«Жасыл» жобаларды қаржыландыру: Қытай тәжірибесі мен БҰҰ-ның ғаламдық жоспары

Жарияланды
Бұндай стратегияны Қазақстанда жүзеге асыруға не кедергі?

Қөрші Қытайда мемлекет банктердің «жасыл» және энерготиімділікті арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруына әкімшілік шаралармен ықпал етіп отыр.  

Қажетті қаражаттың қолжетімді болмауы – Қазақстандағы «жасыл» жобалардың жүзеге аспай, стартап күйінде қалуының негізгі себептерінің бірі. Ал жүзеге асқандарының өзі даму институттары бөлген қаржыны пайдаланады, ал банктен несие алса, оның пайыздық мөлшерлемесі міндетті түрде субсидияланады. 

Мәселен, қазіргі кезде БҰҰ Даму бағдарламасы гранттары негізінде қаржыландырылатын «Төмен көміртекті дамуға төзімді қала» бағдарламасы аясында энерготиімділік пен қуат үнемдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесін 10 пайызға арзандату үшін субсидия бөлінеді. Іс жүзінде инвесторлар банктердің қалыпты шарттары негізінде энергия тиімділігін арттыру жобаларына, әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мен тұрғын үйлердің жылу, су жүйесін жаңғырту жобаларына қатысуға құлықсыз.

БҰҰДБ энергия үнемдеу жобалары несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы 2021 жылға дейін жалғасып, осы мақсатта $3 млн бөлінеді. БҰҰДБ жобаларының Қазақстандағы үйлестірушісі Александр Белыйдың айтуынша, бұл ақшаға Қазақстанның бүкіл тұрғын үй қорын жаңғырту мүмкін емес. Энергия тиімділігін арттыру бойынша жүзеге асырылған кейстер нарықта құрал-жабрықтар мен технология сатып қана емес, оларға әрі қарай да қызмет көрсетіп, ақша табатын энергосервистік компаниялардың пайда болуына ышпал етуі қажет. 

Энергосервистік компанияның жұмыс үлгісі мынандай: тұрғын үй немесе өндірістік нысанды жаңғыртуға қазір ақша салып, кейінгі жылдары пайдалануға кететін шығынның қысқаруы есебінен қаржысын қайтарып алады.

Қазақстанда осы саладағы компаниялардың қатары көбеюі үшін, БҰҰДБ банктерге бұндай борышкерлерді жалпыға бірдей талаптар негізінде болмайтынын түсіндіріп бағуда. «Қазақстан банктері осындай жобаларға енді-енді бой үйретіп келеді және бұл жобалар бойынша шешім қабылдау үшін біршама дайындықтан өтуі қажет. Біз қазір инвесторлар мен банктер үшін осы жобаларды алға жылжытуды үйрететін тренинг өткізуге ден қойдық», – дейді БҰҰДБ үйлестірушісі.

Цинхуа университетінің «Жасыл қаржыны зерттеу» орталығының директоры Ма Джун Қытайда жасыл жобаларды несиелеу мәселесі мемлекеттік тұрғыда реттелетінін айтады: «Біздің Орталық банк тоқсан сайын банктердің «жасыл» жобаларды қаржыландыру туралы есеп беруін талап етеді. Сонымен қатар, банктер өздері қаржыландырған жобаларды жүзеге асырудың экологиялық және экономикалық әсері туралы есеп-қисабын да ұсынуға міндетті. Осылайша, олар қаржыландырған жобалардың нәтижесін тек ақша бөлу кезеңінде ғана емес, жүзеге асырылу кезеңінде де жақсы білуі тиіс».

Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде «жасыл» жобаларды қаржыландыру –банктің жай-күйін бағалайтын өлшемнің бірі: банк қаншалықты «жасыл» жобаларды қаржыландырса, оның рейтингі соғұрлым жоғары және мемлекеттен алатын қарызының пайыздық мөлшерлемесі төмен болады.

Сонымен қатар, «қоңыр» экономиканың экологияға зиянды салаларын несиелеу де реттеліп отырады.  Көміртегі шығару деңгейі жоғары секторлардың тізіміне кіргендерді қаржыландыру көлеміне де, банк портфеліндегі осындай қарыздардың үлесіне де шектеу қойылады. «Жыл сайын бұл лимит азайып келеді, ал осы талаптарға мойынсұнбағандарды айыппұл күтіп тұр, сондықтан бұл жобаларды белгіленген лимиттен асыра қаржыландырудың еш мәні жоқ. Көмір электр стансасының құрылысын қаржыландыратын банк мемлекет үшін ғана жұмыс істейтін болады», – деп түсіндіреді Джун. –Нәтижесінде банктер жасыл жобаларға өздері көңіл аударып, соларға арналған жаңа өнім әзірлейді. Шын мәнінде банктердің осы салаға тұтынушылық несие деңгейінде де бейімделуден басқа амалы жоқ. Мысалы, «жасыл» тоңазытқышқа берілген несиенің шарттары қарапайым тоңазытқыштікінен тиімдірек болуы тиіс».

Бүкіл әлем «айдаһардың» жолымен жүреді

БҰҰ 22 қыркүйек күні әлемнің 126 банкімен жауапкершілікті банкинг қағидаттарын қалыптастыратын келісімге қол қоймақ. БҰҰДБ қоршаған орта жөніндегі қаржылық бастамасының үйлестірушісі Юки Ясуи бұл құжатта жасыл қаржыландыру туралы да айтылған дейді.

«Біз жауапкершілігі жоғары банкинг мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Алғашқы қағидаттар пакетіне бүкіл әлемнің қаржы активтерінің үштен бір бөлігін шоғырландырған банктер қол қоймақ. Бұл – Қытай, Америка, Еуропа мен Азияның ірі банктерінің басын қосатын алып қауымдастық»,– деп атап өтті Ясуи. 

БҰҰДБ сарапшысының пайымдауынша, «жасыл» экономиканы қаржылай қолдауды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеткен Қытайдың үлгісі ынталандырады және «жасыл» несиелеуді дамытудың ғаламдық тәсілінің түпнегізіне айнала алады. 

Банктердің «жасыл» жаққа бет бұруын ынталандыратын шаралардың бірі – халықаралық қаржы көздеріне қол жеткізу. «АДБ  және ЕДҚБ сияқты халықаралық институттар белгілі бір елдегі банк қызметінің «жасыл» бөлігіне қызығушылық танытады, ал алдағы уақытта  халықаралық қаржыға қол жетімділік банк портфелінің «жасыл»  бөлігіне тікелей байланысты болады»,– деп түйіндейді Ясуи.

Сондай-ақ оқыңыз