Орталық Азия елдері шекара мәселесін шешсе де, бас біріктіруге дайын емес

Опубликовано
Интеграция туралы дөңгелек үстелде сарапшылар не айтты?

XVI Еуразиялық медиафорумның бірінші жұмыс күнінде Орталық Азия елдері интеграциясы мәселесін талқылаған дөңгелек үстел отырысында шетелдік сарапшылардың жасаған мәлімдемелері сенсанцияға тартып тұр деп тұжырымдайды «Курсивтің» арнайы тілшісі Анатолий Иванов-Вайскопф.

Орталық Азия елдері үшін өте өзекті тақырыпты талқылауға қатысады деген спикерлердің ішінде тек Қытай өкілі келмеді. ҚХР-дің Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институты директоры, профессор Чжуанчжи Сунь белгісіз себептерге байланысты дөңгелек үстел басынан табылмады. Дегенмен, Еуразиялық медиафорумның бірінші отырысына қатысатын өзге спикерлер мәртебесінің жоғарылығы пікір-таластың өте қызық өтетінінен хабар бергендей. Расымен де солай болды. Дөңгелек үстелге қатысушылардың кейбірінің пікірі ерекше болғаны соншалық, тыңдармандар таңданысын  жасыра алмады.

Тәжікстаннан келген сарапшы аймақ бойынша ең маңызды мәселелерді белгілеу кезінде-ақ ойлантарлық пікір білдірді.

«XXI  ғасырдың үшінші онжылдығына қарай Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы ұлттық мәртебеге ие болды. Аймақтағы мемлекеттердің барлығы түйткілді мәселелерін шешіп, халықаралық қатынастың толыққанды мүшесіне айналды. Осындай жағдайда бізге өзара байланыстың жаңа стратегиясын жасау қажет. Үшінші онжылдық Орталық Азия елдерінің уақыты боларына сенімдімін»,– деп батыл мәлімдеді саяси ғылымдарының докторы, Ресей-Тәжік университеті халықаралық қатынас және дипломатия кафедрасының профессоры  Хомид Саидов. 

Осы ретте Қазақстан президентінің кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин өз пікірін білдіріп өтті:

«Аймақтың күн тәртібінде тұрған басты мәселе –дәл біздің тарап, Қазақстан  ұсынған белсенді диалог үрдісін бастау. Қазақстанның  Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  былтыр астанамызда Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі өтуі бекер емес»,– деп атап өткен қазақ саясаттанушысы дәл қазіргі кезде аймақ елдері арасында тұрақты байланысты қамтамасыз ету қажеттігін ескертіп өтті.

Алайда біздің жақын көршіміздің рәсімдеу мәселесіне қатысты өз пікірі бар. Осы уақытқа дейін аймақтағы мемлекет басшыларының консультативтік кездесуін өткізу туралы бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке тиесілі деп келген. Қалай болса да, осы отырыс туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтындағы ақпаратқа еш өзгеріс енгізілмепті.

 «Солай ма»  және «мүмкін емес»…

Одан әрі тіпті қызық болды.  Дөңгелек үстелге шақырылған сарапшылардың өзара пікір-таласқа түскісі келгені шамалы сияқты әсер қалдырды. Оларға ең маңыздысы Орталық Азия мемлекеттері интеграциясы мәселесі бойынша алдын-ала дайындалған өз ұстанымдарын жеткізу болған сыңайлы.

Сарапшылар алдын-ала дайындаған пікірлерін оқыған кезде, залдан «солай ма еді?» «мүмкін емес», «кім білген» секілді сөздер естіліп жатты. Әсіресе Қырғызстан ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Шерәділ Бақтығұловтың мына сөзінен соң зал біраз гуілдеп кетті: «Орталық Азия ешқашан қарулы әскери қақтығыс болмаған посткеңестік аймақ екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл азаматтық соғыс, қарулы қақтығыс болмаған бірден-бір аймақ, ең бейбіт жер», – деп атап өткен қырғыз сарапшысы залдың Ош пен Тәжікстандағы оқиғалар туралы айқайламаса да,  ақырындап айқанын елемегендей кейіп танытты.  Несіне таң қаламыз, жоғарыда аты аталған тәжік сарапшысы Хомид Саидов Орталық Азия елдерінің әрқайсысын ерекше сипаттағаны соншалық, залдың алдыңғы қатарында отырған Алматы мен Ташкент, Бішкектен келген саясаттанушылар  ыңғайсызданып, жөткіріне бастады.

«Орталық Азия аймағына ортақ жоба жасауымыз керек. Бірақ әңгіме  қандай да бір интеграция туралы болып жатқан жоқ. Біз бұған дейін де интеграцияны қолға алғанбыз. Ол жүзеге аспады. Оны өз қолымызбен таратып тындық. Ал қазір ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында әр мемлекеттің өзінше дамуына үлкен мүмкіндік туып тұр. Қазақстан – аймақтағы алдыңғы қатарлы елдің бірі. Өзбекстан – үлкен мүмкіндіктерге ие мемлекет. Түрікменстанның халықаралық мәртебесі өте жоғары. Демократиялық бағыттағы өзгерістері көп Қырғызстанның жағымды имиджі қалыптасқан. Ал Тәжікстанның гидроэнергетикалық ресурсы орасан»,– деп атап өткен тәжік сарапшысы қазір интеграция туралы бастама көтерудің қажеті жоқ, тек екіжақты және көпқырлы форматтағы ынтымақтастықты арттыру туралы айтуға болады деп тұжырымдады.

Ташкентке интеграция қызық емес

Бірақ бар қызық бұнымен бітпеді. Өзбекстан өкілінің халықаралық деңгейде алғаш рет Ислам Кәрімов басқарған кезеңдегі мемлекет жіберген қателіктерін мойындағаны осы шығар, сәрі.  Бұл сенсациялық мәлімдеменің авторы Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар департаменті ақпараттық-талдау орталығының бөлім меңгерушісі Мурад Узаков: «Біздің Президентіміз, құрметті  Шавкат Миромонұлы Мирзиеев сыртқы саясаттағы басым бағыт ретінде  Орталық Азияны белгіледі. Бұл ақылға салынған, сараланған шешім болды, өйткені КСРО ыдырағаннан кейінгі 20 жылда саяси амбициялар, расында, Орталық Азия елдерімен өзара ынтымақтастықты тежеп тұрған еді».

Осы сөздерден кейін зал біраз тыншып қалды, бұл заңды да еді, өйткені Өзбекстанның ұстанымы Орталық Азия аймағындағы интеграциялық үдерістердің бағыт-бағдарын айқындайтыны анық. Мәселен, Мурад Узаковтың келесі сөзінен ресми Ташкенттің интеграцияға  мүлдем ұмтылмайтынын байқамыз. «Өзбекстан «интеграция» деген сөзді мүлдем қолданбайды. Біз барлық тараптар үшін пайдалы болатын ынтымақтастық, өзара әріптестік жөнінде сөз қозғағанды жөн көреміз. Себебі интеграция дегеніміз – барлық өкілеттілікті ұлттың үстінен қарайтын институттарға беру деген сөз», – деген  ташкенттік  сарапшы, Өзбекстан қазірдің өзінде аймақтағы  мемлекеттерді дамыту бағыттарын кешенді түрде қарастыруға мүмкіндік беретін платформа жасап жатқанын айтып өтті.

Томирис  пен ақша

Негізінде Орталық Азия елдері интеграциясы мәселесіне қатысты пікір-таласты осымен ақырындап жаба беруге болар еді. Оның үстіне Тәжікстанның өкілі да аңдаусызда «интеграция» деген сөздің өзі оларды қатты шошытатынын байқатып қалды. Алайда, «дөңгелек үстел» басына жиналған сарапшылардың барлығы осы өзекті мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп үлгермеген еді. Оларға осы мүмкіндік берілгені сол-ақ еді, аймақтағы интеграцияға шақырған  ерекше пікірлерді де естудің сәті түсті.

«Естеріңізге сала кетейін, қазіргі тілмен айтар болсақ, әлем бойынша алғаш рет интеграциялық бірлестік құрылған аймақта тұрмыз. Дәл осы жерде – қазіргі Қазақстанның территориясында, ол Ұлы Сақ одағы деп аталған еді. Оны Қазақстанның ұлттық батыр қызы – Томирис басқарған»,–  деген Ресейден келген сарапшы, профессор Мария Валовая әрбір дауысты дыбысты созып, әндете айтып өтті.

Оның айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері интеграциялануы керек екен, тек… оның Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында жүзеге асқаны жөн көрінеді.

Әрине, Ресейлік сарапшының ұсынысы «дөңгелек үстел» қатысушыларының бәрінің көңілінен шыға қойған жоқ. Осы орайда өзге мемлекет өкілдері Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша ұсыныстарын, Сауд Арабиясы мен БАӘ бастамасымен жүзеге асқан Парсы шығанағы елдерінің өзара ықтымақтастық тәжірибесін еске ала бастады. Ақыр аяғы Жапония мен Оңтүстік Кореаның сәтті тәжірибесін де тілге тиек етті. Енді болмағанда сарапшылар өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу үшін орындарынан қарғып тұрардай көрінді. Олардың қызу пікір-таласын АҚШ өкілдері Палатасының экс-мүшесі Курт Уэлдонның «кез-келген реформа орасан зор қаржыны қажет етеді» деген сөзі су сепкендей басты: «Америка қазір гүлденіп жатыр. Жұмыссыздық мүлдем жоқ десе болады. Бар-жоғы – 3%! Бәрі ақша тауып жатыр. Бізде байлар көп. Ең үздік технология да Америкада», – деген Курт Уэлдон ненің тиімді, ненің тиімсіз екенін тұрғындардың өздері айқындайтынын айтып өтті. Бастысы, оларға мемлекеттік құрылымдар кедергі келтірмесе болғаны.

Ең бастысы – кері шегінбеу

Бұл пікір-таластың соңғы нүктесін Ерлан Қарин қойды: «Аталмыш мәселеден үлкен үміт күтудің қажеті жоқ. Интеграция, одақ құру – дәл қазір жүзеге асу ықтималдығы өте төмен сценарий. Дегенмен, ынтымақтастық, әріптестік туралы әңгіме, әрине, керек. Бұл ретте өзімізге ақиқатын айтып, осы мәселенің қашан көтерілгенін сұрап көрелікші? Екіжақты байланыс ерекше қарқын алған соңғы үш-төрт жылда ғана. Оған дейін неміз бар еді? Оған дейін біздің шекарамыздың әр шақырымы миналанған болатын! Шекарамызда шешілмеген, соңы ауыр қақтығысқа әкеп соғуы мүмкін мәселелер көп еді», – деген Қазақстан президентінің кеңесшісі, осындай түрлі деңгейдегі кездесулер арқылы  мемлекеттердің арасындағы 4 жыл бұрынғы жағдайға кері кетпеу маңызды екенін айтып өтті.

Читайте также