Қазақстан биыл қорғаныс шығынын азайтады

Жарияланды (жаңартылды )
Есесіне, 2021-2022 жылдары бөлінетін қаржы қайта көбейеді

Қазақстан биыл қорғаныс шығындарын сәл-пәл қысқартады. «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, қорғаныс шығындары 2020 жылы 681,8 млрд теңгені, 2021 жылы – 761,6 млрд, 2022 жылы – 789,7 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Finprom.kz.

Былтыр республикалық бюджеттен қорғаныс саласына 738,7 млрд теңге бөлініп, шығын 36,3%-ға өскен. 2019 жылы соңғы 5 жылда ең көп  қаржы бөлінгені байқалады. Мемлекеттік бюджеттен қорғаныс саласына жұмсалған қаржы 2018 жылы 4,8 пайызды құраса, 2019 жылы 5,5 пайызға жеткен.

расходы на оборону-1.png

Сонымен қатар, аталмыш секторға тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. 2019 жылы мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына құйылған негізгі инвестиция алдыңғы жылмен салыстырғанда, 8,6 пайызға өсіп, 58,9 млрд теңгені құраған. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 54,3 млрд теңге болған.

Аймақ бойынша қарастырсақ, мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына салынған инвестиция көлемі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр: 22,9 млрд теңге немесе осы салаға салынған инвестицияның 38,9 пайызы  тиесілі. Екінші және үшінші орында  – Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы.

Үздік бестікке Қарағанды және Алматы облыстары да кірген, бұл облыстарда аталған салаларға құйылған инвестиция 5,7 және 4,9 млрд теңгені құраған. Бұл облыстарда мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына бағытталған инвестицияның 79 пайызы шоғырланған.

расходы на оборону-2.png

Сондай-ақ оқыңыз