Қазақстан мен Кипр қос салық салуға жол бермеу туралы келісуде

Жарияланды
Бұл шетелдік инвесторлар үшін кепіл болады

Қазақстан және Кипр үкіметтері мемлекеттердегі шетелдік инвесторларға салық салу жөніндегі құқықты әділ бөлу мүмкіндігін қарастырды. 

Тиісті нормалар «Қос салық салуды болдырмау және табысқа салынатын салықтан жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан және Кипр үкіметтерінің Конвенциясын бекіту туралы» заң жобасында қарастырылған. 

Конвенция Экономикалық әрітестік және даму ұйымының модельдік конвенциясының негізінде жасалған. Мұндай халықаралық келісімдер шетелдік инвесторлар үшін кепілдік қызметін атқарады, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы салық салу құқығын әділ бөлуге мүмкіндік жасайды. 

Қаржы министрі Әлихан Смайылов Конвенцияның екі мемлекеттің салық қызметтерінің әріптестігін нығайтуға, резиденттікті анықтайтын тәртіпті белгілеуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат екі мемлекетте бірдей пайдаланылады, сондай-ақ екі мемлекеттің құзырлы органдары арасындағы салық дауларын шешуге құқықтық негіз болады.

Сонымен қатар, құжат дивдентер, пайыздар, роялти сияқты пассивті табыстар бойынша шекті ставкаларды белгілейді (дивидендтер – 5% немесе 15%, пайыздар – 10%, роялти – 10%).

Қаржы министрлігінің басшысы атап өткендей, екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы он жылда $440 млн құраған. 2016 жылы жалпы тауар айналымы бар-жоғы $7 млн құрапты. Ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстан мен Кипр арасындағы өзара сауда көлемі елеулі түрде өсіп, $30 млн жеткен, оның ішінде, экспорт – $28 млн, импорт – $2 млн. Тауар айналымының артуы қазақстандық мұнай өнімдері экспортының өсуіне байланысты орын алған. Қазақстандық экспорттың негізгі баптары көмір, мұнай және азық-түлік тауарлары болып табылады. Импорт құрылымында фармацевттік және тағамдық өнімдер, парфюмериялық, косметикалық және және дәріханалық құралдар басымдыққа ие болған.

 

Сондай-ақ оқыңыз