Коронавирустың өршуі Қытайдың қор биржаларына да әсер етті

Жарияланды (жаңартылды )
Екі биржаның индексі 8 пайызға құлдырады

Қытайдың қор нарығындағы жаңа жылдық демалыстан кейінгі алғашқы сауда-саттық бүгін, дүйсенбі күні өтті. Сауда-саттық мәліметтері коронавирус індетінің жайылуы қор нарығына да әсер еткенін байқатады.  Shanghai Composite  және Shenzhen Component  қор биржаларының индексі 8 пайызға төмендеді, деп хабарлайды РИА Новости агенттігі. 

ҚХР құрлық бөлігінің қор биржаларында сауда-саттық Қытай жаңа жылының алдында, 23 қаңтар күні өткен еді, ал демалыс кезінде коронавирус жұқтырғандардың саны – 30 есе, осы індеттен қайтыс болғандардың қатары  20 есе артқан. 

Shanghai Composite қор биржасының негізгі индексі  таңғы 09.37-да  (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша: 7.37) 8,07%-ға арзандап,  2736,28 пунктке дейін төмендесе,  Shenzhen Component  қор биржасы 8,54%-ға төмендеген. Ал Гонконг қор биржасы 0,44 пайыз көтеріліп, 26428,05 пунктке жеткен. 

Желтоқсанның соңында қытай билігі Хубэй провинциясының Ухань қаласында шығу тегі белгісіз пневмония жайылып жатқанын хабарлады. Бұл аурудың қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі – 2019-nCoV екені анықталды.  

Айта кетейік, әлем бойынша аталмыш инфекцияны жұқтырғандардың саны 17 мыңнан асып, 360 адам қайтыс болды. 

Науқастардың басым бөлігі – Қытай азаматтары, дегенмен Ресей, АҚШ, Германия және басқа да елдерде бірнеше адамның инфекция жұқтырғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019-nCoV коронавирус инфекциясының таралуын халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай деп жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз