Brexit мерзімі 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін шегерілді

Жарияланды
Алайда Ұлыбритания премьер-министрі бұндай шешім британ демократиясына нұқсан келтіреді деп есептейді

Ұлыбританияның Премьер-министрі Борис Джонсон Brexit мерзімін 2020 жылғы 31-қаңтарға дейін ұзартуға Лондон атынан ресми келісім берді, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.

Алайда ол мұндай шешім «британ демократиясы мен еуропалық достармен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіреді» деп пайымдайды. Осы орайда, премьер Британ үкіметі мен Брюссель қол жеткізген Brexit туралы келісімді Парламенттің тезірек мақұлдағанын қалайтынын айтып өтті.
Борис Джонсон британ үкіметі сайтында жарияланған үндеуде:

«Өкінішке қарай, бұл парламенттің бәрін кейінге қалдыруға мүмкіндігі болып тұрған кезде, оны ешқашан жүзеге асырмай ма деп қауіптенемін.  Сондықтан мен бұл мәселені біздің конституциялық талаптарымызға сай шеше алатын парламенттің жаңа құрамының сайлануына кепілдік беретін желтоқсандағы сайлауды асыға күтіп жүрмін», – деп жазған. 

Сондай-ақ ол Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания жақын арада «осы қиын кезеңді артта қалдыратынына» үмітті екенін жекізді. 

Ал ЕО елдерінің басшылары Ұлыбританияның Brexit мерзімін 31-қазаннан 2020 жылғы 31-қаңтарға дейін шегеру туралы өтінішіне өз келісімдерін берген. Тусктың айтуынша, бұл жерде сөз ЕО-дан шығудың «икемді» тәсілі туралы болып тұр. Яғни, Джонсон осы мәселе бойынша парламентпен тез арада келісімге келген жағдайда, мемлекет ЕуроОдақтан 2020 жылғы 31-қаңтарға дейін шыға алады дегенді білдіреді. 

Бұған дейін британ парламентінің қауым палатасы дүйсенбі күні Джонсонның 12-желтоқсанда мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысына қатысты дауыс беретіні хабарланған еді.

Джонсон мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысын өткен сейсенбіде  қауым палатасы Үкіметтің Brexit туралы келісімді ратификациялау мәселесін қарастыруды үш күн ішінде аяқтау туралы ұсынысынан бас тартқаннан кейін айтқан еді. Бұл парламенттің келісімді ратификациялауы ұзаққа созылып, бұған дейін жоспарланғандай,  Ұлыбританияның 2019 жылғы 31-қазанда  ЕО-дан шыға алатынына кепілдік жоқ екенін білдірді. Нәтижесінде, Джонсон парламенттің қысымымен Брюссельден Ұлыбританияның ЕуроОдақтан шығу мерзімін 2020 жылғы 31қаңтарға дейін кейінге қалдыруын сұрауға мәжбүр болды. 

Сондай-ақ оқыңыз