KEGOC: IPO-дан кейінгі үш жыл

Опубликовано
Редактор отдела "Инвестиции"
IPO
IPO нарығына орналастырылғалы бері акция құны 2,92 есе өсті

KEGOC компаниясы 2014 жылдың аяғында ресми түрде IPO нарығына шыққан еді. Акциялардың алғашқы орналастырылуы біршама табысты болды: кейінгі үш жылда акционерлік қоғам акцияларының құны 3 есеге дейін өсті. Осы уақыт аралығында компанияның өзі қалай дамығанын Kursiv.kz анықтап көрді.

 «KEGOC» АҚ – Қазақстанның біртұтас электрэнергетикалық жүйесінің бірегей операторы. Ұлттық электр желісі электр энергиясын тікелей Ұлттық электр желісіне  жеткізу кестесіне иеленетін энергия өндірушілерден оны осы желіге қосылған арнайы тұтынушыларға көтерме бағамен жеткізеді.

2014 жылдың аяғында компания отандық қаржы нарығына шығатыны туралы ресми түрде мәлімдеді. Компания акцияларының он пайыздық пакетін (минус компанияның бір акциясы) орналастыру туралы шешім шығарылған, әрқайсысы 505 теңге тұратын қарапайым акциялардың жалпы құны 25,9 миллион теңгені құрады.  

«Халықтық IPO»  нәжижесі бойынша, «KEGOC» АҚ-ның акцияларын сатып алуға берілген өтінімдердің саны – 41 997 дананы, жалпы сомасы 16,68 млрд теңгені құраған. Ал орналастырылатын акция құнының жоғарғы шегі 13,13 млдр теңге төңірегінде белгіленген еді. Осылайша сұраныс ұсыныстан 27 пайызға асып түсті.  

Бағалы қағаздарды алғаш орналастырған кезде, акционерлік қоғам активтерінің құны 549,93 млрд теңгені құраса, кейінгі үш жылда көрсеткіштер 14,4 пайызға артты. 2018 жылдың 30-маусымындағы жағдай бойынша, компания активтері 640,4 млрд теңге болса, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорын активінің теңгерімі 1,82 пайызға көбейді.  

Компания кірісі де қарқынды өсім көрсетуде. Мәселен, 2014 жылдың қорытындысы бойынша, KEGOC-тың жиынтық табысы 93,52 млрд теңге төңірегінде болса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіштің жылдық орташа өсімі 17,7 пайызды құрады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, компания 152,38 млрд теңге табыс тапты. Ал осы жылдың 6 айындағы көрсеткіштерге көз жіберсек, акционерлік қоғамның кірісі 87,02 млрд теңгені құрағанын және оның былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 17 пайызға артық екенін байқаймыз.  

Компанияның қаржылық көрсеткіштері қарқынды өсім көрсетіп келеді, айталық, 2014 жылдың қорытындысы бойынша, компания 8,62 млрд теңге шамасында табыс тапса, әр акция бойынша кіріс 39,09 теңгені құрады.  Ал 2015 жылы ұлттық валюта құнсыздануы салдарынан курстың жағымсыз айырмасының қалыптасуына байланысты, компания теріс қаржылық нәтиже көрсетті. Соған қарамастан, 2017 жылы компания 32,88 млрд теңге көлемінде табыс тауып, бұл көрсеткіш 3 жыл бұрынғы нәтижеден 3,8 есе асып түсіп, сәйкесінше, акция бойынша кіріс 126,47 теңгеге дейін өсті.  

Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары бойынша компанияның 2018 жылдың бірінші жарты жылдығындағы таза кірісі 26,17 млрд теңгені құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңіндегі нәтижеден 45,6 пайызға артық. Осы жарты жылдықта акция бойынша пайдасы 100,66 теңге болды.  

Сонымен қатар, компанияның табыстылығы да артып келеді, «KEGOC» АҚ-ның 2016 жылғы EBIT яғни, барлық салық пен пайыздарды шегергенге дейінгі  көрсеткіші 27 пайызды құраса, 2017 жылы ол 33 пайызға дейін өсті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша акционерлік қоғамның табыстылық деңгейі 40 пайыз көлемінде тұрақтаған. 

Кірістің артуы компания акциялары иелерін үлеспайда, дивидендтік табыспен қамтамасыз етеді. Осылайша KEGOC жырты жылда бір рет үлеспайда ретінде таза пайданың 70 пайызын тұрақты төлеп тұр. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері дивиденд көлемі орта есеппен жылына 58 пайызға өсіп келеді. Айталық, 2016 жылы әр акцияның үлеспайдасы 53,06 теңгені құраса, ал 2017 жылы әр акция үшін 88,53 теңге төленген.  

Жалпы алғанда, «Халықтық IPO» бойынша, инвесторларға төленген үлеспайдалық төлемнің көлемі бүгінге дейін 4,79 млрд теңгені құрады. Сарапшылардың болжамы бойынша, алғашқы жартыжылдық бойынша компания үлеспайда көлемін 75 пайызға көбейтіп, әр акцияға 70 теңгеден төлей алады. Былтыр әр акцияға 40,13 теңге төлеген еді.  

Акция иелері тек компания пайдасынан ғана емес, құнды қағаздар бағасының өсуінен де табыс таба алды. Мәселен, акцияларды алғашқы жария орналастыру кезінде «KEGOC» АҚ әр акциясының кесімді бағасы Қазақстан қор биржасының дерегі бойынша, 505 теңгені құраған. Теңгелік активтерге инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Қазіргі кезде құнды қағаз 1 470 теңге айналасында саудаланып жатыр. Яғни, акциялардың кірістілігі, үлеспайданы есептемегеннің өзінде, 192% жетті. Отандық қор нарығына бағалы қағаздарда алғашқы орналастырудың басқа ешбір мысалы дәл осындай кіріс деңгейін көрсетпеген еді. Компания акциялары бүгін де жақсы көтеріліп келеді. 2017 жылы KEGOC акцияларының құны 20 пайызға артса, жыл басынан бері акция бағасы 5,8 пайызға қымбаттады.

Инфографика.jpg

Читайте также