Қаржы министрлігі Kaspi аударымдарына салық салуды жоспарлап отырған жоқ

Жарияланды (жаңартылды )
Әлихан Смайылов халықтың қолма қол ақшасыз аударымдарына қатысты пікір білдірді

Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов Kaspi аударымдарына салық салу жоспарланып отырмағандығын айтты. Оның айтуынша, тұрғындардың алаңдаушылығына ешқандай негіз жоқ.

«Әлбетте, ҚР қаржы министрлігі қолма қол ақшасыз жасалатын аударымдардың артуы көлеңкелі экономиканың төмендеуіне әсер ететінін жақсы түсінеді. Осы орайда, атап айтқым келетіні, қаржы министрлігі осындай аударымдардан қандай да бір қосымша төлем немесе салық алуды көздеп отырған жоқ, ол аз болса, жеке тұлғалардың қолма қол ақшасыз жасалған ауларымдарын тексеруді де жоспарлап отырған жоқ. Қайта, біз банктермен бірлесе отырып, қолма қол ақшасыз жасалатын аударымдардың ыңғайлы әрі заманауи инфрақұрылымын жасау бойынша жұмыс істейтін боламыз», – деді ол.

Әлихан Смайылов кәсіпкерлік қызметтің ашық болу керек екендігін атап өтті. Атап айтқанда, кәсіпкерлер заңнамаға сәйкес, фискальды чек беруге міндетті, ал 2020 жылғы 1-қаңтардан – кассалық-бақылау машиналарын пайдалануға.

«Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану кәсіпкерлерді осы міндеттемелерді орындаудан босатпайды. Чектың болуы тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін маңызды. Қаржы министрлігі өз бизнесінде жылдам аударымдар жүйесін пайдаланатын кәсіпкерлердің табыстарын әкімшіліктендіру мәселесін қарастыруда. Мәселен, онлайн кассалық-бақылау жүйесін және салық есептілігін толтырудың және жіберудің автоматтандырылған қызметі бар POS-терминалдарды біріктіру арқылы. Мұндай пилоттық жоба келесі жылы Kaspi банкпен бірлесіп жүзеге асырылатын болады», – деді сөзін нақтылай түскен ол.

Естеріңізге салсақ, өткен аптада қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов сенат қалтарысында, егер адамдар жасалған аударымдардан табыс табатын болса, онда төлем аударымы түріндегі электрондық нұсқадағы барлық процедураларға салық салыну керек деген болатын.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев қаржы министрлігінің жоспарларына қатысты пікір білдіре отырып, мұндай шаралардың көлеңкелі экономика үлесін төмендетуге бағытталатынын алға тартқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз