Экономистер несие ставкасын 6 пайызға төмендетуді ұсынды

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Сонымен қатар, сарапшылар теңге бағамы болжамды болуы тиіс деп тұжырымдайды

Стратегиялық бастамалар орталығының бас серіктесі Олжас Құдайбергенов ұлттық валюта курсы халық пен бизнес үшін болжамды болуы тиіс деп тұжырымдайды.

«Жалпы, ұзақмерзімді несие өсіміне басымдық берген жөн. Бізде өмірі валюта бағамы түйткіл болып тұрады.  Теңге курсын ұзақ уақыт тұрақты ұстап тұру қиын, бір жағынан халық пен кәсіпкерлерді белгісіздік жағдайда ұстап отыру  экономикалық өсімді тежейді. Сондықтан теңге құнсызданған күннің өзінде, оның болжамды шегі белгіленуі керек. Жалпы, нарықтағы несие ставкасын 6-7 пайызға төмендетуге бағытталған кешенді шараларды қолға алу қажет»,– деді экономист стратегиялық бастамалар форумында.  

Оның айтуынша,  орталық әзірлеген жаңа экономикалық саясат Қазақстанда ұзақ мерзімді несие көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бірақ ең алдымен проблемалық несиелердің барлығын қайта құрылымдау қажет. Қазіргі кезде банк секторы түбегейлі тексеріліп жатыр, тексеріс нәтижесінде саладағы нақты түйкілдердің бәрі анықталады. Содан кейін қайтарымсыз несиенің бәрін қайта құрылымдап,  банк секторын тазалау қажет. 2007 жылы ішкі жалпы өнімдегі несие көлемі 57 пайызды құраған, біз осы көрсеткішке қол жеткізе аламыз. Алайда бұрынғы қателіктерді қайталамас үшін, алып-сатуға қарсы шараларды қолға алу керек»,– деді О.Құдайбергенов.

Сондай-ақ оқыңыз