Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 1,5 есе өседі

Жарияланды
Дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көбейеді

2020 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 1,5 есе өседі. 500 млрд теңге МӘМС есебінен түсуі тиіс. Бұл туралы үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып өтті.

Министрдің сөзіне сүйенсек, алдын ала болжам бойынша, ел тұрғындарының 88,1 пайызы сақтандырылған. Соның ішінде, 10 миллион адам жеңілдікке ие категорияға кірсе, 5,4 млн – жалдамалы қызметкерлер, 0,7 млн – жеке кәсіпкерлер, 0,2 млн халық бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болса, қалған 15 пайыз халық өз бетінше төлем жасап, медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысына айнала алады.

«Осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, 2,1 млн адамның әлеуметтік мәртебесі айқындалды. Енді 600 мыңға жуық тұрғынның, оның ішінде, шетелге көшіп кеткендері де бар, солардың статусын нақтылау қалды. Бұл істі ІІМ, Әділет министрлігі мен жергілікті әкімдіктер жыл соңына дейін толық бітіруі тиіс», – деді Е.Біртанов.

Сонымен қатар, министр техникалық тұрғыдағы дайындықты пысықтау нәтижесінде, медициналық қызмет ұсынатын мекемелердің 5,98 пайызында медициналық ақпараттық жүйе орнатылмағаны анықталғанын айтып өтті. Мәселен, қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйелердің 8,38 пайызы министрлік пен Сақтандыру қорының ақпараттық жүйелерімен біріктірілмеген.

«Аймақтардағы басшыларға бұл жұмысты 1-желтоқсанға дейін бітіру керектігін ескертеміз. Әйтпесе, тұрғындар медициналық көмек алуда қиындыққа тап болуы мүмкін», – деді Денсаулық сақтау министрі.

Жалпы, министр келтірген дерек бойынша, МӘМС енгізілуі есебінен денсаулық сақтау саласының бюджеті 2020 жылы 1,5 есе өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетеді.

Ол, өз кезегінде, медициналық көмектің басымды түрлерін қаржыландыруды айтарлықтай  көбейтуге мүмкіндік береді. Айталық, медициналық сауықтыруға бөлінетін қаржы келер жылы 7 есе өссе,  2025 жылға қарай, 11 есе артуы керек.

 «Тарифтердің өсуі медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, келер жылы дәрігерлердің жалақысы – 30 пайызға, орта медперсоналдың айлығы 20 пайызға өседі. Ал 2025 жылы, қазіргі жалақыларымен салыстырғанда, 2 есе көп алатын болады», – деп түйіндеді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ оқыңыз