Өзбекстанда шағын бизнестің қатары көбеюде

Жарияланды (жаңартылды )
Алайда олардың экономикадағы үлесі азайып барады

Өзбекстанда биыл қаңтар-қыркүйек айларында 72 мыңнан аса шағын кәсіпорындар мен фирмалар құрылған, бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырсақ, одан 1,9 есе көп. Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің «Өзбекстан Республикасындағы шағын бизнес» есебінде осындай деректер келтірілген.

Соның ішінде, сауда-саттық (38,6%), өнеркәсіп (21,8%), құрылыс (10%), ауыл шаруашылығы (7,5%) және қызмет көрсету (10,8%) салаларында шағын фирмалар көптеп құрылған.

Аймақтар бойынша алсақ, жаңадан құрылған шағын кәсіп саны бойынша Ташкент көш бастап тұр  – ол жақта 14,5 мың фирма ашылған. Ең төменгі көрсеткіш Сырдария облысына тиесілі, бұл аймақта өткен 9 айда 2 мыңнан астам кәсіпкер өз ісін бастаған.

Есептік кезеңде шағын кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 57,2 пайызды құраған, ол былтырғы көрсеткіштен 3 пайызға төмен. Мемлекеттік статистика комитеті көрсеткіштің бұлай төмендеуін ЖІӨ құрылымында ірі кәсіпорындардың үлесінің артуымен түсіндіреді. Өңірлер бойынша шағын кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі ең үлкен үлесі Жизақ (83,1%), Сұрхандария (79,8%), Наманған (79,3%), Самарқан (78,8%) және Бұқара (74,9%) облыстарына тиесілі. Ең төменгі көрсеткіш  –31,3% Науаи облысында тіркелді.

Кәсіпкерлікті дамыту – Өзбекстан үкіметінің басымды міндеттерінің бірі. Соңғы екі жыл ішінде шағын кәсіпкерліктің жұмысын реттейтін 50-ден астам нормативтік актілер қабылданған. Атап айтсақ, шағын кәсіпті мемлекеттік тіркеу жеңілдетілген. Өзбекстан үкіметінің жанынан Кәсіпкерлік қызметті қолдау мемлекеттік қоры құрылған. Ал биыл басқармалардың жұмысын бағалайтын жаңа жүйе енгізілді. Жаңадан ашылған немесе қызметін қайта жаңғыртқан кәсіпорындар, сондай-ақ оларда құрылған жұмыс орындары –бұл басқармалар қызметінің негізгі көрсеткішінің бірі.

Сондай-ақ оқыңыз