Райымбек Баталов: «Бизнесті «көлеңкеден» шығуға ынталандыру керек»

Жарияланды
Raimbek Group-тың негізін қалаушы, «Атамекен» ҰКП президумының мүшесі болып табылатын белгілі кәсіпкер бизнеске өз табысын жасыруды доғару қаншалықты тиімді екенін айтып берді

2018 жыл аяқталып келеді. Қаржы нарығы үшін бұл жыл күйзеліс жылы болды: банктердің бірігуі мен банкроттығы, әрине, ел экономикасына әсер етпей қоймасы анық еді. Осы орайда 2018 жыл ел экономикасының нақты секторы, соның ішінде азық-түлік өнеркәсібі үшін қандай болғаны, шағын бизнестің түйткілді мәселелері, сондай-ақ, оны дамыту бағытындағы жаңа бастамалар туралы Raimbek Group-тың негізін қалаушы, «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі Райымбек Баталов «Курсивъпен» сұхбат барысында өз пікірімен бөлісті.  

– Райымбек Әнуарұлы, Сіздің компанияңыз үшін 2018 жыл қандай болды? 

–Алдыңғы жылдан аса үлкен айырмашылығы жоқ. Біз компаниямыздың тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлеміз, жұмыс үрдісін оңтайландырамыз, сонда да биыл керемет алға жылжыдық деп айтпас едім. Бірақ, бұнда белгілі бір тұрақтылық бар. Соған қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда, жаман болған жоқ, тіпті жақсы өтті.  

Түрлі себептерге байланысты компанияның қаржылық көрсеткіштеріне түсініктеме беруге дайын емеспін.  

Үш жылдан бері еркін айналымдағы теңге бағамымен өмір сүріп келеміз: осындай саясат жағдайында жұмыс істеген қалай? Теңге бағамының биылғы құбылуы сіздерге қатты әсер етті ме? 

– Теңге бағамының  қандайда бір құбылуы бүкіл қазақстандық бизнеске әрдайым әсер ететіні анық. Мәселен, көптеген өндірушілер өз өнімдеріне керекті құрал-жабдық пен шикізатты шетелден алуға мәжбүр, солардың қатарында біздің компания да бар. Сондықтан біз теңге бағамына қатты тәуелдіміз. Тербеліс аз болған сайын, біздің жағдайымыз жақсара түседі, 2018 жылы осындай тербелістер аз болғаны анық, сондықтан 2017 жылға қарағанда, оңтайлы болды деп айта аламын. Теңге бағамы да тұрақтанып келе жатқан сыңайлы.  

– Жыл ортасында кедендік баж салығынсыз тасымалдауды тоқтату салдарынан қант тапшылығы қатты сезілді. Бұл жағдайдан қалай шықтыңыздар?  

– Әлі күнге оны бастан өткеріп жатырмыз. Үкімет біздің жағдайымызды түсініп, біраз уақыт берді. Азды-көпті жеңілдікке ие тауар өндірушілер жаңа ахуалға бейімделіп алуы үшін, оны жыл соңына дейін созды.  

Түсінесіз бе, бізге тұрақтылық қажет. Біз белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланып келдік, ол аяқ астынан тоқтап қалған жағдайда – ол компанияны да, саланы да есеңгіретеді. Сондықтан, біз кенеттен пайда болатын кедергілердің болғанына қарсымыз. 

Біз жаңа жағдайлар мен шарттарға дайындалып үлгеретіндей қандай да бір уақыт аралығының болғанын қалаймыз – біз өзіміздің бизнес-жоспарларымыз бен қаржылық үлгілеріміздің негізіне белгілі бір көрсеткіштерді жатқызамыз, ал олар кенеттен өзгере салады және де бұл жағдай ішкі тиімсіздіктің мәселелерінен емес, ал сыртқы факторлардың кесірінен туындап отыр. Әрине, өмір бойы жеңілдік берілмейтінін тағы түсінеміз, бірақ мәселе мынада, біздің қол қойылып, келісілген келісім-шарттарымыз бар, сол бойынша жауапкершілімізге алған міндеттерімізді атқаруға уақыт беріңіздер. Оларды атқарып болған соң, жаңа ереже бойынша жұмыс істейтін боламыз.   

Сондықтан, бізге салық мәселесінде ғана емес, сондай-ақ үкіметке тәуелді нормативтік құжаттар тұрғысында да белгілі бір тұрақтылық қажет. 

IMG_8857.jpg

– Қантқа баж салығы салынған соң не істейсіздер? 

– Бағаны көтереміз. Нәтижесінде, ауыртпашылық тұтынушының қалтасына түседі. Бұл жерде ресейліктерге  да көп нәрсе байланысты. Өткен жылы олар қант қызылшасынан жақсы өнім алып, қант көп болды, ал биыл өнім былтырғыдай емес, сондықтан баға қатты өзгерді: Ресейдікі 600 доллар тұрса, Еуропадан келетін қанттың құны – 350 доллар. Екі есе арзан. Ал өзіміздің өндірушілердің әлеуеті аз.  

– Сіз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшесі ретінде 2018 жылы тауар өндірушілер үшін қандай жағдайлардың өзгергенін айта аласыз ба?  

– Тауар өндірушілер түрлі салада бар, сондықтан олардың барлығы үшін жауап беру қиын. Айталық, тамақ өнеркәсібінде заңнамалық тұрғыда ешнәрсені істеудің қажеті жоқ.   

– Біздің білуімізше, азық-түлік өндірушілердің ең басты мәселесі – импорттық шикізатқа тәуелділік… 

– Импорттық шикізатқа тәуелділік – бүкіл өндірушілер үшін басты мәселе. Айталық, сусын шығаруда 25 жылдың ішінде өзіміздің шикізаттық қорымызды қалыптастыра алмадық.  Әлі күнге сырттан сатып аламыз. Кейде шырынға жергілікті  алманы пайдаланамыз, соның ішінде өз бағымыздың алмасы да бар, бірақ өкінішке қарай, олардың пайыздық үлесі  мардымсыз.   

– Қазір шикізаттың қанша пайызын сырттан аласыздар?  

– 99%. 

– Бір сөзіңізде, сіз эксперимент ретінде бақ отырғызғаныңызды айтқан едіңіз….  

– Бақты осыдан сегіз жыл бұрын кері лизинг үлгісі бойынша еккен едік. Біз үкіметке шаруалардың қаржыландыруға қолжеткізуі үшін қажетті кепілзат пен көлемді жеке капитал мәселесін қалай шешу керектігін көрсеткіміз келді.  

«ҚазАгро» арқылы несие берілгенімен, шаруалардың басым бөлігінің оны алуға шамасы жетпейді. Сондықтан біз кері лизинг үлгісін ұсындық: бақ отырғызылып, ары қарай қаржыландыру үшін бизнеске кепілге беріледі. Өкінішке қарай, бұл үлгіні тек 5-6 жыл өткен соң ғана түсінді. Ол енді ғана жұмыс істей бастады. 

– Дегенмен, тәжірибе өз нәтижесін берді ғой? 

– Әрине, тәжірибе сәтті болып, Құдайға шүкір, жұмыс істеп тұр. Біз бұл істі қолға алған себебіміз, Ауылшарушылық министрлігі, «Қазагро» және басқа да қаржылық ұйымдар оны қаржыландыру құралы ретінде қолданғанын қаладық.  Бірақ, жалпы тауар өндірушілер үшін шикізатты импорттау мәселесі әлі де шиеленісті жағдайда.  Азық-түлік өнеркәсібінде басқа да түйткілді мәселе бар: керісінше, шикізат бар да, өңделген өнім түрі аз. Мәселен, астық пен соя. Олардан дайын өнім өндірудің орнына, сыртқа сатамыз.  

– Соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Олардан нәтиже бар ма?  

– Мемлекеттік бағдарламалардың түпкі мақсаты – тауар өндірушілер шығынын азайту  болуы тиіс. Бұл негізгі мәселе. Әрине, бірден өзіміздің мал бірден асыл тұқымды болып кетпесі анық, осы бағытта  арнайы мемлекеттік саясат болуы керек және шетелден асыл тұқымды малды импорттаумен қатар жүзеге асырылуы тиіс.  Біз бұл бизнесті жақсы білеміз, өзін-өзі өтеуі ұзаққа созылады, өйткені шетелдік сиыр  – қомақты инвестициялық шығын. Оның үстіне ауыл шаруашылығындағы бүкіл техника, құрал-жабдықтар – шетелдікі.  

Бір сиырдың құны – 5-6 мың еуро, тіпті одан да қымбат болуы мүмкін. Егер қарапайым қазақстандық шаруаға бір сиырдың бағасы –1 көліктің құнына тең деп айтсаң, шалқасынан түсуі мүмкін. Бұл шаруамен айналысуға мүмкіндігі барлардың қатары аз.  

Меніңше, қолға алынуы тиіс жеке саланың бірі – асыл тұқымды мал шаруашылығы. Сиырды шетелден емес, Қазақстаннан, отандық фермерлерден сатып алу үшін.   

– Қазір неге шетелден әкелеміз? 

– Өйткені, отандық түрі жоқ. 

IMG_8776.jpg

– Ал сүт сапасында айырмашылық бар ма?  

– Сүт сапасына жеген жем-шөбі, тұқымы, тегі және басқа да көрсеткіштер әсер ететіні белгілі. Кеңес заманында осы саламен мемлекет айналысатын еді. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, тек субсидия беру арқылы жеке шаруа қожалықтарын асыл тұқымды мал шараушылығын дамытуға мәжбүрлей алмайсың. 

– Күрделі қаржы шығынның (CAPEX) қайтарылымы туралы мәселені осыдан 5-10 жыл бұрын көтерген едіңіз. Міне, 2019 жыл да кеп қалды, мәселе сол күйі қалып тұр ма?  

– Бұл түйткілдерді бір күннің ішінде шешіп тастай алмайсың. Осы бағыттағы нақты стратегияның қажеттігі – басқа мәселе. Бұның барлығын ұйымдастырып, қолдап отыратын мемлекеттік жүйе болуы керек. Әрине, мемлекет әрқашан бізді қолдап отыруы тиіс деп айтпаймын. Бірақ, өкінішке орай, бизнесте біз оған қатты тәуелдіміз: жерді мемлекеттен аламыз, құрылысқа рұқсатты мемлекет береді, бақ егіп, коммуникация жүргізейін десең де, мемлекеттік мекемелермен келісуің керек және т.б.   

Жалпы алғанда, мемлекетке көп нәрсе тәуелді, сондықтан ең тиімді тәсіл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік екенін көптен бері айтып келемін. Бұл ең тиімді механизм деп есептеймін. Сәйкесінше, жеке компаниялар да, мемлекеттік жүйе де өзгеріп, тиімді бола түседі. Өйткені, біздің елде түрлі бағдарламаларға, шенеуніктерге: аудандық әкімдіктен бастап, жоғары биліктегілерге дейін үлкен шығын жұмсалып жатыр. Бізде алып аппарат бар, ал оның тиімділігі өте төмен.  

– «Курсивъке» осы жылдың мамыр айында берген сұхбатыңызда Сіз «Атамекен» ҰКП тарапынан шағын және орта бизнестің көлеңкеде қалу себептері туралы көлемді зерттеу жүргізіп жатқанын айтқан едіңіз. Бұл зерттеудің нәтижесі бар ма? 

– Иә, оны жақында ғана бітіріп, үкіметке нәтижесін таныстырып, өз ұсыныстарымызды айттық. Біз 10 мыңнан аса кәсіпкерлермен байланыс орнаттық, 40-тан аса көшпелі семинар өткіздік. Бұл баламасы жоқ зерттеу, бұндай жұмыс соңғы 25 жылда жүргізілген емес. 

– Оның мақсаты не еді? 

– Біріншіден, шағын бизнестің көлеңкеде қалуының негізгі себептерін сараптау. Екіншіден, бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін анықтау. Үшіншіден, шағын бизнестің көлеңкеден шығуын, қолма-қол емес төлемнің артуын ынталандыратын ұсыныстар дайындау. Сауда-саттық пен қызмет көрсету саласы ЖІӨ-нің 26 пайызын құрайды, алайда олардың басым бөлігі көлеңкеде жұмыс істейді. Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми мәліметтері бойынша, бөлшек сауданың 2017 жылғы декларацияланған тауар айналымы 4 трлн теңгені құраған. ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша, бұл цифр 8,8 трлн теңгені құрайды, яғни жартысынан астамы көлеңкеде қалып тұр. Ал біздің есебіміз бойынша, сауда-саттықтың нақты тауар айналымы 8,8, тіпті 4 трлн теңге емес, 15 трлн теңгені құрайды. Яғни 70 пайыздан астамы мемлекеттен жасырынып жүр. Бұл – мемлекеттік қазынаға кірістің толық  түспеуі ғана емес, азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалмауы. Біздің бағалауымыз бойыша, тек сауда саласында шамамен 1,3 миллион адам ешқандай ресми аударым жасамайды, яғни әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, 1 ЖК-да бір адам ғана жұмыс істейді. Меніңше бұлай болуы мүмкін емес. Жалғыз адам жұмыс істейтін бірде-бір дүкенді білмейді екенмін. 

– Шағын бизнестің көлеңкеден шыққысы келмеуінің себебі не? 

– Ең алдымен, заң аясында жұмыс істеу әлдеқайда тиімді екенін түсінбеу. Өз кәсібін «дәптерде» жүргізетін кәсіпкердің тиімділігі төмен. Қай сала екені маңызды емес, ритейл болсын, қызмет көрсету саласы болсын, бәсекеге қабілетсіз, тәуекелі жоғары. Өз бизнесін «дәптермен» жүргізетіндердің шығыны, ішкі ұрлық, ысырабы көп.  

– Олар нақты айналымын жасыратындықтан, салықты та аз төлейді… 

– Әрине, шағын бизнес онсызда әлемдегі ең төмен салық төлейді –  жеңілдетілген  үлгімен, бүкіл тауар айналымнан 3%. Қазақстан шағын бизнеске салық салу бойынша ең оңтайлы жағдай қалыптастырған елдің бірі екені шындық. Ал қызмет барысын автоматтандыру мен цифрландыру – бизнес үшін өте тиімді екенін түсіну керек. Біз қарапайым тәжірибе жасап көрдік: 2-3 күннің ішінде үй жанындағы бірнеше дүкеннің (50) бүкіл жұмыс барысын автоматтандырдық (тауарды қабылдау мен есепке алу, қаржы-қаражаттың айналамы және т.б.). Ал 2-3 айдан соң нәтиже мынандай болды: есептен шығарылған тауар көлемі 221 (!) пайызға кеміп (яғни, іс жүзінде ұрлық-қарлық азайған), орта есеппен тауар айналым 20-30 пайызға көбейіп, шығын 70 пайызға азайып, кіріс ең кемі 20 пайызға артқан!  

Бизнесті көлеңкеден шығуға ынталандыру керек. Бұл тек шыбыққа емес, «күлше ұстатуға» негізделген мемлекеттік саясат болуы тиіс. Біз өз тарапымыздан бизнеске қандай «күлше ұстату» керектігін айта аламыз, ал ең бастысы, шектен шығып кетпес үшін шыбықты да қолда мықтап ұстау қажеттігін түсінеміз.  

– Сонда нақты не ұсынып отырсыздар? 

– Салық кодексіне енгізілуі тиіс өзгеріс көп, соның ішінде цифрландыру бойынша. Олардың бір бөлігі қабылданды, бір бөлігі қарастырылып жатыр.   

Егер кәсіпкер қолма-қол емес төлем бойынша 145 мың АЕК-тен жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, ол қосымша құн салығы  бойынша есепке тұруы керек. Ал біз кәсіпкерді осы салықтан босатуды ұсынамыз. Яғни, бизнесті өзінің  қолма қол емес айналымының нақты көлемін көрсетуге ынталандырамыз.  

Тағы бір ұсынысымыз бар: POS-терминалдар, онлайн БКМ, ERP жүйелері мен құрал-жабдыққа кететін шығынды арнайы салықтық режим бойынша орта және шағын бизнес аударған міндетті табыс салығынан шегеру механизмін дайындау.  

Жалақыға кететін шығынның басым бөлігі көлеңкеде жүр. Біздің білуімізше, тек сауда-саттық саласында жұмыс істейтін 1 миллион адам БЖЗҚ-ға да, басқа да әлеуметтік орындарға ресми аударым жасамайды. Бұл үлкен көрсеткіш. Тауар айналымнан 3 пайыз – онсыз да аз көрсеткіш екенін түсінеміз, бірақ әр қызметкер үшін 30 пайыздан аса салық төлеу – өте ауыр. Сондықтан, орта және шағын бизнес үшін бұл көрсеткішті 5% дейін төмендетуді ұсынып отырмыз, оған зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру кіреді. Әзірге бұл ұсынысымыз қарастырылып жатыр.  

Тағы бір ұсынысымыз бар, оңайланған декларация бойынша қолмақол емес алынған табысқа салынатын салық пайызын төмендетіп (1% немесе 2%), ал тіркелген шегерім бойынша 7 пайыз көлемінде бекіту. 

Бұл бизнестің қолма-қол ақшасыз айналымын ашық көрсетуін ынталандыру үшін қажетті шаралар болып табылады. 

– Ал қазір шағын және орта бизнестің қолма-қол ақшасыз айналымындағы жағдайы қандай?  

– Өте қиын. Зерттеу нәтижесі бойынша, Алматы мен Алматы облысындағы үй жанындағы дүкендердің тек 7 пайызында POS-терминалдар кассалық аймақта орналасқан, ал 35 пайызы БКП-ны да сол аймақта ұстайды. Дүкендердің тек 7 пайызы ғана чек береді,  сауалнамаға қатысқандардың 14 пайызы ғана жұмыстарын автоматтандырған. Осы дүкендердегі арақ-шараптың 50 пайызы –заңсыз, құжатсыз әкелінген өнім. Алматыда жағдай осындай боп тұрғанда, аймақтар туралы сөз қозғаудың өзі артық.  

Ал дәл осы мезгілде елімізде онлайн төлем көлемі артып келеді, бұл – кері айналмайтын үрдіс. Егер 2016 жылдың тамызында жеке тұлғалардың карта бойынша жасаған төлем көлемі 114 млрд теңгені құраса, ал 2018 жылдың тамызында 519 млрд теңгеге жеткен, яғни, өсім 65 пайызды құрап отыр.  

Егер 2017 жылы онлайн төлем мен аударымдар бүкіл банк транзакциясының тек 22 пайызын құрап, адамдардың 78 пайызы ақшасын банкоматтан шешіп алса, ал бір жылдан соң онлайн төлемдердің көлемі 34 пайызға артып, қолма-қол ақша алу 66 пайызға дейін азайған. Яғни, қазір адамдардың көпшілігі ақшаны банкоматтан шешкеннен гөрі, банк картасымен төлем жасағанды жөн көреді. Бұл бір жағынан өте ыңғайлы, банкомат іздеудің қажет жоқ, кезекте тұрмайсың, қалтаңда тиын тасып, ақша шешкенің үшін комиссия төлемейсің. 

– Сіз бизнестегі ахуал туралы айтып жатырсыз. Ал мемлекет бизнестің көлеңкеден шығып, нақты тауар айналымын көрсетуге ынталандыру үшін не істеп жатыр? Ол шағын және орта бизнесті қолдап жатыр ма? Өйткені, кәсіпкерлер нақты табысын бекерден-бекер жасырмайды ғой…  

– Иә біз 7 мемлекеттік бағдарламаны талдап шықтық, аудан әкімдерімен, түрлі шенеуніктермен кездестік. Нәтиже қандай? 

Тағы да мысалға Алматыны алайық, шағын және орта бизнестің қаласы. 20 мыңнан аса орта және шағын бизнес өкілі тіркелген шаһардағы ең ірі аудан – Бостандық ауданы әкімімен кездестік. Әкімдікте 3 адам осы салаға жауапты екен. Яғни, 20 мыңнан астам жеке кәсіпкер тіркелген әкімдікте саланы 3 адам ғана бақылайды. Бұл бір жағы.   

Екінші маңызды жайт, олар қандай негізгі көрсеткіштер арқылы бақылайды? Оларда 50-ден аса көрсеткіш бар екен. Соның ішінде негізгі  көрсеткіштер: қазынаға төленетін салық, ашылған жұмыс орнының саны, айналым көлемі және т.б. көрсеткіштер бойынша алғашқы бестікке нақты кімдердің кіргенін білмейді. Жалпы алғанда, кез-келген әкім өз ауданы туралы бәрін біледі. Бірақ мен мемлекеттік алгоритм, әдіс-тәсіл туралы айтып отырмын, яғни аудан әкімінің нақты жүйеленген көрсеткіші жоқ. ШОБ-тың арасында жұмыс орындары көбі қайсысы? Қандай қызмет атқарады? Шаштараз ба, HoReCa ма, дүкен бе, СТО ма? 

Жұмыс орындары туралы мәлімет бар ма? –Жоқ. Қаншасы ресми, қаншасы бейресми? – Жоқ. Егер сенде ешқандай статистика жоқ болса, онда бизнесті қолдауға қатысты ұсыныс білдіру, көмек көрсету туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?  

Оның үстіне, әр мемлекеттік органның дерегі әртүрлі. Мәселен, ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі бойынша, Алматыда 1208 азық-түлік дүкені тіркелген, соны ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 821. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне көз жүгіртсек, ол бойынша қалада 763 дүкен жұмыс істейді. Ал 2ГИС-ке қарасақ, ол 3383 дүкенді көрсетіп тұр. Осыдан нақты цифр қандай екенін қалай  анықтайсың?

IMG_8711.jpg

– Яғни, не істеу керектігін сөз қылардан бұрын, бізге не болып жатқанын түсіну керек пе?  

Иә, мәселе сонда ғой, біз нақты қандай жағдайдың қалыптасып тұрғанын білмейміз. Мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыру үшін нақты дерек жоқ. Қазіргі ШОБ-қа қатысты статистикалық деректер өзектілігін жоғалтқан, оларды қайта жаңарту керек.  

Біз электронды форматтағы бірыңғай деректер қорын құрайық деген ұсыныс тастадық. Егер қандайда-бір аудан әкімдігі шағын және орта бизнес саласындағы алдыңғы қатарлы 5 кәсіпорнын білмесе, сол бестікті, ондықты анықтайық, жалпы саны 5-10 аспайтын негізі көрсеткіштерді айқындайық. Осының бәрін анықтаған соң, ол Мемлекеттік кірістер комитетінің, Статистика комитетінің, Сәулет басқармасының деректерімен сәйкестенуі үшін қандай электронды платформада жүзеге асырған  тиімді болатынын ұққан жөн.  

Осыны толық іске асырғаннан кейін, түгендеп-хаттап, бас-басына санап, анықтаған соң, бәрін негізгі көрсеткіштер бойынша базаға енгізу керек. Бұл әрі қарайғы жұмыстың іргетасына айналмақ. Әкімдер бизнес тұрғысынан КРІ-ды өзгертіп отыруы тиіс: ТОП-бестік немесе топ-10 бойынша көрсеткіштер қалай өзгеруде? Мәселен, ресми жұмыс істейтіндердің саны бойынша. Тек сауда-саттық саласында 1 миллионнан аса адам әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілмей жатса, неге бұны қолға алмаймыз?Билік төменнен, аудан әкімдерінен бастап, жоғары қарай өзгеруі тиіс деген ойдамыз. Әр аудан әкімінің қолында аймақтың даму жоспары бар – бұл ресми құжат. Онда басымдық берілетін салалар бекітілген. Бүкіл қаражат пен күш-қуат  біріншіден: басымдық берілген саланың жағдайы қандай екенін нақты түсінуге – салығы не болып жатыр, жұмыс күші қаншалықты, материалдық-техникалық базасы қандай және т.б., екіншіден: қандай да бір мемлекеттік қолдау көрсетуге жұмсалуы тиіс.  Негізінен бұл әр әкімнің үстелінде жататын кітапқа айналуы керек.  Әр әкімге 1-5 жылдан соң бастамашыл, білімді жастардың жаңа толқыны келген кезде, олардың өзін көрсетуіне жағдай жасалуы үшін шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етуі міндеттелуі тиіс.  

– Сіздің орта және шағын бизнес мәселесімен айналысып жүргеніңізге 15 жылдан асты, бірақ әркім көрпені өз жағына тартатын сыңайлы.  ШОБ жағдайының жақсаратын түрі бар ма? Туннель түбінен сәуле көріне ме? 

–  Бұл сәуле әрдайым бар, бола бермек. Жалпы, шағын бизнес өміршең. Ал оның бәсекеге қабілетті бола түсуіне ықпал ететін үлкен әлеуетін пайдалану – басқа мәселе.  

ШОБ-тің жалпы ішкі өнімнің шамамен 50 пайызын құрауы – әлемдік тәжірибе. Өйткені, орта және шағын бизнестен бөлек ешкім жұмыс орнын көп аша алмайды. Шағын және орта бизнестің дамуы моноқалалар мен алыс аудандар мәселесін шешеді. Сол үшін ең алдымен әкімдердің жұмыс тәсілін өзгерту керек, өйткені кәсіпкерлерге жағдай жасалуына ең бірінші солар жауапты.  

Сондай-ақ оқыңыз