағын жөндегенімен, басқа жағын бұзып жібереді, – деп күледі А.Ткаченко. Сондықтан бәрін қайта тексеріп отыруға тура келгендіктен, уақыты да ұзарып кеткен.
 
Ал «бірнеше маманды Қытайға жіберу керек пе еді» деген сауал Nommi командасы үшін басы ашық күйінде қалды. Бір жағынан 2-3 маманды Шэньчжэнге жіберу – бүкіл команданы Қазақстанда күттіріп қоюдан арзанға түсер ме еді бәлкім, бірақ Nommi-дің «темірден» бөлек, Алматыдағы әріптестермен бірлесе жасап жатқан софты да бар еді. Команданың бір бөлігі Қытайға кетіп қалса, стартаптың ішкі коммуникациясына нұқсан келер еді. Ткаченконың бір білері, Қытайда өз адамың болса, өндіріс мәселесі жылдам шешіледі. 

Қолдау кезеңі

Жалпы, hardware-стартаптар үшін өнім өндірісінің кешігуі – қалыпты құбылыс. «Бұрын бұндай құрылғыларды шығарып жүрген  компаниялар ғана өнімін өз мерзімінде жібереді, өйткені олардың тәжірибесі бар,  уақытын да дұрыс есептейді. Өнімнің 6 ай-1 жылға кешігуі қалыпты құбылыс саналады. Ал одан асып кетсе, команда есебінен жаңылысты немесе жоспардан тыс бірдеңе болды деген сөз», – деп тұжырымдайды Алена. 

Nommi-ді іске қосу барысында мүлде жоспардан тыс сәттер болмады. Қазақстандық стартап үлгіні қайта құрастырған жоқ, қосалқы  бөлшектері кешіксе де қолға тиді, ал таңдалған зауыт сенімнен шығып, өнімді құрастырып берді. Былтыр күзден бері енгізілген өзгерістер мен толықтырулар техникалық тұрғыда емес, көбінесе сыртқы кейпіне қатысты болды: жиналуы жеңіл ме, бәрін қалай бекіту керек секілді.

«Құрылғыны жинау қарапайым болуы маңызды екенін түсіндік. Оның ішінде бәрін салуға болады. Бірақ желіде тұрған қытай жұмысшыларына оны жинау қиынға соқса, онда жарамсыз өнімнің пайыздық үлесі өте үлкен болмақ. Бұдан басқа да ескеретін жайттар бар. Мәселен, нұсқаулықта «Тақтаны май-май қолмен жинамаңыз» деп жазбасаңыз,  жұмысшы түстеніп келіп, қолын жумастан жұмысқа кірісіп кетуі де мүмкін. Ал нәтижесінде девайс дұрыс жұмыс істемейді, – деп түсіндірді Ткаченко. 

Әзірге қолдау қызметіне «жұмыс істемейді» деген шағым түскен жоқ. Тұтынушыларды қолдау қызметін 24/7 форматында, ағылшын тілінде топ мүшелері өздері жүргізіп отыр. Сұрақ көптеп түскенімен, көпшілігі «нұсқаулықты оқыңыз» деген кеңеспен-ақ шешіліп жатыр. Қазақстандық стартаптың Wi-Fi-роутеріне тапсырыс берген 1,4 мың адамның үштен бір бөлігі қолдау қызметіне хабарласып үлгеріпті. Олардың көпшілігі құрылғының қашан келетінін сұраған. Десе де, стартап иелері нақ осы тапсырыс берушілердің пікірі мен ақпаратын күтіп отыр. Құрылғының алғашқы иелерінің ой-пікірі оны тұтынушы сұранысына орай бейімдеуге мүмкіндік береді. 

Жоспарлы экономика 

Қазақстандық стартаптың алдағы жоспары – тұрақты өнеркәсіптік өндірісті қалыптастырып, одан кейін Amazon, Newegg, Lazada сынды белгілі электрондық сауда алаңына шығу. Amazon-мен қазірдің өзінде келісім бар, бірақ роутерлердің қажетті саны жоқ. Алғашқы топтама бекерлерге таратылып кетті, тек 150 гаждет қалыпты. Ал америкалық онлайн-ритейлге шығу үшін айына кемінде 700 данасы керек.
 
«Бұл нені білдіреді? Біріншіден, біз барлық сертификаттымызды көрсетуіміз керек. Ең бастысы қажетті құрылғы саны қолымызда болуы тиіс. Енді өндірістің екінші кезеңін қаржыландыру міндеті тұр, оған 200-300 мың доллардай қаржы қажет»,–деп өз жоспарымен бөлісті Ткаченко. Стартапшылар өз өнімін Amazon алаңына жаздың ортасында-ақ шығаруды жоспарлап отыр. Ал жаңа партияның өндірісіне қажетті қаржыны инвестор іздемей, қарызға алмақ. 

Краудфандинг компаниясынан кейін Nommi командасы SkyBridge және басқа да жекелеген инвесторлардан $400 мың тартқан. Алғашқы партияның өндірісі өте қымбатқа түсіп, бекерлер роутерлерін өзіндік құнына жақын бағада алды. Ал стартаптың өзі көп табыс таппады. 
«Аса үлкен табыс таппағанымыз анық, – дейді Алена Ткаченко. – Оған қоса R&D шығын өте көп болды. Роутердің корпусы 2 бөліктен тұрады, олардың әрқайсына арналған баспа қалып құны – 15 мың доллар, оған қоса бізде корпустың нұсқасы екеу – Slim  мен Power…» Айта кетейік, Nommi стартап иелеріне құрылғы сатып қана емес, қызмет көрсету, яғни трафик ұсыну арқылы қаржы табуға мүмкіндік береді. 

Компания басымдық беріп отырған тағы бір бағыт – Wi-Fi қорымен біріктіру. Бұл бағыт құрылғыны дайындау барысында пайда болған. 

«Wi-Fi-қорымен біріктіруді тек  Nommi-да қолданып қоймай, телеком немесе саяхатқа арналаған қосымшалармен байланыстыра отырып дамытуға болатын жеке бағыт екенін түсіндік», – дейді стартапшылар. 

Nommi компаниясы бір өніммен шектеліп қала ма, әлде өзге де құрылғыларды дамытуды қолға ала ма, әзірге белгісіз. Қазіргі кезде роутердің жергілікті нарыққа арналған нұсқасын жасау жағы қарастырылуда. Алдағы айлар компанияның түрлі болжамдарын тексеру уақыты болмақ.  Енді бекерлер Nommi-ді не үшін сатып алғаны және оны қалай пайдаланатыны түсінікті бола түседі. Көптеген клиенттер құрылғыны қолданып көру үшін, бірден өз елдерінде трафик сатып алған.

Сондай-ақ оқыңыз