Қаржы министрлігі – жемқорлық жайлаған ведомствоның бірі

Жарияланды
Осы салада жемқорлықпен ұсталған 108 лауазымды тұлға сотталыпты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров брифинг барысында Қаржы министрлігі жүйесінде жасалған жемқорлық қылмыстарының статистикасын келтіріп өтті. 

«Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісіне 383 қылмыстық іс келіп түссе, оның 202-і сотқа жіберілді және 92 адам сотталды.Осы қылмыстық істерден  2,5 млрд теңге шығын келіп, қазіргі уақытта соның 2 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды», –деді Биғайдаров.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі –жемқорлық кеңінен жайлаған мекемелердің бірі. Ондағы сыбайлас жемқорлықтың басым бөлігі тендер бөлу, заңсыз шарт жасау, орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қоюмен байланысты.

«Жалпы, статистикалық деректерге сүйенсек, 2017- 2019 жыл аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде Қаржы министрлігі жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 318 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Оның ішінде, 244 қылмыстық істің өндірісі аяқталған. Түрлі жемқорлық қылмыс жасаған 108 лауазымды тұлға сотталды», — деді Биғайдаров.

Жемқорлық фактілерінің жартысына жуығы салық органдары қызметкерлеріне тиесілі. Сонымен қатар, кеден қызметкерлері де жемқорлыққа көп жол береді. 

«Жалпы, талдау нәтижелері бойынша, Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлері жасаған жемқорлық қылмыстардың ең көп таралған түрлері: парақорлық, алаяқтық, өз лауазымын асыра пайдалану»,– деп толықтырды тергеуші.

Сондай-ақ оқыңыз