Қазақстан қор нарығы Кот-д’Ивуар мен Буркина-Фасоның қор нарығымен қатар тұр

Опубликовано
Бұған не себеп?

Қазақстан қор нарығы Morgan Stanley индекстер тобында MSCI Frontier Markets шекаралық нарығына жатқызылған. Бізден бөлек бұл индекстің құрамында Бангладеш, Буркина-Фасо, Хорватия, Эстония, Литва, Кот-д’Ивуар, Иордания, Кения сынды тағы 25 ел бар. Ал бұндай көршілер Ұлттық банктің көңілінен шықпатын секілді. 

«Шекарашылар»

Қазақстанның 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында құнды қағаздар нарығын дамытуға басымдық берілген. Алдағы 4 жылда Ұлттық банк аталмыш саланы реттуді жеңілдету (либерализация), институционалды инвесторлардың мүмкіндігін арттыру және инвестициялық банкинг институты үшін заңнамалық платформа қалыптастыруға ниетті. 

«Құнды қағаздар нарығын реттеушінің алдында тұрған ең басты KPI – Frontier Markets-тен Emerging Marketке (дамушы нарық – «Курсив») өту. Бұл дегеніміз, сыртқы инвесторлар Қазақстанға ақша салуға қорықпауы үшін  біздің нарықты үшін тартымды ету»,– деп түсіндірді «Сентрас Секьюритиз» АҚ басқарма төрағасы Талғат Қамаров.

Мәселе мынада, MSCI Frontier Markets-тің классикалық үлгісі бойынша,  шекаралық нарықта жалпы құны $1,5 миллиардты құрайтын кем дегенде 3 компания болуы керек. Бұл құрылымдардың сауда алаңындағы айналымы кем дегенде $776 млн-ға тең болуы тиіс. 

«Бізде бұндай көрсеткіштерге тек «Қазақмыс» сай келеді. Kaspi.kz өзінің болашақ IPO-сы үшін Лондонды таңдады және біз еркін ел болғандықтан, оларды бұл таңдауы үшін жазғыра алмаймыз», – деді атын атағысы келмеген қаржыгер. 

Егер акция нарығының капиталдануын есепке алмасақ, Қазақстан қор биржасы  MSCI Frontier Markets-тің өзге талаптарына толығымен сай: есептесу жүйесі Т+3-ке ауыстырылған, бағалы қағаздарды шетелдіктерге сатуда маңызды шектеу жоқ, валюта да еркін айналымда. 

«Дамушы нарық мәртебесін алу үшін керемет инфрақұрылым қажет, ал бізде ол жағынан ақсап тұрмыз. Сонымен қатар ыңғайлы салықтық реттеу, түсінікті және ашық ақша саясаты және қор нарығына еркін кіріп-шығу мүмкіндігі керек. Осының бәрі қалыптасқан кезде ғана шетелдік капиталды тартуға болады»,– деп пайымдайды Қамаров. 

KASE-нің қыркүйектегі баспасөз хабарламасында айтылғандай, әзірге резидент емес ойыншылардың корпоративті облигациялар нарығындағы үлесі – 0,2%, акция нарығындағы үлесі – 12,9%. Бұл ретте «Курсивтің» дереккөздері бейрезиденттердің рөлін  құнды қағаздарды шетелдік брокерлер арқылы сатып алатын қазақстандық инвесторлар ойнап жүргеніне сенімді. 

Бақылау 

Қазақстан қор нарығына шетелдік капитал қажет екені сөзсіз. Сол үшін Ұлттық банк бақылау бағытын өзгертуге бел буып, бұл «жаңалықты» әлеуметтік-экономикалық стратегияға бөлек тармақпен енгізіп қойған:«Бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасау үшін Ұлттық банк бағалы қағаздар нарығы өкілдерін қадағалау мен реттеуде  формальді тәсілден тәуекелге бағытталған тәсілге көшу шараларын қолға алады».

Айта кетейік, Қазақстан қаржы нарығындағы тәуекелге бағытталған бақылау жыл басынан бері жұмыс істегенімен, қажетті  құжаттары әлі жарияланған жоқ.
 
«Тәуекелге бағытталған бақылау қабылданғанымен, біз оны әлі сезінген жоқпыз. Бұл тәсіл тәуекелі жоғары компанияларды бақылау күшейіп, ал тұрақты көрсеткіш көрсетіп келе жатқан, ешқандай ескерту алмаған компанияларды бақылау әлсірейді дегенді білдіреді. Бақылаудың күшейіп немесе азайғанын басқалар сезінген шығар бәлкім, бірақ біз емес»,– деп пайымдайды «Сентрас Секьюритиз» басшысы.

Инвестбанкинг

Сонымен қатар, стратегияда инвестициялық банкингтің құрылатыны жайлы айтылады. Айта кетейік, біздің елде 10 жылға жуық өзін Орталық Азия аймағының инвестициялық банкі ретінде таныстырып келген Visor Capital жұмыс істеді. Ал 2016 жылы оның акционерлері ауысуымен қатар, атауы мен құрылымы Tengri Capital болып өзгерді. 

«Иә, бізде Visor Capital болатын. Инвестбанктердің негізгі қызметі – банктік емес кредиторлар мен борышкерлердің арасында қаржы делдалы болу. Банк делдалдығы сатып алу қабілетін ең қажетті және ең тиімді түрде пайдаланылатын жаққа қарай бұруға мүмкіндік береді. Біз бизнестен шықтық»,– дейді Visor Kazakhstan басқарушы серіктесі Алмаз Чукин.

Инвестбанктерді көбінесе «капиталистердің банкі» деп атайды. Бұл ұйымдар ең алдымен бизнес сатып алу немесе сатумен байланысты кеңес беру қызметін ұсынады, қосымша капитал тартуға көмектеседі, бағалы қағаздарды немесе өзге де өндірістік  қаржы құралдарын сату немесе сатып алуда делдал қызметін атқарады.
 
«Оларға бағалы қағаздар андеррайтингі, бағалы қағаздарды кепілге қойып несие беруге, бағалы қағаздардың өзімен несиелеуге рұқсат етіледі, яғни бұл – қор нарығында шоғырланған шағын банк. Бұл биржадағы үлкен ойын үшін капиталдандырылуы тиіс толыққанды институт», – деп түсіндірді Талғат Қамаров.

Ол отандық брокерлерді шартты түрде үшке бөлді: шағын құрылымдар, орташа капиталы бар компаниялар және ірі ойыншылар.
 
«Міне, соңғыларына қарапайым брокерлер мен басқарушылардан толыққанды инвестициялық банкке айналатын уақыт келді, себебі мұндай компаниялардың капиталы жеткілікті», – деп есептейді Қамаров.

«Қазақстанда бұл нарықтың негізі бар», – дейді Сбербанктің тәуелсіз директоры Ульф Вокурка, – Halyk Finance немесе «Фридом Финанс»  секілді құрылымдар «инвестициялық банк» анықтамасына сәйкес келеді. Ондай өзгеріс нарыққа оң әсер етеді деген ойдамын. Сондай-ақ, дәл солар үшін қадағалау мен есепке алудың белгілі бір режимі әзірленіп, енгізілуі мүмкін».

Ал KASE не дейді?

Қазақстан қор биржасы акцияларының 49%-ы Ұлттық Банкке тиесілі,  сондай-ақ ол отандық сауда алаңын реттеумен айналысады. Сондықтан болар бәлкім, KASE өкілдері қадағалау органы туралы қандай да бір түсініктеме беруден әрдайым бас тартады. Бірақ биржада да әрекетшіл жандар  жұмыс істейді, осыдан бір жыл бұрын олар нарықты дамыту туралы өз идеяларын ұсынған еді.

«Біз нарықтағы өтімділік өсімін ынталандырғымыз келеді. Кейбір пруденциялық нормативтердің сәл-пәл жеңілдегенін қалаймыз. Мысалы, сақтандыру компаниялары бағалы қағаздарды рейтингісін-ақ сатып алса. Жалпы, пруденциалдық реттеуді құралдардың рейтингінен ажыратса жақсы болар еді. Дегенмен оның тәуекелі жоғары болғандықтан, мұны ақырындап іске асыру керек»,– дейді KASE басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.
 

Читайте также